Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогы жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борышын атқарды. Алайда, АЭС сепкен ажал уынан халық құтыла алды ма? Осы жайында Павлодар облысындағы "Чернобль одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виктор Деймундпен әңгімелестік.
– Чернобльдағы жарылысты бәрі біледі. Жазылып та, айтылып та жүр. Жарылыстан кейін тазалау жұмыстары қалай жүрді? Сіз қай аралықта қызмет еттіңіз?
– Жарылыс сәуір айында болса, ол жаққа 5 айдан кейін бардым. 1987 жылдың мамыр айына дейін сонда залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Бұл іспен ортаазиялық әскери округтің №20 040 деген арнайы химиялық қорғаныс полкі айналысты. Олар сол кезде қазіргі Нұр-Сұлтанның түбіндегі Вечеславкада орналасқан еді. Апаттан кейін мамыр айында полк аяқасты Волын облысы Хойлин ауданы Новоселкин ауылына көшірілді. Онда да ауыл ішіне емес, маңына орналасты. Оның бір жағы қалың орман, ал жазығына бүкіл полк тұрақтады. Мұнда бәрі тез жиналмалы мүліктен жасақталған. Біз бірінші құрамның орнына ауысып келгенбіз.
– Әскер құрамы кімдерден құралып еді?
– Өзім запастағы офицермін. Ол кезде офицерлер – Павлодар облысы, Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жинақтайтын. Ал сарбаздар Тәжікстан, Қырғызстан мен Шығыс Қазақстан облысынан келетін. Жалпы саны 1200-дей адам болдық. Арасында кадрлық әскерилер болды, оған командирлер кірді.
– Сіздер ол жақта не істедіңіздер? Міндеттеріңізге не кірді?
– Алғашқы екі күнде радиациясы күшті жерде не істеу керегін көрсетті. Содан біз Валын облысындағы радиациядан зардап шеккендерді дезинфекцияладық. Қарашада 60 адамнан тұратын оперативті топ құрылды. Мен сол топ командирінің көмекшісі болдым. Ертеңінде тұрақтанған жерімізден Чернобльға аттандық. Сөйтіп 10 күн бойы 8 жылдық мектептің ғимаратын залалсыздандырып, артымыздан келетін жеке құрамның тұрақтайтын орнын реттедік. Полктің жеке құрамы келген соң, Припят қаласына залалсыздандыру жұмысын жүргіздік. Арасында ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшыларға орын қамтамасыз ету үшін бес қабатты ғимараттың бірнешеуін залалсыздандырдық.
Сонымен қатар Чернобльдан стансаға дейінгі жолды радиациядан тазалау біздің міндет еді. Үшінші және төртінші блокта радиация ең көп мөлшерде таралған. Төртінші энергоблок жарылғанда тікұшақпен өшірген, содан маңайға радиактив жайылған. Оны жинамаса, радиацияның уы күшейе түседі. Үшінші энергоблоктың төбесін заласыздандыру жұмысын алғаш біздің құрам жүргізді. Радиоактивті қоқыстың бәрін күрекпен тазаладық. Өз басым сол жерге 9 рет бардым. Әр барғанымда қоқысты тазалғанша 3-4 минуттай болдым. Есептесек, радиацияда 30-35 минуттай болыппын. 25 күннен кейін ең көп мөлшерде сәуле алды деген көрсеткішпен үйге қайтарылдық.
– Одан кейін ауырмадыңыз ба? Радиацияның денсаулығыңызға әсері болды ма?
– Мысалы, әскери билетімде 21 рентген деп көрсетілген. Меніңше, кем дегенде, 200 рентген алдым. Салыстырмалы түрде айтар болсам, Чернобльдағы радиацияның мөлшері бір сағатқа 30-40 кішкене рентген деп көрсетілген. Ал бізге тәулігін осы көрсеткішпен есептеді. Тіпті, солай есептегеннің өзінде бізге тәулігіне кем дегенде толыққанды бір рентген жазылуы тиіс еді. Ең қауіпті деген үшінші блоктағы радиацияның мөлшері – 300-ден 3 мыңға дейін рентген. Менің Чернобльда болған 45 күніме тым болмағанда 45 рентген деп көрсетсе де болар еді. Оның үстіне, қорғаныш киімін ең қауіпті нүктеге көтерілгенде ғана кидік.
Әрине, сол сәтте ешкім қырылмады. Жастықпен де білінбеді. Бірақ уақыт өте зардабын тарттық. Жүрек талмасы, сүйек ауруы, одан қалса, басым көпшілігі мүгедек болып қалды. Қатарластарымызды 30 жасынан бастап жерлей бастадық. Қазір өзім үшінші топтың мүгедегімен. Павлодар облысы бойынша Чернобыльға 1200-дей адам барған, қазір 260-сы ғана қалды. Мысалы, ауған соғысының ардагерлерімен құрдаспыз. Павлодар облысы бойынша оған 800 адам қатысса, оның 700-і қатарымызда жүр. Осыдан-ақ оның зардабын көруге болады. Кеңес заманында маусым сайын тегін тексеріліп, қаралатынбыз. Қазір оның бірі қалмады. Осының бір ретін таппай келеміз.