Батырдың борт механигі Мэри – Мәдина

Батырдың борт механигі Мэри – Мәдина

«Мэри, соғыс аяқталған соң мен сенің Қазақстаныңа келемін...». Аты аңызға айналған Кеңес Одағының үш дүр­кін батыры, ұшқыш Иван Кожедубтың әуе механигі бол­ған қазақтың батыр қызы – Мәдина Ысқақованы май­дандастары осылай атапты.

Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы Балқашин селосының ту­масы Мәдина 17 жасында-ақ өз еркімен сұранып, Көкшетау қа­ла­сындағы әскери комиссариат арқылы соғысқа аттанған. Тек Мә­динаның есімі елге мәлім болмай жатқаны алаңдатады. Тіпті, өзі түлеп ұшқан Көкшетауда бірде-бір көше атауының берілмей қал­ғаны қынжылтады. Осыған дейін облыстық және республикалық бұ­қаралық ақпарат құралдарында жазылып, кезінде жергілікті об­лыс басшылығынан қолдау тапса да, сол күйі ұмыт қалған. Батыр қыз не­ге елеусіз қалды?

Иван Кожедубтың борт механигі

Атақты батыр Иван Кожедубтың көмекшісі, ұшқыш қыз Мә­ди­на жайлы жазушы Естай Мырзахметов кітап жазса, белгілі ақын Ер­кеш Ибрагим поэма жазғаны көпшілік есінде. Мәдинаны ерке­ле­тетін Иван Кожедуб оны  «Мэри» деп ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дарында ел аузында болған америкалық атақты әртіс Мэри Пик­форд­ке ұқсатып атапты. Бойы 154 сантиметр ғана болған шы­нашақ­тай қазақ қызы 1942-1945 жылдары қиян-кескі шайқастарда 176 гвар­диялық жойғыш әуе полкінде әуе приборлары мен оттегі жаб­дықтарының шебері және Иван Кожедубтың жеке борт механигі бол­ған. Қаршадай Мәдина ұшақ сынып қалған жағдайда оны жөн­деп, ұшуға сақадай-сай етіп әзірлеп отырған. Қызы  Аягөз Шықатаеваның айтуынша, анасы 1924 жылы Сан­дық­тау ауданының Зверевка ауылында имамның отбасында дүниеге кел­ген. Сегіз жылдық мектепті Көкшетау қаласындағы №3 орта мек­тептен тәмамдапты. Мәдинаның ағалары одан бұрын соғысқа атта­нып, ортаншы ағасы Құсайын Халхин Гол ұрысында, ал үлкен аға­сы бомбалаушы-ұшқыш Хасен Балтық теңізінің үстінде ұшағы өр­теніп, мерт болған. Ағаларынан айырылған Мәдина да елі үшін төлқұжатындағы жасын өзгертіп, соғысқа аттанған. Кемерова қа­ласында 6 ай ұшқыш оқуын оқыған Мәдина ұшқыштың әуе ме­ха­­нигі болып шыға келген. «Анамның мінезі ұстамды әрі тұйық болды. Елге келгеннен кейін де өзінің соғыстағы өмірі жайлы мүлдем қозғамайтын. Үйге құр­метті қонақтар келгенде олармен әңгіме-дүкен кезінде ғана оқ­тын-оқтын өзі жайлы естіп қалатынбыз. Ол даңқты батыр, май­дан­да­ғы серіктес досы Иван Кожедуб жайлы толғана әңгімелейтін», – дейді қызы Аягөз Шықатаева.

Екі рет ауыр жараланған

Мәдина Ысқақова соғыста екі мәрте қатты жараланған. Бірақ майданға қайта өз еркімен барыпты. Алғашында әуежайды жау ұшақ­тары бомбалаған кезде басына снарядтың сынығы тисе, екін­ші мәрте тізе сүйегіне оқ тиген. Ақсап жүрсе де өзінің әуе пол­кінен қалмай қайта соғысқан. Сөйтіп, Украина мен Молдованы, Пра­га, София, Будапешт және Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Сон­дай-ақ Мәскеудегі жеңіс парадына да қатысқан. Елге келген соң бірнеше жыл әскери трибуналда хатшы болып қыз­­мет атқарып, соғыстан кейінгі қиын кезеңде анасы мен кіші бауыр­ларына көмектесу үшін ауылға оралған. Отбасын құрып, тұр­мыс­қа шыққан. Сауыншы болып еңбек майданына да бел шеше ара­­­­ласады.

Сталин сыйлаған тапаншаны бір қап бидайға айырбастаған...

Дегенмен соғыста алған ауыр жарақаттары жылдар өте келе сыр беріп, батыр қыз сырқаттана бастайды. 1985 жылы салтанатты түрде «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Ал бірақ дәл сол жылдың та­мызында дүние салады. Мәдина Ысқақова елге Сталиннің өзі сыйлаған қаруымен оралған екен. Бірақ отбасын асырау үшін соғыстан кейінгі қиын-қыс­тау кезде тапаншаны бір қап астыққа үшін айырбастап жіберіпті. Ол соғыстан кейінгі кезеңде де соғысқа қатысқан жылдары есепке алынбай, тиісті жеңілдіксіз, аз зейнетақы алған. Ал соғыстағы ерліктері ешкімнің есінде де қалмапты. «Осыдан жиырма жылдай бұрын туған-туыстары мен елге белгілі тұлғалар Мәдина Ысқақоваға Көкшетау қаласынан көше беру тура­лы ұсыныс жасады. 2012 жылы «Арқа ажары» газетінде «Халық қаһар­­маны» атағын беруге де ұсынылды. Анамыздың барлық құ­жа­­ты мен медальдарын 1968 жылы мұражайға өткізгенбіз. Бірақ, өкі­ні­шке қарай тоқсаныншы жылдарда музейде жылыту батареялары жарылып, бүкіл құжатынан айырылдық. Дегенмен мен КСРО қор­ған­ыс министрлігіне арнайы барып, барлық растау құжатын алып, әкімдікке ұсын­ған­мын. Ал қағазбастылыққа байланған шенеуніктер марапаттары сақ­­талмағандықтан, көше беру мәселесін оңынан шешпеді», – дейді Аягөз Шықатаева.

Батыр қызға көше беру әлі де кейінге қалмақ...

Біз жоғарыдағы мәселені Ақмола облысының Ішкі саясат бас­қармасының жанындағы тілдерді дамыту және ономастика бө­лімі­нен білмек болдық. Бөлім басшысының айтуынша, Мәдина Ыс­қа­қова­ға көше берілмеуіне бірталай себеп кедергі болыпты. «Президент Әкімшілігінің 2019 жылдың 21 қыркүйегіндегі №19-377-4  хаты негізінде өткен жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін ұлттық санақ жоспарланған еді. Оған сәйкес, барлық көше ат­тарын ауыстыру кейінге қалдырылған. Ұлттық санаққа елдегі пан­демия да елеулі кедергісін тигізді. Ал биыл 1 мамырдан қарашаға дейін­гі аралықта ұлттық санақ өткізу үшін тағы көше атауларына өз­геріс енгізуге тыйым салынды. Жалпы, дәл қазір біздің қолымызда Пре­зидент Әкімшілігімен келісіліп, бекітілген көше атауы берілуі тиіс 345 адамның тізімі бар. Бірақ олардың арасында Мәдина Ыс­қа­қованың есімі жоқ», – дейді бөлім басшысы Айгүл Талпақова.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ