Ұшақ апаты: жерді заңсыз сатқандарға үкім шықты
Ұшақ апаты: жерді заңсыз сатқандарға үкім шықты
175
оқылды

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы маңында болған жантүршігерлік Веk Air ұшақ апатын ел ұмыта қойған жоқ. Апаттан 12 адам көз жұмып, 49 адам ауруханаға жет­кізілген. Ал әуекомпаниясының қызметі тоқтатылып, ли­цензиясы кері қайтарылды.

Bek Air ұшағы апатынан кейін әуежайға өте жақын орналасқан жер учаскелеріне қатысты тексеру басталған. Күні кеше Алматы об­лысының Талғар аудандық соты экс-шенеуніктер мен риелторға Алматы әуежайы жанынан жерді заңсыз сату ісі бойынша үкім шы­ғарды. Үш шенеунік бас бос­тандығынан айырылса, қал­ған­дары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды. Негізі, апаттан соң Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Алматы облысының Талғар ауданында заңсыз жер берген ла­уазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Оның «2015-2019 жыл­дар ара­лығында Талғар ауданының лауа­зымды тұлғалары қызметтік өкі­леттіктерін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аумағында жеке қосалқы учас­келері, соның ішінде тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру ту­ралы заңсыз шешім қабыл­дағаны анықталды» деген сөзін ел ұмытқан жоқ. Үй заңсыз салынған. Қай­ғылы оқиғадан кейін әуе­ком­пания бас­шылығы бри­финг өткізіп, апатқа қатысты өз бол­­жамдарын айтқан. Олар егер ұшақ үйге соғылмағанда, жо­лаушылардың барлығы аман қалып, тіпті ұшақ­тың қира­май­тынын жеткізген. Одан кейін де сотқа шағым­данған компания өкілдері: «Үй еш рұқсат құжатынсыз, заңсыз са­лынған. Ол тиісті органдардың барлық хатымен расталады. Үй иесі құрылысты өз бетімен рұқ­сатсыз жүргізген. Азаматтық ко­декстің 244-бабына сай, өз бетімен са­­лынған құрылыс бұ­зылуы керек. Бұдан бөлек, біз өткен сот оты­рысында Решет Қалибектің үйді өз еркімен бұ­зуына өтініш тү­сіргенбіз. Бірақ өтінішіміз орын­далмады. Ұшақ соғылған үйдің бір қабырғасы мен іргетасы әлі де тұр. Заңға сәйкес, әуежайдың қорғау ай­мағында 4 шақырымға дейін бірде-бір құ­рылыс болмауы тиіс. Сон­дықтан ұшақтардың қауіп­сіздігіне кедергі келтірмес үшін үйді бұзуды талап етеміз» дегені бар-ды. Ал үй иесі әуежай маңынан жер телімін 2014 жылы сатып алып­ты.Решет Қалибек онда отба­­­­сымен бірге тұруды ар­­мандаған. Тіпті, Қытайдағы әке-шешесін көшіріп әкелуді жос­парлап жүріпті. Алайда бас­пананы бірден тұрғызуға от­басының жағдайы келмеген. Қар­жысы аз болған соң, құрылыс жұ­мыстары бес жылға созылса керек. Құ­рылысын сол жылы бітіріп, ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған екен. Нысанның ішіне аздап жиһаз да кіргізген. Қаржылық қиындық туындағасын ком­му­никация тарта алмапты. Жа­рық, су болмағасын туыс­та­рының үйіне тұрып жатқан. Қайғылы оқиғадан кейін бас­пананы жергілікті әкімдік бұзып тастаған. Үй иесінің сол кездері БАҚ-та: «Ұшақ үйге соғылғаннан кейін 3 күннен соң әкімдік қыз­меткерлері жартылай бұзып, бастаған істерін аяқсыз тастап кетті. Одан кейін адамдар кірпіші мен есік-терезесін тасып ұрлады. Сосын апаттық жағдайда тұрған соң, біреуді басып қалмасын деп, өзім қал­ғанын бұзып тас­тадым. Ол жерде қазір үй де, үйдің іргетасы да жоқ. Аздаған құрылыс қал­дықтары ғана қалды, олар еш­нәрсеге ке­дергі келтір­мейді» де­гені де есімізде. Екі жылға созылған тексеру. Ұшақ апатынан кейін әуежайға жақын орналасқан жер учас­ке­лерінің заңдылығы тексеріле бастаған. Тексеру барысында 5 шенеунік пен 1 риелтор күдікке ілінген. Олар: Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұ­рынғы басшысы Рүстам Тұ­рысбеков, Жер ресурстары және жерге орна­ластыру мем­лекеттік ғылыми-өндірістік орталығының Талғар аудандық бөлімінің бұ­рынғы басшысы Жарас Мә­шімбаев және оның әріптестері Медеу Қа­лыбеков, Берік Абдул­лаев, Қай­рат Ал­тынбекұлы, сон­дай-ақ делдал-риелтор Нұрайым Ал­даныш. Талғар аудандық соты шешімі бойынша аудандық жер қаты­настары бөлімінің бұрынғы бас­шысы Рүстам Тұрысбеков төрт жылға бас бостандығынан айы­рылды. Оған жеті жылға мемле­кеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің тағы бір бұрынғы басшысы Қайрат Алтынбекұлы да кінәлі деп та­ныл­ды. Сот оны 6 жыл мерзімге мем­лекеттік қызметтегі лауа­зым­дарды атқару құқығынан айы­ра отырып, қауіпсіздігі шектеулі мекемеде 3 жылын өткізуге шешім шығарды. Жер регистрі ғылыми-өндірістік орталығы Талғар ау­дандық бө­лімінің бұрынғы бас­тығы Жарас Мәшімбаев үш жылға бас бос­тандығынан айырылды. Бұ­рынғы Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы аймақтық бөлімі бас­тығының міндетін ат­қарушы Медеу Қалыбековке де 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы сот үкімі шықты. Ра­қым­шылыққа байланысты оның мер­зімі 3 жылға дейін қысқарды. Бас­­­­­қарманың Жерге орналастыру секторының бұрынғы бастығы міндетін ат­қарушы Берік Абдул­лаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ра­қымшылықтың арқасында оның мерзімі 3 жылға дейін қыс­қарды. Сот оларды про­бация қызметіне тіркеу туралы шешім шығарды. Олар жылына 100 сағат еңбекпен айналысуға мәж­бүр­ленеді. Риэлтор Нұрайым Алданыш 5 жылға бас бостандығынан айы­­­­рылып, қауіпсіздігі орташа ко­лонияға жіберілетін болды. Оның да мерзімі рақымшылыққа бай­ланысты 2,5 жылға қыс­­­қарды.  

Айым БЕКТҰР