Нұртөре Жүсіпті мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан білемін.
Ойы қағылез, қаламы жүйрік журналистің жазғандарын мерзімді баспасөз беттерінен жиі оқып, риза болатынмын. Өміріміздегі әр алуан оқиғаның табиғатын танып, жаратылысын ашуға бейім, сөз дейтін киелі де қасиетті әлемге үлкен жауапкершілікпен қарайтын осы бір «орда бұзар отызды» енді-енді ауыздықтай бастаған жас жігітпен жақсы танысуыма «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке келуім себеп болды.
Дүние дүбірден құлағы тұнып, әлем әрі-сәрі күй кешіп, еліміз жаңадан ғана тәуелсіздіктің ақжол толқынына желкенін жайған тұс...
Бас газет босағасын осындай күрмеуі қиын күрделі кезеңде аттаған жаңа редактордың алдында тұрған мәселе көп болды... Күні кеше ғана «әлемнің алтыншы бөлігі» атанған алып империяның құрамынан тағдырдың оң жазуымен қансыз, соғыссыз бөлініп шыққан Қазақстанның ақпарат кеңістігінде көзге көрінбейтін жұмбағы мол майдан жүріп жатты.
Ол жаһандану дейтін ғаламдық сипаттағы жұмырбасты пенделердің жүрегінде, ой-санасында басталған майдан еді!
Ол жаңа қоғам қалыптаса бастаған тұстағы саяси, рухани және экономикалық дербестік үшін ұмтылған елдің егемендік майданы еді!..
Жасыратыны жоқ, бұл «майданда» «қызыл империя» құрсауынан жаңа құтылған «ескімен» толық қоштасып үлгермеген, «жаңамен» әлі ұғысып, табыса қоймаған елдің ақпаратын ұстап отыру оңайға түсе қойған жоқ. Нарық әлекедей жаланып, өмірімізге ендеп ене бастаған осындай алмағайыбы мол кезеңде көзі ашық, көкірегі ояу қаламгерлердің орны айрықша еді. Қоғамның журналистиканы «төртінші билік» деп бағалағаны да осы тұста болатын. Осындай аса қиын да күрделі кезеңде қазақ баспасөзіне еліміздің ішкі жағдайы мен сыртқы геосаяси ахуалын мықты білетін тілі жүйрік, ойы қағылез, жаны таза, жүрегінің оты мол, қазақша сөйлейтін, қазақша түс көретін «көкпаршы жігіттер» – нағыз журналистер керек болды. Қазақ елінің тәуелсіздігін шынайы кәсіби журналист ретінде қорғай білетін, еліктеу мен солықтаудан ойын да, бойын да аулақ ұстайтын өз «төртінші билігімізді» қалыптастыру қажет екені күн тәртібінде тұрды. Міне... Нұртөре мен Нұртөрелердің қатары, олардың өкшебасар шәкірт-інілері ақпарат майданына осындай кезде келіп кірді. Нұртөре Жүсіп тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен қанатты қаламгерлеріміздің қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан, толықтырған сондай «төртінші биліктің» талантты өкілі бола білді. Ол өміріміздегі өткір проблемалардың қай-қайсысын да қалт жібермеді. Оның қалғу білмейтін қаламы төрткүл дүниеде болып жататын үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты оқиғалар мен өзгеріс, жаңалықтарды тез көріп, тез қорытты. Әрі қысқа, әрі нұсқа жазу үлгісін қалыптастырды. Бүгінгі ұрпақ бірін білсе, бірін білмейтін 90-жылдардың ел санасын әбігерге салған шындықтары ұмытылып бара жатқаны өкінішті, әрине... Соның бірі – нарық. Даму мен өрістеудің жаңа сатысына өткен тұстағы көп жұртқа жаратылысы түсініксіздеу «нарық», «нарықтық қатынастар» дейтін ұғымдарды түсіндіру қажет болды. Сол қажеттілікті атқару, жаңа экономикалық қарым-қатынастарды елге түсіндіру мәселесі қиынға соқты. Тұңғыш Президентіміздің сөзімен айтқанда, «осыған дейін формациялық даму реті феодализмнен – капитализмге, капитализмнен социализмге өтуді басынан кешіп келген алып кеңістік алғаш рет адамзат тарихында социализмнен капитализмге бетін кері бұрды». Жер-жерде, ауыл-ауылда сұрақ көбейді. Соның бәріне жауап беру міндеті алдан шықты. Бірте-бірте тараған шаруашылықтардың кескіні өзгерді. Жасыратыны жоқ, халық жоқшылық пен таршылықтың қорығына келіп қамалды. Экономикалық қиындықтар әлеуметтік сипат ала бастады. Қиналған ел газетке, газет арқылы мемлекет басшысына сенім артты. Ержұман Смайыл, Нұртөре Жүсіп, Мыңбай Ілес, Ербол Шаймерденов, Жанат Елшібек секілді басшылық құрамда жұмыс істеген ұлттың бас газеті осындай өмір, заман, уақыт шындығымен бетпе-бет келді. Содан шығудың жолын іздеді. Мен «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезімде Нұртөре экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарым болды. Біз сол тұста ел газеті «Егеменді» «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ету бағытында бірлесе жұмыс істедік. 1996 жылы мен Жазушылар одағына төраға болып кеттім. Нұртөре республикалық жастар басылымы «Жас Алаштың» бас редакторы қызметіне ауысты. «Жас Алашта» қызмет еткен кезеңде Нұртөренің қаламынан небір өткір дүниелер туды, өзі де газет басшысы ретінде нарық қиындықтарына шырмалған газетті аз уақыт ішінде түрлендіріп, басылым шаруасын дөңгелетіп әкетті. Шынтуайтына келгенде...Нұртөре Жүсіп тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен қанатты қаламгерлеріміздің қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан, толықтырған сондай «төртінші биліктің» талантты өкілі бола білді. Ол өміріміздегі өткір проблемалардың қай-қайсысын да қалт жібермеді.
Нұртөре Жүсіптің қаламгерлік және ұйымдастырушылық қабілеті «Егеменде» ел әлеуметі мен экономика, қаржы-қаражат мәселелерін қозғайтын «Қазақстан», «Ел» деген арнайы қосымша газеттер шығарылған тұста анық байқалған еді... Сол кезеңде оның «Оймақтай ой» деген айдар ашып, кейбір әріптестеріміз салақұлаш мақалаға арқау етер өмірлік шындықты небәрі үш-төрт сөйлемге сыйғызып, қысқа да нұсқа қалыпта жазатын еді. Экономика мәселелерін қазақы қалыпта, кеулеп, үңгіп, зерттеп, зерделеп жазатыны да маған ғана емес, әріптестеріне де, қалың оқырмандарына да ұнайтын. Сол еңбегі үшін ол Қазақстан Президентінің сыйлығын алды. Мемлекетіміздің басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұртөре Жүсіптің қаламгерлік қабілетіне жоғары баға берді. Нұртөренің айтылған басылымдардағы журналистік шебер қолтаңбасы республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне басшылыққа келгенде де айқын байқалды. Ол осы газеттің бірінші бетінде қазақ қоғамының небір күрделі, күрмеулі мәселелерін атқан оқтай, жанған шоқтай жазбаларымен көтеріп отырды. Өз кезінде қатарынан бірнеше нөмірде «Ең арзан бас қайда?», «Үйде үзілетін ұлт», «Бордай тозған борбай», «Қазақтың төрі – Қорқыттың көрі», «Өлген итті өлтіріп көрдіңіз бе?», «Қайда құймақұлақ?», «У іше аласыз ба?» деген тақырыптарының өзі айқайлап айтып тұрғанындай, ұлт намысы мен рухын қайраған өткір де өзекті мақалалар жазды. Соның қай-қайсысы болса да өмірмен өзектес, уақытпен үндес, мәні мен мағынасын жоймас үздік мақалалар. Иә... Сөз – ойдың көрінісі. Ойың анық па? Сөзің де ажарлы, әділ болады. Осы орайда бас газетте жүргенде өзім байқаған, көңіл жеткен бірер жайт есіме еріксіз түсіп отыр. Біріншісі... Нұртөренің ақиқаттан аттамайтын сөз алдындағы адалдығы. Ол «Егеменнің» бетінен ғана емес, жалпы кез келген қазақ басылымынан ел құлағын елең еткізер бір жаңа, жақсы дүние оқыса, өзі жазғандай балаша қуанып, пікірін білдіріп, ойын бөлісетін. «Аға, мынау бір ескеретін нәрсе екен...», «Мына проблемаға мән беруіміз керек!..», «Қазақтың тағдыры – біздің тағдырымыз!..», «Халық аман болса, біз аманбыз...», «Тілі жетім, ойы кедей елдің ертеңі жоқ...» секілді ойларды сол кездің өзінде көп айтатын. Және... Ретін келтіріп, әлгі «Оймақтай ойға» салып жіберетін... «Елдің көзін ашпай, тұрмыс түзелмейді...», «Халыққа өзі отырған бұтақты кескізбеуді үйретуіміз керек!» секілді сөздері есімде қалыпты... Сол тұста қатардағы қарапайым оқырманнан бастап биліктің ең жоғарғы жағына дейін жеткен «Қазақстанда аштық бола ма, жоқ па?» деген арқаны аяз қауып өткендей естілер сауалнамамыз еске түседі. Мен редактор ретінде елдің айылын жыйғызар ащы ақиқатты ашып айтуды ұсындым. Нұртөре: «Ой дұрыс. Ақиқатты айту үшін Мұрат ақынның тілімен «Қауып еткеннен айтамыз...» деген сөзімен айдар берсек», – деді. Маған ұнады. Нұртөренің тақырыбына тоқтадық. Ел намысы мен жігерін қамшылайтын біраз ащы, өткір материалдар жарық көрді. Оқырман көңілінен шықты. Екіншісі... Нұртөренің үлкенді сыйлап, кішінің қабағын таныр әділдігі, досқа адалдығы. Осының өзінен қаламгердің білімі мен білігі, парасаты мен пайымы, «ала жіп аттамас» азаматтық бітімі аңғарылады. Төркінінде ұлтымыздың ұлық қасиеттерімен қатар жалпы адамға тән адамзат баласына ортақ үлкен мәдениеттілік жатқан осынау кең мінез оның жаратылысынан ба деймін. Тура сөйлеп, ойын бүкпесіз тура айтуы да сол азаматтығы мен мәдениеттілігінен бастау алып жатқаны күмәнсіз. Нұртөренің бойындағы егіз қозыдай жарасқан осы бір екі қасиет оның қаламгерлік мінезін танып, тұлғалық болмысын бағалауға мүмкіндік береді. Сайып келгенде, бұл – қаламгер, қайраткер, үлкен ұйымдастырушы, көсемсөздің хас шебері, тәуелсіздік дәуірі шыңдаған тұлға туралы берік қалыптасқан көзқарасым. Нұртөре хақындағы ойларымды таразы басына қойып отырып, тілімнің ұшына қонақтай берген ендігі бір қыры – сөйлеу шешендігі. Оның бойында мұндай қасиеттің барына бұрын да сан мәрте көзім жеткен. Ойының өзгешелігі мен сөз жүйелеу, сөйлем құрау өзгешелігіне ризалық сезіммен талай қол соққан сәттерім есіме түсіп отыр. Қаламгер-әріптесіміздің мінбенің апшысын қуырып, маң даланың апай төсін кезіп келе жатқан сәйгүліктей оза шапқан сәттерінің ішінен айрықша есімде қалған біреуі жады төрінде жаңғырды. Ұлт намысына қамшы басқандай болған жылқы мен қазақтың егіздігі туралы көсіле сөйлеген, заман концепциясын арқалаған ұлтқа, ұрпаққа ой салар ауызекі, суырыпсалма сөзі, шіркін, көп болса ғой... деп едім сонда іштей. Бүгін де іні туралы сөз толғап отырып, сол сәт көз алдыма келді.Нұртөренің айтылған басылымдардағы журналистік шебер қолтаңбасы республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне басшылыққа келгенде де айқын байқалды. Ол осы газеттің бірінші бетінде қазақ қоғамының небір күрделі, күрмеулі мәселелерін атқан оқтай, жанған шоқтай жазбаларымен көтеріп отырды.
Иә... Журналист Нұртөре Жүсіптің өз және өзге де тұстастарынан ерекшеленіп тұратын бір қасиеті кез келген мәселені көркем ой, кестелі тілмен жеткізе білуімен қатар, көтерілген мәселенің шешімін көрсететін нақты ұсыныстар айта білетіні дер едім. Мәселені көтеру, жазу, айту бар да, оны қалай шешу қажетін дұрыс және дер кезінде көрсете білу деген бар. Осы жағынан келгенде журналист-публицистің қатардағы көп жазарманнан ойы да, бойы да озық тұрғанын айту керек. Бұл сөзімізге дәлел іздесеңіз, автордың «Мың құмырсқа және Біз» деген кітабын асықпай, аптықпай зер салып, зейін қойып оқыңыз. Қаламы жүйрік қаламгердің бұл публицистикалық жинағы оқыған адамын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Кітапта ұлт өмірінің кең панорамасы бар. Екі ғасыр тоғысындағы қала мен даланы қанат еткен ежелгі Алаш жұртының жаңа дәуірдегі күнгейлі, көлеңкелі мінез-құлқы, жоғалтқаны мен тапқаны, өткені мен бүгіні, асылдары мен жасықтары қатар өріледі... Бұл – арысы мен ғарышын, алысы мен жақынын безбендеген жанның жүрек соғысы екені даусыз. Уақыт алға озған сайын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойымен жеткізер болсақ, қазақ үшін тәуелсіздіктен ардақты, тәуелсіздіктен қымбат ұғым жоқ екенін сезіне түсудеміз. «Мың құмырса және Біз» дейтін кемел ой мен келелі мақсаттарға жетелейтін, әрі көркем, әрі танымдық сипатта жазылған қалың кітаптың маңызы мен мәні де тап осындай қасиетті де қастерлі ұғымды ұлтымыздың Темірқазығы етіп ұстағанында жатыр. Кітаптың өне бойынан ой-санасын ел ертеңі алаңдататын, өткеннің бай тарихы мен бағлан тұлғаларын тануға, талдауға деген перзенттік ықылас менмұндалап тұратын шығармашыл, қайраткер-қаламгердің болмыс-бітімін қапысыз танимыз. Өмір мен қоғамдық ортадағы ұлт пен ұрпақ тағдырына бейжай қарай алмайтын ақжүрек, адал, көпшіл, қоғамшыл, халықшыл Нұртөрені оның жазуынан, қаламынан туған әр сөзінен бөле-жара қарауға болмайды. Кітап пен қағаз бетінде ой толғаған Нұртөре мен өз ұстанымын жасырып-бүкпей, ашық, айқын айтатын өмірдегі, қызметтегі редактор, сенатор Нұртөре біртұтас. Осы мінезі оны достарының, әріптестерінің, ағайын-туыс, іні-шәкірттерінің арасында құрметке бөлеп келеді. Бір сөзбен айтқанда, мен білетін Нұртөре – қазіргі қазақ қоғамынан өз орнын өз мінезімен ойып алған Алаш тұлғалы азамат. Біз жаһандану заманы алып келген қиындықтар кеңістігінде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Бүгінгі алты құрлықты азап пен қайғының қорығына қамаған «ковид кезеңі» де сол жаһандану дейтін сұрапыл мінезді жұмбақ дәуірдің бір көрінісі. Құндылықтарымыз бен көпғасырлық рухани игіліктеріміздің басына қара бұлт төне бастағаны бәрімізді алаңдатады. Әрі-беріден соң әлемді «бір тізгін – бір қолда ұстауға» бағыттайтын жобаларды естігенде арқаңды аяз қауып өткендей боласың. Ұлт болмысын ұйыққа салу, ұрпақ санасын ұлттың көп ғасырлар бедерінде қалыптасқан үлгілерінен адастыру, тұма-бастауларын тұншықтыру мақсаттарында жүріп жатқан сұрапыл күреспен қаламгер, қайраткер, ұлтжанды, көсемсөзші Нұртөре де бір сәт бойын аулақтатқан емес. Ол ұлтты, ұлттың ұлы құндылықтарын көзінің қарашығындай көреді. Азаматтық ұстаным дейтін майданның алдыңғы сапынан көрініп, желдің өтінде жүреді. Нұртөре мінбеден сөйлеп, ойын ортаға салса да, өзі басқарған, қызмет еткен басылым беттерінде адам, заман хақында серпіліп, үлкенді-кішілі мақалалар жазса да дәуірдің, қоғамның, ең бастысы ұлттың тамыр соғысын дәл тауып ұстайды. Нұртөре шығармашылығы біз өмір сүріп жатқан кезеңнің кескіні мен мінезінен, сұрақ-сауалы мен жауабынан тұрады. Қарапайым өмірлік мысалдан ой қорыту, түйін түю, бір сөзбен айтқанда, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айту арқылы оқырманы мен тыңдаушысын, көрермені мен безбендеушісін ұлттық ойлау кеңістігіне жетелейді. Әдеп пен әдіп дейтін халқымызбен ес білгелі бірге жасасып келе жатқан өрелі ой өрнекті мінезді серік етіп айтады өз айтарын. Соған көз жеткізу үшін астарлы ой мен бейнелі сөзге құрылған «мың құмырсқаның тағдыры» мен «Біздің», яғни қазақ жұртының болашағын сөз ететін үш беттік мақаланы қайыра оқу артық болмас еді. Қазір өзінің бойында бар туабітті қасиеттеріңді осы жолға ақылмен, парасатпен, үлкен ұстамдылықпен бағыттаудан асқан үлгі жоқ. Күштіні әлсіздің ала алмайтыны ежелден белгілі. Бірақ күресу, сақтана жүріп, сабырға бойұсыну, намыс дейтін алмастың өткір жүзін майырып алмай, тіліңді, діліңді, дініңді, жеріңді, еліңді сақтау үшін өмір атты майданның өтінде жүру – парыз! Ұрпақты замана талабына сай тәрбиелеу парыз! Ұлтқа, ұлт тұтастығына елдік қалыбымызды бұзбауға қызмет етуден үлкен міндет жоқ! Міне... Мен білетін Нұртөре Жүсіп – қазақтың елі мен жеріне осындай өлшеммен бойында барын арнап келе жатқан қанатты сөз бен қарымды ойдың иесі!