Әскер көрген спортшылар
Әскер көрген спортшылар
292
оқылды

«Ер жігіт – елдің қорғаны» дейтін ха­­лықпыз. Ал Отан қорғау – әр аза­мат­тың борышы. Спортты жанына се­рік етіп, әлемдік додаларда үлкен же­тіс­тіктерге жетіп, елдің туын көте­ріп жүр­ген спортшылар арасында да Отан ал­дындағы азаматтық борышын өте­ген азаматтар жетерлік. Біз, 7 ма­мыр – Отан қорғаушылар күні қар­саңын­да сіздердің назар­ларыңыз­ға әс­керге бар­ған, есімі ел аузында жүр­­ген бірқа­тар саңлақтарды ұсын­бақ­пыз.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов бір кездері әскер қа­тарына шақыртылып, Отан алдындағы боры­шын өтеген. Танымал боксшы солдат күнін былайша еске алды. – Отан алдындағы борышымды 1995-1997 жылдар аралығында өтедім. Ол кезде «Спорт шебері» деген дәрежем бар болатын. Сондықтан Орталық әскери спорттық клуб­тың сапына қабылдандым. Сөйтіп, ант беру рәсіміне қатыстым да, «дембель» болып үйі­ме қайта оралдым. Содан ішкі және сырт­қы ареналарда ЦСКА-ның намысын қор­ғадым. 1995 жылы Қарулы Күштер ара­сын­дағы дүниежүзілік спорттық ойындар өтіп, сол жарыста чемпион атандым. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының ойындарына да ЦСКА-ның сарбазы ретінде қатыстым. Қазір полковник деген шенім бар, – дейді ар­дагер боксшы. Ал тағы бір былғары қолғап шебері Ма­рат Мәзімбаев әскери борышын Алматыда өтеген. – Әскердің арқасында бірқатар жақсы аза­маттармен танысып, достастым. Олармен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Әрбір ер азаматтың туған елі алдында бас тартуға бол­майтын абыройлы міндеті бар. Ол – Отан қорғау. Елім, жерім алдындағы пары­зым­ды 1995 жылы өтедім. Барлық сарбаздың ба­сынан өтетін жағдай менің де басымнан өтті. Әскерде түскен суреттерді қарап оты­рып, сол күндерді сағынышпен еске аламын, – дейді Марат Мәзімбаев. ХVIII жазғы Азия ойындарының қола ме­­даль иегері, таэквондошы Нұрлан Мырза­баев спортқа әскерден келген соң ден қойға­нын айтады. – Таэквондомен әскерден келген соң ға­на айналыстым. Жалпы, спорт атаулымен тұрақты айналысуым сол әскерге барып келген соң басталды. Әскерге 18 жасымда 2011 жылдың күзгі шақырылымымен кетіп, 2012 жылы 19 жасымда қайтып келдім. Әс­кери борышымды Алматы облысы Сарыөзек ау­данында №12747 әскери бөлімінде өтедім, – дей­ді ол. «Барыс» хоккей клубының бұрынғы ойын­шысы Дамир Рыспаевтың 2016 жылы әс­керге барып, Отан алдындағы азаматтық бо­рышын өтегенін бірі білсе, бірі біле бер­мейді. 2019 жылы желтоқсан айында бокстан әлем чемпионы, маңғыстаулық спортшы Бек­зат Нұрдәулетов те Ұлттық ұлан қата­рын­да Отан алдындағы борышын өтеді. Бір­қатар жарысқа ол әскер қатарында жүріп дайындалды. – Әр азамат әскери борышын өтеуі тиіс деп санаймын. Елімізді абыроймен қорғап, үйі­мізге аман-сау келеміз деген ойдамын, – дейді боксшы Бекзат Нұрдәулетов. Ал Да­мир Рыспаев: Әскери борышымды қай жер­де өтеу керек дегенде айтарлықтай айыр­ма­шылық көріп тұрған жоқпын. Дегенмен хок­кейші болғандықтан, спорттық карье­рам­ды жалғастыра бергім келеді. Осы орайда Армияшылардың орталық спорт клубында (ЦСКА) болғанды қалар едім» дегені бар. Бұл ретте спортшыларға әскери боры­шын өтерде біршама жеңілдік жасалатынын, спорттық бабын жоғалтып алмас үшін олар­ға жаттығу жұмыстарымен айналысуға мүм­кін­дік берілетінін айта кетейік. Мақала­мыз­дың соңында, отандық спортшылардың ара­сында кімдердің әскери атағы бар екенін де тілге тиек етуді жөн санадық. Атақты жеңіл атлет Ольга Рыпакова әр жылдардағы спорт­тық жетістіктері мен Олимпиада ме­даль­дары үшін майор шенін алды. Бейжіңде еркін күрестен Қазақстанның тұңғыш қола медалін жеңіп алған Елена Шалыгинаға да ұлттық армияның лейтенанты шені беріліп, «Құрмет» орденімен марапатталды. Боксшы­­лар Данияр Елеусінов, Василий Ле­вит және дзюдошы  Елдос Сметов Қазақстан Ұлт­тық ұланы командасының аға спорт инспекторы болды, олар сондай-ақ лейте­нант шенін де алған. 2018 жылы қаза тапқан танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Ұлттық ұланның Алматыдағы №7552 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп, кейін келісімшарт бойынша қызметінде қалды. Ол сол уақытта Ұлттық ұланның спорт коман­дасында аға нұсқаушы болды. Бұдан өзге де Қазақстан әскерінің құра­мында болған кәсіби спортшылар жетерлік. Олардың басым бөлігі халықаралық спорт ше­бері атағын алған. Олимпиада жүлде­гер­лері де бар. Олардың ішінде 2016 жылы Рио-де-Жанейрода топ жарған ауыр атлети­ка­ның тарланы Нижат Рахимов пен жүзуден Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегері Дмитрий Баландин бар. Олар әскерде жүріп, спорттан қол үзбей, әскерилер ара­сындағы сайыстарда да өздерінің үздік еке­нін көрсете білді. Жалпы, Отан алдындағы борышын өтеп, спортта да жетістіктерге жетіп, елдің атын шығарып жүрген спортшыларды ұлттың ұландары деп айтсақ артық болмас. Ендеше спортшыларымыз Отан алдындағы боры­шын абыроймен өтей берсін, халықаралық ареналарда жеңісті жолдарын бірінің ар­тынан бірі жалғастырып, әрдайым көк Туы­мызды көкте желбіретсін деген тілек біл­діреміз.

Абылайхан ЖҰМАШ