Бресттің қорғаны – Мамиев
Бресттің қорғаны – Мамиев

1941 жылдың 22 маусымы: фашистер Брест қамалының маңында көп аялдауды жоспарламаған-ды. Бірақ бәрі ойлағандай бола бермейтіні бар. Өйткені жауға батыр­лардың қанымен тосқауыл қойған ескі цитадель барын­ша қорғанды. Соғысты алғашқылардың бірі болып қарсы алған Брест қамалының аты аңызға айналған қорғау­шыларының арасында  125-атқыштар полкінің 2-батальоны, 4 ротасының 3 взвод мергені Әбдіразақ Мамиев бар еді. Әскери және саяси дайындықтың үздігі өзінің елге қайтуы қаншалықты ұзақ әрі ауыр болатынын бұлай болжамаған. Кешке қарай етігін жалтыратып тазалаған сарбаз  Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған еді.  Мамиевке қалғаны  22 маусым таңғы сағат 10-да Брест қаласының маңынан пойызға отыру. Алайда оқиға басқаша өрбіді.

«1941 жылы 22 маусым таңғы сағат 4-те Брест қамалының бұрыш-бұрышынан мыңдаған снаряд дауысы естілді. Не болып жатқаны белгісіз еді, көптеген солдат мен командирлер қаза тапты. Басқалары жартылай жала­ңаш, қаруы бар-жоғына қарамас­тан артиллериялық атыс пен бом­ба шабуылынан жасырынады. Бар­лық жерде соғыс. Артиллерия­лық атыс пен бомба­лау күні бойы тоқтаған жоқ». Бұл – «1941 жыл. Брест қамалы. Қазақ­стан» кітабы­нан үзінді. Кі­тап авторы, тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың журна­листика факультетінің профес­соры Ләйла Ахметова 50 жылдан астам уақыттан бері әйгілі қорған­ды қорғаған отандас­тарымыз жайлы деректерді жаң­ғыртып жүр. Иә, Ләйла Сейсембекқызы ұсынған деректер көпшілікті таңдандырады. Мысалы, ол 2016 жылы 1 мамырға дейін Брест қа­ма­лын қорғаған 556 қазақстандық туралы дерек жинаған. Ал кеңес уақытында қамалды қорғаған­дардың арасында 29 отандасымыз бар екені айтылатын. Бертін келе 2020 жылы 4 мамырдағы дерек­терге сүйенсек, Брест қамалын қорғау­шылардың қатарында 632 қазақ­стан­дық бары анықталған. Оның үстіне Ресей іздеушілері гаризонды қорғаған 7 мың адам­ның мыңнан астамы отандастары­мыз екенін айқындап отыр. Ләйла Ахметова қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде жазып, Отан қорғаушылар­дың туыстарын ізде­ген. Осылайша, Брест қорғанын­дағы Мәңгілік алаудың жанына жерленген алты қазақстандықтың бірі Ыдырыс Қуренкеевтің туыс­тары табылған. Мемориалды тақ­тада оның тегі жазылған. Туыс­тарын 50-жылдар­дың соңынан бастап іздегенімен, олар ұзақ уақыттан кейін жауап берген. Өкінішке қарай, Брест қама­лын қорғаған қазақстандықтардың бірде біреуі не орден, не медаль алмаған. Бұл туралы бейбіт заман­да да мәселе көтерілген жоқ. Бірақ Брест қамалын қорғап, елі үшін қан кешкендер марапаттың ең үлкеніне, зор алғысқа лайық емес пе?!

Қаһарман қазақ полкі

125-атқыштар полкі. Профес­сор Ләйла Ахметованың айтуын­ша, 1941 жылы маусымда онда 2 239 адам болған. Полк 20%-ға толық жасақталмаған еді. Өйткені штат ережесіне сай атқыштар полкінде 3 182 адам болуы шарт. Ол өзінің тарихын 1918 жылдың мамырынан бастады. Ұлы Отан соғысының қарсаңында 125-ат­қыш­тар полкі Брест қамалы­ның аумағында орналасты. Кобрин бекінісі. Ләйла Сейсембекқызының ай­туынша, бұл полкті «қазақ» немесе «алматылық» полк деп атайды. Себебі полк құрамында қазақстан­дықтар көп болған. 125-полктің тарихы айтарлықтай зерттелді деуге болады. Мәмиев 125-атқыштар полкі – жау соқ­қысын алғаш қабылдаған­дардың бірі. Қазақ полкі жауынгерлерінің арасына 418 нөмірімен қызыл­әскер, мерген Әбдіразақ Мәмиұлы Мәмиев кірді. Өздеріңіз білетіндей, 1941 жылдың 5 сәуірін­де бекітілген штат кестесіне сәйкес 4-атқыштар ротасында 178 адам. Әбдіразақ қызмет еткен 4-рота полкте алдың­ғы шеп болған. Мұны соғысқа дейін сақталған партия құжаттары растайды. Бүгіндері 36 адамның аты-жөні табылып, оның 17-сі қазақстандық екені анық­тал­ған. Алғашында Мәмиев үшінші ро­тада шайқасты деп саналып, оны Брест қамалын қор­ғаушылар қатарына жатқызбады. Бірақ архивтегі құ­жат­тар оның төртінші ротада бол­ғанын дәлел­деп берді. Соғыста аты, тегі, атауы бұрма­ланған жайт­тар көп. Олар­дың әрқайсын тауып, дәлелдеу керек. Одан бөлек Мәс­кеу­де сақ­тал­ған құжаттар арқылы дәлелдеу жағы тағы бар. Брест алынғасын көптеген құжаттар жа­нып кетті, кейбірін жау әскері талан-таражға салды. Қазір Брест қамалындағы музейде қызыләскер Әбдіразақ Мәмиевтің суреті ілініп тұр. Сурет астында «Командирін құтқарған, ерекше көзге түскен» деген жазу бар. Расымен, отандасымыз Мә­миев көпшілік білмейтін қаһар­мандардың бірі. Оның үстіне қазір батырлардың соғыстағы ерліктері лайықты түрде зерттелмейді. Олар жайында білетіндер аз. Жалпы, батыр деген кім? Ол – өзін құрбан­дыққа шала отырып ел игілігі үшін әрекет еткен тұлға. Батыр – батыл­дық пен ерлікті бойына жиған адам. Ал біздің түсінігіміздегі батыр пафос сөз, қола мүсін мен фильмдегі әдемі кадр. Олардың ортамызда ғұмыр кешкенін біразы білмейді. Біз Отан үшін от кешкен батырлар жайында білуге, мақ­тану­ға, келе­шек ұрпаққа баяндауға міндеттіміз. Ол үшін мектеп пен университет оқулық­тарында олар туралы жазы­лып,  кітап пен ән шы­ғару керек. Бала­ларымызды әкеміздің, атамыздың ерлік­тері­мен сусындату – азамат­тық боры­шымыз.

Соғысқа дейінгі фото­суреттен буденовка киген келбетті қазақты байқаймыз. Жүзі жылы, күлімсіреген, еңсесін тік ұстаған келбетті қазақ. Тіп-тіке қараған жанарынан ойын оқуға болатын тәрізді. Ел басына күн туған шақта ойланбастан от кешетін жауынгер.

Мәселен, майдангер Әбді­разақ Мәмиевтің өмірбаянынан елдің тарихымен танысуға болады. Ол 1917 жылы Қазан социалистік революциясы тұсында өмірге кел­ген. Бала кезі мен жастық шағы революциядан кейінгі жылдарға тап келіп, аштықты бастан өткер­ген. Оның соғыстағы тағдыры да драмаға толы сюжет дерсіз. Мұндай ерлік пен сынаққа толы кезең кез келген Ұлы Отан соғысы жауын­герінің маңдайына жазыл­маған. Айтса айтқандай, мұндай­ды ойлап қана қоймай, тіпті ки­но­дан көре алмайсың. Жаздыгүні әскер­ден елге ораламын деп отырған жігіттің аты аңызға айнал­ған Брест қама­лын қорғауға қатысуы, тұт­қын­ға түсу, конц­лагерь, партизан отряды, кеңес әскеріне қайта қо­сылуы, Одес­саны азат ету шай­қасы, ауыр жа­ра­қат. Оның жауын­герлік тағ­дыры әлемдік соғыс эпопеясына тән барлық элементті қамтып, қайғы мен қуанышы ертедегі батыр­лардыкімен бара-бар еді. Соғыстың алғашқы күні жай­лы майдангер естеліктерінен біле­міз. 1941 жылы 22 маусымда қызыл­әскер Әбдіразақ Мәмиев демо­билизацияға дайындалып жат­қан. Отан алдындағы боры­шын өтеп, Қазақстанға қайтуға асық еді. Сол жаздың кешінде сол­дат­тар ұйқы жоқ, үйге қайта­тынын ойлап, бір-бірімен күбір­лесіп жатқан. Тіпті, ефрейтор солдаттар ұйықтамай, осылай жалғастыра берсе соңғы рет жазалайтынын ескерткен-ді. Бірақ ешқайсысы ертең тірі қал­ған­дардың өмірінде ең ұзақ әрі қорқынышты күнді бастан өт­керерін білмеген.

Қамал ішіндегі жанталас

...Солдаттар әрең дегенде ұйық­­таған-ды. Алыстан шу естіл­ген­де әлі сағат тілі 4-ті көрсет­пе­ген. Жауын­герлерді снарядтар мен мотор үні оятты. Осылайша, соғыс басталды. Жаудың тұтқиыл шабуылынан ес жиып үлгермеген солдаттар капитан Ландышевтың соңынан еріп, қамал дуалын жанына жалау етті. Сондағы ойы жауға тойтарыс беріп, қалайда фашистерді қамалға жақындатпау еді. Жан-жақтан бомбалау күні бойы толастаған жоқ. Жау шабуылына тойтарыс берілген. Фашистердің тұтқиылдан шабуылдау арқылы қамалға оңай кіреміз деген жоспа­рын­ың күл-талқаны шыққан. Мерген Мәмиев Ландышев бастаған бөлімше са­пында қамал қабырғасынан жауға қар­сы оқ атты. Фашистердің мото­циклшілер колоннасы қамалға ба­сып кіруге барын салды. Уақыт өт­кен сайын жау күші еселене бер­ді. Екі жақтың күші тең емес. Қа­мал қорғаушылардың қатары бірте-бірте азая түсті...

Ерлік

Сонымен, тірі қалған қорғау­шы­лар бекіністен шығуға шешім қабылдады. Шабуыл кезінде ко­мандир Григорий Ландышев жара­­қат алады. Мұны көрген жауын­гер Мәмиев граната сы­нық­тарынан жараланған коман­дирді көтеріп алып, оны оқтың арасынан алып шығады. Тұтқынға түсіп қалмау үшін офицер қызыләскерге өзін атып тастауын бұйырады. Бұй­рықты орындамаса трибунал алын­да жазаланатынын ескертеді. Әб­діра­зақ командирін өлтіре алмай­ты­нын айтып, бұй­рық­тан бас тар­та­ды. Ал Брест түбіндегі шайқас ке­зінде солдаты құтқарған Гри­го­рий Алек­сандр­ович ұзақ өмір сүріп, 1984 жылы Мәскеу маңында қай­тыс болады. Ол мемуарында сол күн­ді былай­ша суреттейді. «...фа­шистердің бізді ұстау жоспары жүзеге аспады. Жауынгерлер ер­лік­­пен шайқасты. Немістерді жа­қын жо­латпадық. Гранат жеткілікті еді. Алайда қала­ға жақындағанда қоян-қолтық ұрыссыз іс біткен жоқ. «Отан үшін!» деген ұранмен қаланы бұзып кірдік. Қала ішімен қозғалу оңайырақ болды. Неміс әскерінің алғы шебі қалада бөгел­меді, қалған бөлігі жақындай ал­мады. Мо­тоцикл жүргізушілері көше кезіп жүрді. Бірақ біз олардан айламызды асыра алдық...» Жауынгерлердің алдында қа­малдан шығып, Песчаная биігіне жету тапсырмасы тұрды. Бірақ атал­ған биікке жауынгер­лердің жар­тысы ғана жетті. Қауіпті кезең­нің осы тұсында Әбдіразақ та басқа сар­баздар сияқты жараланып, тұт­қынға түседі. Олар Польшада, Брест қамалынан 20 километр жер­дегі Бяло-Подляско мекенінде Stalag 07 атты тұтқындар лагерінде оянады. Брест Әбдіразақ Мәмиұлы естелік­терін­де тұтқындағы күндері жа­йын­да баяндаған. Тұтқындар ла­герінде адам көп болғандықтан немістер оларды аяусыз өлтірген. Барлық лагерьде су ішетін бір ғана құдық болған. Құдықтан белгілі бір уақыт аралығында ғана су алуға рұқсат берген. Су алып үлгермеген­дерді атып тастаған. Мүрделерді тастайтын шұңқырға күніне 100 мүрде тасталған. Осылайша, ол бір жылға жуық тұтқында болған. ...Бірде тұтқындарды орман­нан ағаш теруге жібереді. Сол тұста оларды күзеткен неміс әскер­леріне поляк партизандары тұтқиылдан шабуыл жасайды. Әбдіразақ Мәмиев олармен бірге поляк ор­ма­нына қашып кетеді. Ол партизан отрядында жауға қарсы бір жыл бойы соғысады. 1943 жылы Мәмиев Қызыл армияға қайта қосылып, 3-фронт­та Украинаны азат ету ұрысына қатысады. 1944 жылдың қазаны­нда Одессаны азат ету шайқасында ауыр жарақат алады. Әскери хи­рург­тар оның оң аяғын кесіп тас­тай­ды. Осыған қарамастан Әбді­разақ Мәмиев өзін бақытты адам санайтын. Өйткені ол Брест қама­лын қорғауға қатысқан 7 мың сар­баз­дың ішінде тірі қалған 112 жауын­гердің бірі еді. Ол осы ерлігі үшін марапат күтті деп ойлайсыз ба? Жоқ, ол марапат пен даңқа қарамастан, жай ғана Отанын абыроймен қорғауға тырысқан­дардың санатында.

 Есімі – ел есінде

Ләйла Сейсембекқызының айтуынша, интернетте соғыс туралы материалдар жеткілікті. Бірақ әрқайсысы біреудің ойына негізделген. Ол жақында Брест қамалын қорғау жайында фильм көргенін айтады. Фильм маман­ның қолынан шыққан емес, шын жүректен жасалған туынды бол­ған. Бірақ туындының техникалық тұсы ғана талапқа сай келген. Оның сөзінше, фильм авторы Брест қамалын қорғау хикаясын білмеген. Сондықтан фильмде олқы тұстар көп. Киноны тамаша­лап болған профессор артынша ойланған. Мұндай туындының болуы жақсы ма, жаман ба? Өйт­кені фильм YouTube-та жария­ланып, оны біршама көрермен тамашалаған. Тарих ғылымдары­ның докторы фильм техникалық тұрғыдан жоғары бағаланса да, дәлелденбеген материалды қол­дан­бауға шақыра­ды. Суреттер, со­ғыс, архивтегі деректі түсірілім­дер бәрі бар. Бірақ тарих бұрма­ланған. Мүмкін автор мұны өзі үшін істеген болар. Мұндай бұрма­ланған материалдар БАҚ бетінде де жарияланады. «Майдангерлердің ұрпақ­тарына құрметпен қараған абзал. Өйткені олар өте қарапайым адам болған. Мысалы, Әбдіразақ Мәмиевті алайық. Ол соғыстан кейін Алматы облысындағы ауылына оралып, ұстаздық еткен. Барлық майдангерлер сияқты ол да соғыс кезін аса құлшыныспен еске алмайтын. Ол кісіден ұзақ уақыт бойы естелік жазуын сұраған екен. Ол естелігін жазып шықты да. Бірақ бар білетінін жазбағанына сенімдімін», – дейді Ләйла Сейсембекқызы. Қазір профессорды қуанта­тыны – соғыс жайында маман­дардан сұрап, егжей-тегжейіне жетуге ұмтылыс. Мысалы, кеңес уақытында соғыс жайында кез келген жанрдағы туынды түсірер тұста тарихшылар мен маман­дарды тартқан. Өйткені мамандар таспаланған тарихты тек техни­калық, сюжеттік сипатта емес, фактілердің бұрмаланбауын қада­ғалайды. Сол үшін архивті ақта­рып, мемуар оқып, сол тұстағы естеліктер мен газет қиындыларын іздеген жөн. Иә, сол шақта пропагандалық материалдар көп болды. Бірақ оқи отыра, факт пен датаға мән беріп, картина құруға болады. Ләйле Ахметова «1941 жыл. Брест қамалы. Қазақстан» кітабын осындай табандылықпен жазған. Кітаптағы бір бөлімге Әбдіразақ Мәмиевтің ғұмыры арқау болған. Тарихшы Брест қамалына сегіз рет барып, екі апта архив ақ­та­рады. Аңызға бергісіз әңгіме­лерден шындық іздеп, 1945 жыл­дағы жеңістің алғаш кірпішін қалаған Брест түбіндегі шайқас­тың ақ-қарасын ажыратады. Осылайша, кітапта қамалда қан­ша­ма қазақ­стан­дықтың қаны төгілгенін жа­зып, қазақ полкінің ерлігін сурет­тейді. Соғыстан еліне оралған Әбді­разақ Мәмиев жас ұрпақты білім­мен сусындатады. 1951 жылдан бастап «Қызыл әскер» бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарады. Кейіннен бұл мектептке Әбдіразақ Мәмиевтің есімі бері­леді. Ауылдастары соғыс жайында естеліктер сұрай қалса, арда ұл өзінің емес, Брест қамалын қорғау­ға қатысқан майдандас достары­ның атын атайды. Мы­салы, Мақ­сұт Ниязов, Әуелбек Сарыбаев, Сауыт Ушуров, Иван Тимошенко, Михаил Костенко сияқты жауынгерлердің ерлігін айтып береді. Мұның өзі Брест қамалын қорғаған әрбір майдан­гердің ерлігі өшпесін деген ниет болар. ...Соғысқа дейінгі фото­суреттен буденовка киген келбетті қазақты байқаймыз. Жүзі жылы, күлім­сіреген, еңсесін тік ұстаған келбетті қазақ. Тіп-тіке қараған жанарынан ойын оқуға болатын тәрізді. Ел ба­сына күн туған шақта ойлан­бастан от кешетін жауынгер. Өр кеудесін жауға бастырмай, соңына дейін күресетін майдан­гер. Соңғы оғы қал­ғанша Отанын қорғауға тырыс­қан мерген. Ұрпа­ғы бейбіт күнде өмір сүруін қала­ған батыл адам, ба­тыр адам. Міне, біз майдангер, Брест қамалын қор­ғау­шы Әбдіра­зақ Мәмиевті осылай ес­ке аламыз. Қазақ өз батырларын ұмыт­пауы тиіс.. «Ер есімі – ел есінде» деген осы шығар. ІІ дүниежүзілік соғыста ерен еңбек еткен, кеудесін оққа төсеген әр майдангердің ерлігі бір-бір кітапқа жүк. Сондай ардақты аза­маттардың қатарында Әбдіразақ Мәмиевтің де аты тұратыны анық.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ