Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор Қазақстанды үш дағдарыстан құтқарып қалды
Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор Қазақстанды үш дағдарыстан құтқарып қалды
451
оқылды

Ұлттық қор Қазақстанды үш рет «қорқынышты» дағдарыстан құтқарып қалды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX cессиясында айтты.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 365 млн доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Осылайша, Орталық Азия мен Кавказда (инвестиция бойынша – автор) бірінші орында тұрмыз. Яғни әлем бізге сеніп, жұмыс істеуге келді. Ұлттық қор бізді экономикалық дағдарыстардан құтқарып келеді. Қор Қазақстанды 3 рет «қорқынышты» дағдарыстан құтқарды: Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс, 2008-2009 жылдары болған қаржы дағдарысы және өткен жылғы коронавирус пандемиясы»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол өткен жылы ұлттық экономика 3%-ға төмендегенін, қордағы қаржы тиісті жұмыстарды жүргізуге септігін тигізгенін атап өтті. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап, өзге мемлекеттердің қаржылық тәжірибесін алуға тырысты. Солардың бірі қиын-қыстау кезеңге арнап қор жинау болатын. Бұл жағынан Қазақстан Норвегия тәжірибесіне сүйенуді жөн көрді. Норвегия Ұлттық қоры да мұнайдан түскен қаржы негізінде толығады. Қазіргі таңда ол 1 трлн доллар көлемінде. 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық қор құрылды. Оның басты мақсаты – қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қаржы жинау және әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалдың ел экономикасына ықпалын шектеу. Ұлттық қорға алғашқы салым 2001 жылы «Шеврон» компаниясынан 660 млн доллар түсті. Мемлекет шикізат сату саясатын өзгертпестен Ұлттық қорға қаржы құюды да жалғастырды. Ұлттық қорға ең көп салым 2014 жылы түсті. Ол 77 млрд долларға дейін жетті. Алайда 2014 жылдың ортасынан бастап мұнай бағасының күрт төмендеді. Ресейге Батыс елдерінен салынған санкциялардың кесірі Қазақстанға да тиіп, девальвация болды. Сол кезде теңгені ұстап тұруға Ұлттық қордан млрдтаған доллар қаржы құйылды. 2014-2015 жылдары Қазақстан теңге бағамын ұстап тұруға Ұлттық қордан 28 млрд доллар қаржы жұмсады. 2015 жылы теңгеге жасалған интервенция долларды 255 теңге көлемінде ұстап тұрса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 416 теңгеге жетті. 2020 жылы дүние жүзіне кесірін тигізген коронадағдарыс әлі жалғасып жатыр. Қазақстан үшін де бұл күтпеген соққы болды. Оның үстіне 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында мұнай бағасы күрт түсіп, барреліне 22 долларды көрсетті. Бұл кезде де елді Ұлттық қор құтқарды. 2020 жылдың 5 мамырында Президент коронадағдарыспен күресуге 13 млрд доллар қаржы жұмсалғанын мәлімдеді. Оның басым бөлігі Ұлттық қордан алынды. Жыл соңына дейін тағы да 4 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, оның ішінде теңге бағамын ұстап тұруға 2020 жылы 2 млрд долларға жуық қаржы кеткен. Бұл - Ұлттық қордан бюджет тапшылығын толтыру үшін 6 жылда алынуға тиіс қаржы. 2020 жылдың желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, Ұлттық қордың толықтырылған көлемі - 58 млрд доллар. 2020 жылдың қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған бюджет тапшылығын жабу мақсатында Ұлттық қордан жасалатын трансферт көлемі туралы заңға қол қойды. Ол бойынша 2021 жылы 2 трлн 700 млрд теңге, 2022 жылы 2 трлн 400 млрд теңге, 2023 жылы 2 трлн 200 млрд теңге жұмсау көзделген. Экономистер мұның нашар үрдіс екенін айтады. Себебі, олардың пікірінше, қор ақшасы бюд­жеттің жыл сайынғы кем-кетігін жабуға емес, байлықты келесі ұрпаққа жеткізу үшін де құрылған. Алайда пандемия тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемнің эконо­микасына соққы болды. 1990 жылдардың соңы, 2000 жылдардың басы мен ортасында мұнай бағасы тұрақты өсіп отырды және ел экспор­тындағы оның үлесі 75 пайызға жетті. Егер бұлай жалғаса берсе, Қа­зақстан 2010 жылға қарай мұ­най бағасына толық тәуелді мемлекетке айналар еді. Алайда мұнайдан түскен үстеме табысты бөлек жинау қажет деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы республиканы осы тоқыраудан аман алып қалды.