Спортпен әлсіздер айналыспайтыны бесенеден белгілі. Өйткені онда спортшылар басынан түрлі келеңсіз жайтты өткереді. Әсіресе, төбелес кезінде алатын жарақаттардың ауыр болатыны соншалық одан мүгедек болып қалатындары, тіпті көз жұматындары бар. Талай мықты түрлі кедергіден соң спортпен ерте қоштасты. Жекпе-жектің кез келген түрінде «бата тимей, қата тиіп», ауыр жарақат алған немесе жантәсілім еткен спортшылар аз емес. Ендеше соларға тоқталайық.
Жалпы, елімізде аралас жекпе-жектен немесе бокстан, өзге де төбелес түрлерінен көз жұмған, ауыр жарақат алған спортшылар туралы көп айтыла бермейді. Соған қарағанда, мұндай оқиғалар Қазақстанда аз тіркелетін болуы керек. Дегенмен жарыс кезінде жеңіл жарақат алып не нокаутқа түсіп қалған спортшылар оқтын-оқтын кездеседі. Өз кезегінде қарсыласын қоғадай жапыратын жойқын соққы иелері жөнінде спорт журналисі Фараби Әбдіхалық айтып берді. – Жалпы, бокс тарихында ең жойқын күш иесі деген атақ Тайсонға ғана таңылғанын жақсы білеміз. Одан кейін де соққысы мығым бірқатар боксшы шықты ғой. Ал қазақстандықтардың арасында Головкиннің соққысынан көп боксшылар сескенеді. GGG-дің нокауттар саны бойынша Тайсоннан асып кетуі де, рекордын жаңартуы да кездейсоқ жағдай емес. Негізі, былғары қолғап шеберлерінде немесе аралас жекпе-жек спортшыларында бас не жақ сүйектерінің, қол не аяқ сүйектерінің, мұрын мен құлақтың сынуы, еріннің жыртылуы, беттің, көздің ісуі көп кездеседі. Соққы күші адамның массасы мен жылдамдығына байланысты болғандықтан, ауыр салмақ санатындағы спортшылар нокаутерлер тізімінің басында тұрды. Сондықтан көбіне ауыр салмақтағы спортшылар арасында ең тартысты жекпе-жектер өтеді. Ал төбелеске шыққан спортшылар бастан жарақатты көбіне ММА-ға қарағанда бокста көп алады, – дейді Фараби. Ал PR-менеджер, спорт журналисі Серік Ноян жарақаттың көбі ММА-да кездесетінін айтады. Ол отандық соққысы жойқын боксшылардың ішінде Жан Кособуцкий, Жәнібек Әлімханов, Батыр Жүкембаев, Садриддин Ахмедов, Тұрсынбай Құлахметтерді ерекше атап өтуге болатынын жеткізді. Ал ММА-де Руслан Сариев жекпе-жектерінің көбін уақытынан бұрын аяқтайтынын тілге тиек етті. – Ең көп жарақат болатын спорт түрі ол – кәсіпқой ММА. Аралас жекпе-жек өнерінде қорғанысы аздау, тіземен, шынтақпен, қолмен, аяқпен соққы бағытталғаннан кейін жарақат алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Ал бокста ішкі гематома басым. Сыртқа білінбеуі мүмкін, бірақ соққылар ауыр болатындықтан, боксшылар паркинсон деген ауруға шалдығады. Кәсіпқой боксшылардың арасында ауыр соққы алған жекпе-жек десе, Әли Ахмедовтың айқасы еске түседі. Отандасымыз желтоқсан айында америкалық боксшыдан нокаутпен жеңілді. Сол біздің қазақ боксына тиген ауыр соққылардың бірі болды деп есептеймін, – деп атап өтті Серік Ноян. Боксшылардың соққысы туралы, одан алатын жарақат жөнінде WBA-ның жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Барри МакГуиганның да айтқаны бар. – Боксшылардың зілдей соққыларынан кейін көп өтпей олар қатты жарақат алады. Әсіресе, мидың шайқалуы көп кездеседі.Соққы алып, құлағаннан тез нокаутқа түскен әлдеқайда жақсы. Ұзақ айқастан соң спортшы ауырсынған кезде бүкіл салмақты миға жібереді, – дейді Барри МакГуиган. Ал Мануэль Веласкес (Boxing Fatality Collection) өзінің зерттеу жұмысында, 1998-2011 жылдар аралығында 60-қа жуық боксшының жекпе-жек кезінде алған жарақатынан қайтыс болғанын, ММА-да 2007 жылға дейін тек 4 өлім тіркелгенін, олардың тек 1-еуі ресми кәсіби жекпе-жек (35 жастағы Сэм Васкес комаға түсіп, 2007 жылы нокаутқа түскеннен кейін қайтыс болды) екенін жазған. Бір қарағанда, аралас жекпе-жектің әлдеқайда травматикалық спорт екеніне ешкім күмән келтірмейді. Оған анық дәлел ММА жекпе-жегінің 59,4%-ы және боксшылардың 49,8%-ы жекпе-жектер кезінде жарақат алады екен. Бірақ боксшылардың арасында көз жарақаттарын алу, ауыр нокаутқа түсу шамамен 2 еседей көп болып шықты. Жойқын әрі күтпеген тактикалық соққының салдарынан рингте тіркелген қайғылы оқиғаларды еске түсірер болсақ, олардың бір емес, бірнешеуі қатар ойға оралады. Айталық, 1995 жылдың 25 ақпанындағы кездесуде Джерард Маклеллан Найджел Беннге қарсы айқаста жеңіліс тапты. Бұл кездесуде фаворит саналған Маклеллан оныншы раундта қарсыласынан ауыр соққы өткізіп алғаннан кейін күтпеген жерден жеңіліс тапты. Кейін комаға түсті, оған күрделі ота жасалды, ақыр соңы мүгедектер арбасына таңылды. 27 жастағы америкалық боксшы Патрик Дэй де отандасы Чарльз Конвеллге қарсы жекпе-жекте алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды. Сальвадор бокшысы Франсиско Руис жерлесі Рикардо Кортеспен өткен айқаста қатты соққы алып, нокаутқа түсті. Жағдайының ауырлығын байқаған дәрігерлер оны бірден жергілікті госпитальға жеткізді. Алайда боксшы бірнеше күн бойы есін жимай, көз жұмды. Бокста мұндай қайғылы жағдаймен аяқталған кездесулерді бірінен соң бірін тізіп, мысалға келтіре беруге болады. Соның бірі – пуэрто-риколық боксшы Сабриэль Матиастың 2019 жылдың шілдесінде ресейлік Максим Дадашевқа қарыс өткізген атышулы айқасы еді. Сол кездесуде ресейлік былғары қолғап шеберінің миына қан құйылып, спортшы ауруханада жан тапсырды. Бір ерекшелігі десек те болатын шығар, елімізде өтетін спорттық жарыстарда спортшылардың ауыр жарақат алып қалмауы қатаң қадағаланады. Сондықтан жарақат салдарынан арбаға таңылған не көз жұмған спортшылар туралы деректер жоқтың қасы. Ал Қазақстанда аса қауіпті спорт түрі саналмайтын футбол ойынынан Қазақстан құрамасының футболшысы Ұлан Қонысбаевтың сырт алаңда Қытаймен өткен жолдастық кездесуде аяғы сынғанын, одан кейін футболшының ұзақ мерзім футболдан қол үзіп қалғанын атап өтуге болады. Қазірдің өзінде футболшы бұрынғы бабына қайта келе алмағанынан соң үздік клубтардың қатарына шақырту ала алмай жүр. Бұл тек бір мысал ғана. Төбелес түрлерінде кездесетін үлкен жарақаттар да спортшының бұрынғыдай өнер көрсетуіне көп жағдайда кедергі келтіреді. Бұл – спортшы үшін ауыр соққы. Сөз соңында айтпағымыз, жалпы әлем бойынша күрзі жұдырық иелерінің жойқын соққысынан жапа шеккен спортшылар жетіп артылады. Олардың әрқайсысының тағдыры әрқилы. Бірі арбаға таңылса, енді бірі ауыр жарақаттан соң спорттан кетуге мәжбүр болған. Көз жұмғандары да көп. Осыдан соң төбелесті тек мықтылардың ғана таңдайтынына анық көз жеткізе түсесің.Абылайхан ЖҰМАШ