Тағдырыма ризамын
Тағдырыма ризамын
264
оқылды

Аумалы-төкпелі заманда қазақ еліне, оның ішінде Қызылорда өңіріне тағдыр тәлкегімен қоныс аударған өзге ұлт өкілдері бүгінде бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Қызылорда облысында өзге этнос өкілдерінің үлес салмағы жалпы алғанда 4 пайызды құрайды. Сыр өңіріндегі ырысы артып, ынтымағы жарасқан мекеннің бірі  Жалағаш ауданында 15-ке жуық этнос өкіл­дерінен құралған 355 адам берекелі бірлік пен тату тірлікте өмір сүріп келеді. Ардагер ұстаз София Хайрут­динова да өзінің тағдырын Жала­ғашпен байланыстырған татар ұлты­ның қызы, қазақтың келіні. Сонау 1938 жылы Арал қаласында дүниеге келген татар қызы София Хайрутдинова Қызылорда қала­сындағы қазіргі Қорқыт Ата атындағы университетті бітіріп, химия пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Сол бір студенттік кезеңде Болат есімді қазақ жігітімен дәм-тұзы жарасып, екеуінің арасында ерекше сыйластық сезімі қалыптасады да, көп ұзамай екі жас ата-аналарының ақ батасын алып, отау құрады. – Маңдайыма қазақ жігітінің жан жары болу жазылды. Өз басым тағдырыма ризамын. Қазақтың Болат есімді азаматымен отбасын құрып, тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыз қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өсті. Ұлт болып ұйысуымыздың басты құралы – қазақ тілі болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеруді кез келген қазақстандық өзінің міндеті деп білуі керек. Қазақ халқында тіл де, тәрбие де баланың бойына ананың ақ сүтімен дариды деген түсінік бар. Ұлтына қарамай, ата-аналары қай тілде сөйлесе, балалары да соны санасына сіңіреді. Сондықтан біз үйде отбасымызбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақ­тың үйінен қонақ арылмайды. Сөйтіп жүріп, мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Сегіз баланы өмірге әкеліп, оларды өсіріп, жеткіздік. Өзім ол кезде Жалағаш ауданы орта­лығын­дағы №31 орта мектепте мұғаліммін. Сабағым­ның арасында уақыт тауып, үй жақта ойнап жүрген балаларымды сыртынан қарап кететінмін. Жолда­сым Болат та жұмыста. Ол Жала­ғаштағы «Автобаза», «Казсель­хозтехника» мекемелерінде еңбек етті. Жолдасыммен сыйласып,  жұ­мыс­тағы жауапкершілік пен от­басындағы міндетті қатар алып жүруге бар күшімді салдым. Соның нәтижесі болар, балаларымыз қазір ер жетіп, әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты, – дейді қазаққа келін болған София Шарифқызы. «Ұстаз шәкіртімен мақтанады» емес пе?! Шынында, София Шариф­қызының шәкірттері елге беделді тұлға болып қалыптасты. Айталық, Сенат депутаты болған Қожахмет Баймаханов, ғылым докторлары Нариман Табынбаев, Болатбек Баймаханов, қазақтың тұңғыш әскери кемесінің капитаны, марқұм  Болат Алтынбаев, лауазымды мемлекеттік қызметте жүрген Жазира Жылқы­шиева, Талғат Дүйсебаев және тағы басқа да Сырдың мақта­нышына айналған көптеген азамат София апайдан дәріс алған Жала­ғаштағы №31 орта мектеп түлегі. Бүгінде Қызылорда облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктің мәдени күн­дері, ұлттық мерекелері, «Нау­рыз», «Құрбан айт», «Рождество», «Сабан­туй», «Сольналь», «Остерн», «Песах», «Масленица», Пасха мере­келері атап өтіледі. Ардагер ұстаз мұны зор мақтанышпен айтып, атаулы мереке қарсаңында ақ тілегін жау­дырды. – Сыр елінде түрлі  ұлт өкілдері ынтымақтың арқасында берекелі ғұмыр кешіп отыр. 1 мамыр – халқы­мыздың бірлігі күні болып есептеледі. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны бөлек. Ендеше осы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды атаулы мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, – деді София Шарифқызы.

Н.ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы