Ассамблея – елдік пен бірліктің ұйытқысы
Ассамблея – елдік пен бірліктің ұйытқысы
315
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, тату­лық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. Оның жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Індет жағдайына байланысты сессия онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған Ассамблея мүшелері, Парламент депу­таттары, орталық атқарушы органдар­дың, саяси партиялардың, діни бір­лес­тік­тердің басшылары, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ҮЕҰ, ғылыми, шығар­ма­шылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Егемен елдің алғашқы қадамдары

Сессияға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Н.Назарбаев Қазақстанның көпұлтты және көпконфессионалды халқы осыдан 30 жыл бұрын өзінің дұрыс таңдауын жасады деп сөзін бастады: – Бүгінгі сессияның маңызы ерекше. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігіне 30 жыл толады. 1991 жыл еліміз үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық. Ата-бабамыздың тарихи ме­кенінде еркін өмір сүру, жаңа мем­лекет құру, оның тағдыры үшін жауап­кершілікте болу бақытын иелендік. Мұның бәрін басымыздан кешірдік, көзімізбен көрдік. Егеменді елімізде бірлікте, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудің іргетасы қа­ланды. Ол бізге тәуел­сіз мемлекетімізді неғұрлым жай­лы жағдайда құруға мүм­кін­дік берді және қазіргі Қазақстанның за­манауи келбетін қалыптастыруға қа­жет­ті қуат­ты ресурсты қамтамасыз етті, – деді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ойын былай деп сабақтады: – Біз жаңадан нарықтық экономика құрдық, іргелі реформаларды жүзеге асыр­дық. Нәтижесінде, Қазақстан әлем­дегі дамыған ең озық 50 мемлекеттің сана­тына қосылды және халықтың табыс деңгейі артты. Еліміз жаһандық ұлттар қо­ғамдастығының беделді әрі сенімді мү­шесіне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының штаб-пәтерінде біздің көк Туы­мыз желбіреп тұр. Мемлекет халықара­лық сахнада өзінің ұлттық мүддесі мен басымдықтарын жүйелі түрде қорғап келеді. Қазақстанның шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, – деді Елбасы.

Тәуелсіздік іргетасының қалануы

Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстаннан үш миллионға жуық адам кетті. Соның салдарынан аз уақыттың ішінде республикадағы халық саны 14 миллионға дейін азайды. Қазір қайтадан 19 миллион адамға жақындады. Елбасының пайымдауынша, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 миллионнан асуы тиіс. Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстану арқылы өзін бейбітсүйгіш ұлт ретінде танытты. Өз тағдыры өз қолына тиген қазақ халқы ұлттық рух пен төл тарихын қайта түлетті. Ата-баба жолымен Ұлы даланың мәдени мұраларын жандандырып, баға жетпес жауһарларымызды әлемнің назарына ұсынды. Енді көшпелі елдің рухани құндылықтары мен тарихи жәдігерлері барша адамзаттың игілігіне айналды. Ассамблея Әр заманның өзіне тән сын-ес­кертпелері болады, мемлекет соларға қарсы тұрған сайын шыңдалып, нығая түседі. Қазақстан сондай шешуші кезеңнің қарсаңында тұр. Пандемия мен жаһандық эко­номикадағы дағдарыс ықпалы күшейіп, әлемдік алпауыт мемлекеттер арасындағы геосаяси бәсеке-тартыс шиеленісе түскен. – Әлемдік геосаяси қатынас­тардың шиеленісуі мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайсыздықтарға қарсы жан-жақты ойластырылған сындарлы саясат жүргізіп отырғанына сенімдімін. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет етеді, – деді Тұңғыш Президент.

Замана лебі

30 жылдың ішінде Қазақстан жылнамасының көптеген жарқын беті жазылды. Бүгінде індеттің салдарынан бүкіл әлем экономикасы шатқаяқтап тұрған ауыр кезеңдерге қарамастан елімізде кә­сіпорындар салынып, жаңа қалалар тұрғызылып жатқанын баса айтты. «Біз кәсіпорындар салып, жаңа қала тұрғызып жатырмыз. Каспий теңізінде қазақстандық Ривьера салатын боламыз. Мың адамға ар­налып салынатын бұл бір қонақүй әлемдегі кез келген қонақүйден жақсы болады. Алдағы жылдары осындай 3 кешен салынып, қазақстандық Ривьера жасалады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттіліктің бес қағидаты

Елбасы мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатты атады: мемлекет пен халық арасындағы алғаусыз сенім мен қазақстандық патриотизм қағидаты; барша азаматтар құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің топтастырушы рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығы мен сабақтастығы қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыру қағидаты. –Алдағы күндерде жұмыс стра­тегиясын айқындаған кезде Ассамблея осы қағидаттарды бас­шы­­лыққа алуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдық даму мен ке­лісімнің пәрменді институты ре­­тінде ол жаңа жағдайға қарай өз қызметінің тиімділігін арттыруы тиіс. Ас­­самблея еліміздегі этнос­аралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге міндетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде әрбір адамның ұлты мен жынысына қарамастан бақуат өмір сүріп, еңбек етіп, болашаққа жоспар құрып отырғаны – татулық пен келісімнің арқасы. Ең бастысы, жеткен жетістіктерімізді көздің қарашығындай қорғай бі­луіміз керек. Осыны барша қазақстандықтар жете түсінгенде және қо­ғамның ортақ мүддесі үшін жұмыла білгенде ғана еліміздегі тұ­­рақ­­тылық пен бірлік нығая түс­пек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемнің барлық елінде халықты тіл біріктіретінін баса айтты. «Қазақ халқы полиэтникалық қо­ғамды шоғырландыратын интеграциялық процестердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мың­даған халықтан құралған. Бірақ оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр», – деді ол.

Елбасы ұйым басшылығынан кетті

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ту­­ралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассам­блея­­сы туралы» заңға сәйкес, Н.На­зар­­­баев­­тың Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығы бар. Сонымен бірге Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері Президент Қ.То­қаев­­тың құзырында. Елбасы құ­рылым басшылығын бір қолға шо­­ғыр­ландырған жөн деп тапса керек, Ассамблеяны бақсару құ­қын Президентке берді. – Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен оны басқару құқығын Президент Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблея­ның мүддесіне сай келіп, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Елбасы. Ассамблея Мемлекет басшысы өз кезегінде Елбасына «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды. «Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Ассамблея­­­­ның Құрметті Төрағасы болу туралы ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды өтінеміз. Бұл мәртебе шын мәнінде халықтың және мемлекеттің алдындағы тарихи еңбегіңізге байланысты сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеямен тығыз жұмыс істей беретінін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орын­­дау­ға бағытталған нақты жо­­­ба­­ларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі міндет екенін баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ел­­­ба­сы қалыптастырған қар­жылық мүмкіндіктердің қиын­-қыстау кезеңдерде халыққа зор пайдасы тигенін атап өтті. Соның арқасында Үкімет 4,5 миллионнан астам адамға материалдық көмек көрсетті. «Тұң­ғыш Пре­­­зи­­­­денттің бастамасымен «Nur ­Otan» партиясы «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырып, мұқтаж отбасылар­­­­ға материалдық көмек көрсетті. Бұл көмек көрсету шаралары әлі жал­ғасуда», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, тарихи мақсаттарға қол жеткізетінімізді атап өтті.

Ассамблея Үндеу жасады

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясына қатысушылар отырыс соңында халыққа арнаған үндеуін жариялады. «30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жет­кізгеннен бастап халқымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығы­мен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды. «Қазақстандық жол» – патриотизм жолы, тұрақтылық пен халық игілігіне бағытталған реформалар жолы ретінде әлемге танымал болды. Нә­тижесінде, Қазақстан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар, заманауи мемлекеттік құрылымы және дамыған азаматтық қоғамы бар, әлем мойындаған – қалыптасқан мемлекетке айналды» делінген үндеуде. Бұл құжатта осы 30 жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанда барша азаматтардың құқықтары мен мүдделері шынайы қорғалғаны аталып өтіледі. Сонымен қатар ХХІХ сессияға қатысушылар Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша атай отырып, Ассамблея барлық азаматтың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға белсене қатысатынын мә­лім­деді және осы іске басқаларды да қатысуға шақырды.

Дәулет АСАУ