«Тойған соң тоқтының еті топырақ татиды» депті бұрынғылар. Бұл сөз адамзат болмысын көрсететін сыңайлы. Өйткені алдындағы асын жартылай ғана жеп, қалғанын қоқысқа тастай салатын азаматтар да, сақталу мерзімі бітті деп азық-түлікті күресінге лақтыратын супермаркеттер желісі, тамақтану орындары аз емес. Ал дамыған елдерде «фудшериң», «фудуейст» атауымен белгілі қадамдарды жасап, ысырапты азайтуға ұмтылып жатыр. Өйткені үстелге дейін жеткен тамақтың «сарапында» мол қаржы, адам еңбегі, энергия, табиғи ресурстар бар.
Қазақстанда азық-түлік саласындағы шығындар есептелмейді. Яғни, жылына қанша өнімнің тасталатыны жайлы ресми статистика жоқ. Қолда бар, әлемдік деректерді қанағат тұтудан өзге амал жоқ. Мәселен, әлемде жылына азық-түлік өнімдерінің үштен бірі қоқысқа кетеді екен. Ал оның жартысы бұзылған не сақталу мерзімі бітпеген, жеуге жарамды тамақ деседі. Қоқысқа тамақ тастайтындардың дені жағдайы жақсылар екені былай да белгілі. Яғни, қалталы болған сайын бір тістеп лақтыру әдеті де сіңе беруі мүмкін. Мысалы, желінбеген тамақтарды утилизациялаудан Америка көш бастап тұр. Одан кейінгі орында — Еуропа елдері. Жеуге жарамды тамақ қалдығы Үндістан мен Африкада да өзекті екен. Бірақ ол жердегі мәселе тойып секіруден бұрын сақтайтын орын мен жағдайдың болмауына байланысты. Жалпы алғанда, дүниежүзінде шикізат пен дайын өнімнің 30-50 пайызы сөреде тұрған жерінен тікелей қоқыс жәшігіне кетеді. Тамақ қалдықтары мен дайын өнімді күресінге тастаудың белгілі түрлі себептері болатыны бар. Мәселен, егістікте жиналмай қалған өнімдерді алайық. Шаруа піскен қызанақтарды жинап-теріп алады. Өнімдерді түсі, түрі, үлкен-кішілігіне қарай сұрыптай келе, стандартқа сай келмейді дейтінінің бір бөлігін үйдегі дастарқанға қойса қояр, қоймаса, барар жері – қоқыс. Олай етпейін десе, дүкендер «ұсқынсыз» жеміс пен көкөністі алмай қоюы мүмкін. Бұл жерде ел арасында жиі тараған «тәтті алмаға ғана құрт түседі» дейтін сөз жүрмейтіні тағы бар. Ал енді шаруа іріктеген өнімдер дүкенге жол тартсын. Жолшыбай бұзылатын, әдемі түрін тасымалдау кезінде «жоғалтып» алатындар болады. Одан да аман қалып, межелеген дүкен сөресіне жеткен күннің өзінде бәрі бірдей сатылып кетпейді. Өтпей қалған тауардың ақыры мерзімі бітіп, қоқыс жәшігіне тасталады. Сатып алушының көзі түсіп, дастарханнан орын алған «бақытты» өнімнің де қоқыстан бір-ақ шығуы мүмкін. Яғни, алынған зат үнемі соңына дейін пайдаланыла бермейді.Фудшериң және фудуейст деген не?
Бұрын үлкендер тамақты тауысып жеуге көп үгіттейтін. Уақыт өте келе бұл сөздің астарында бар болғаны ашаршылық кезіндегі тартқан азап жатыр деумен шектеле бастадық. Ал негізі басты мәні тіпті тереңде жатса керек. Есіңізде болса, «Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса, баспаңдар. Теріп алып, қастерлеп, торғайларға тастаңдар» деген шумақтар мектеп бағдарламасында болған. Соның мәні бүгінгі фудуейст, фудшериң мәселесімен ұштасады. Бұл не өзі? Ағылшын тіліндегі food – тамақ, waste – қалдық, sharе – бөлісу сөздерінен құралған термин. Яғни, қоқысқа тасталатын тамақтардың тағдырына алаңдау, оларды ысырап етпей, жарамды кезінде бөлісуге үндейді. Тамақ қалдығы неліктен көбейіп кетті? Қарап отырсақ, қазір нарық заманы. Сұранысқа қарай ғана ұсыныс жасалады. Егер белгілі бір тауарға сұраныс болмаса, кәсіпкер оны соншалықты көп шығармас еді. Демек, сатып алушылар тамақты көп алатындықтан, өндірушілер де, дүкеншілер де өндіріс пен сатылымды көбейтуге тырысады. Бұл жағы түсінікті. Дегенмен түлкі заманның бір айласы маркетологтардың сатып алушылардың қармаққа түсіруіне де байланысты. Бізде неғұрлым үлкен қаптама болған сайын, тауар бағасы соғұрлым арзан. Яғни, өзіңіз жейтін норма 300 грамм болғанымен, 500 грамдық қаптамасы екеуінің арасындағы айырма аз болады. Содан тұтынушының психологиясы маркетинг айласына арбалады. Сол сияқты «біреуін алсаң, екіншісі тегін» деген акциялар да сол іспеттес. Ондайды жақсы мүмкіндік деп көретіндіктен, екіншісін кейін жемей қоюы мүмкін болса да акция қатысушысына айналады. Мұндайда психологтар сатып алушылардың көбіне албырттықпен алатынын айтады. Тамақ қалдықтары қалатын тағы бір жер — тамақтану орындары. Мәселен, дәмханаларда десерттердің 5-15 пайызы сатылмай қалады. Ертең оны сатуға келмейді. Өйткені келушілер пештен жаңа шыққан тәттілерді ғана алады. Мұндайда кей тамақтану орындары кешке қарай бағасын арзандатып, жеңілдік жасайды. Дегенмен бәрі бірдей мұндай акция жасамайды әрі көбіне тұрақты клиенттер ғана хабардар болады. Сондықтан қоқысқа ақыры жол тартатын тауарды арзандатып сатып жіберу қай жағынан болсын тиімді. Енді мұны кәсіп иелері ескерсе, тіпті жақсы. [caption id="attachment_135076" align="alignnone" width="1038"] © islam.kz[/caption] Ecology Consulting негізін қалаушы, инженер-эколог Ботакөз Садыбекованың айтуынша, тамақ қалдықтарын азайтуға белсенділер мен еріктілердің атсалысқаны жеткіліксіз. Бұған мемлекет кірісуі керек деген пікірде. «2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ қалдықтарын полигондарға көмуге тыйым салынды. Экологиялық кодексте тыйым болғанымен, шешімі жоқ. Яғни, кәсіпорындар не істеуі керек екені реттелмеген. Қалдықтар сұрыптау кешендеріне контейнерге тасталған күйі келеді. Ол жерде бөлгенін бөледі, қалғаны полигондарға жіберіледі. Ең сорақысы үйдегі тұрмыстық, қатты қалдықтардың ішінде тамақ көп шығады екен. Меніңше, тамақ қалдықтарын азайту мәселесіне тамақтандыру орындарын да, супермаркеттерді де мемлекет міндеттеуі тиіс. Әйтпесе, қазір бізде жекелеген адамдардың бастамасы ретінде ғана қолға алынып отыр. Қарап отырсақ, мерзімі әлі бітпеген тауарларды тарататын болса, оған мұқтаж қаншама адам бар. Ал мұндай қадам жай ғана бастама емес, мемлекет ұсынған шара түрінде жүзеге асқаны дұрыс», – дейді Ботакөз Нұржанқызы.Өзге елдер бұл мәселені қалай шешіп отыр?
Дамыған елдерде жақсы тенденция бар. Ол тамақты тұтыну мәдениетіне қатысты. Бізге де бұл тренд біртіндеп келіп жатыр. Алдымен шетелдегі тәжірибелерге тоқталсақ. Мысалы, Финляндияда мерзімі бітуге таяған тауарлар тегін таратылады. Франция мен Италияда супермаркеттер азық-түліктерді қайырымдылыққа жіберуі керек деген міндеттеме мемлекет тарапынан жасалады. Сондай-ақ мерзімі бітуге таяу қалған тауарларды жеңілдікпен сату тәжірибесі де кең таралған. Біле білсеңіз, әлемнің 15 елінен 75 мың серіктестің басын біріктірген, 35 млн адам жүктеп алған TooGoodToGo мобайл қолданбасы бар. Мұнда мерзімі аяқталуға таяу тамақтарға өте жақсы жеңілдік жасайтын мейрамханалар мен кафелердің базасы жинақталған. Сондай-ақ түрлі азық-түлік өнімдерінің өндірісіне қаншалықты ресурс кеткені жайлы ақпарат беретін Google Your plan деген қолданба бар. Оның ішінде, бұдан бөлек қалдықты қалай азайтуға болатыны жайлы пайдалы деректерді де табуға болады. Осылайша санаға әсер етеді. Ұлыбританиялық Kitche деген стартап тіпті қызық. Мобайл қолданба арқылы сатып алған азық-түліктердің жарамдылық мерзімін бақылауға болады. Алған тамақтарыңыз жайлы еске салып отырады. Ол аз болса, пайдаланып тастауға шақырып, оны қосып, қандай тамақ істеуге болатынына қатысты кеңес айтады. Дамыған елдердің денінде бір қаптамада төрт жұмыртқа болады екен. Аз болатын себебі – тұтынушы мөлшері сондай. Ал бізде көбіне бір алғанда отыз данасын аламыз. Ең аз қаптамада он жұмыртқа болады. Неліктен көп дана алады? Өйткені құнын есептегенде, көбірек алған сайын бағасы арзандау шығады. Ал егер 4-5 жұмыртқадан тұратын қаптама жасайтын болса, оған қосымша шығындар қосылып, бағасы қымбаттайды. Әрі айтарлықтай сұраныс болмаса, өндіруші ондай тәуекелеге аса бара бермейтіні белгілі.Жақсы бастамалар бар, бірақ қолдау жоқ
Кезінде тамақ қалдықтарын азайту үшін қайырымдылық тоңазытқыштары қойылып, әлеуметтік желіде топтар ашылып, тамағын бөлісетіндер топтасқан. Бірақ одан нәтиже болмады. Қарапайым адамдардың қолға алған жап-жақсы бастамасы аяқсыз қалды. Тіпті, осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы мейрамханалардың бірінде желінбеген тамаққа айыппұл салуды үрдіске айналдыруға шақырған. Десек те, мұндай тәртіптік шараның да ғұмыры ұзақ болмады. Өйткені таразының екінші басында сатып алушының құқығы тұр. Ақшасын төлеп алған тамақты не істесе де, ерікті. Әдемі қалпы бұзылған көкөністер мен жемістерді сатып алуға шақырған бастаманы Алматыдағы супермаркет те қолға алғаны есімізде. Маңдайшасына «Түрім онша емес болса да, дәмім тәтті» деген жазу жазып, дүкеннен арнайы жер бөліп қойған. Бұл да — жақсы әдіс. Әсіресе, жастар тарапынан қолдау тапқан. Қазір жұмыс істеп жатқан бір жобаға тоқталсақ. Фудуейст мәселесін шешу мақсатында Назарбаев университетінің ABC Incubation бағдарламасының қолдауымен ашылған Sarqyt жобасы бар. Платформаның тұсауы ақпанда кесілген. Яғни мерзімі бітуге таяп қалған, жеуге жарамды тамақтарды сатуға көмектеседі. Қалалық тамақтандыру орындары сол күні өтпей қалған тауарларын үлкен жеңілдікпен сатады. Осылайша, фудуейст мәселесін ғана көтеріп қоймай, тамақ тұтыну мәдениетін де қалыптастыруды көздеп отыр. «Наурызда телеграм-ботты іске қостық. 2600 оқырман бар, 400-ден астам тапсырыс жасалды. Ендігі жоспар – мамырда мобайл қолданбаны іске қосу. Қазақстанның ірі мегаполистерін, өзге қалаларын да қамтысақ дейміз. Кафе-наубайханалардан бөлек, супермаркеттерді қосқымыз келеді. Біздің платформа арқылы тұтынушылар жеңілдікпен тамақ сатып алады, ал серіктестер қоқысқа тастамай, сатып жіберуге мүмкіндік алады. Өйткені ол тамақтар біреудің жегеннен қалғаны емес, бар болғаны өтпей қалған. Егер жобамыз жақсы күш алып кетсе, бұл тамақтану орындарының бәсекесін де арттырар еді. Халық болса, жаңа піскен тамақты талап етуді үйренеді. Осылайша ысыраппен де күресуге жол ашылады. Мемлекет тамақтандыру орындарын, супермаркеттерді бақылауда ұстауы керек. Бұзылып кеткен тамақтар мүлдем сатылмайтындай еткені дұрыс. Мысалы, десерттерді 36 сағаттан артық сақтауға болмайды. Бірақ мұны кей жерлер ескермейді. Сондықтан белгілі бір аспектілерді реттеп, бақылауды күшейткен жөн», – дейді жоба авторларының бірі Бақдәулет Шакизада. Қазақы атауымен есте ерекше қалатын платформаның ғұмыры ұзақ болып, біз айтып отырған мәселенің шешімін табуға көмектессе, игі. Жалынды жастардың идеясын мемлекет қолдаса, тіпті құба-құп.Жадыра АҚҚАЙЫР