Күшін жойған қаулы үшін кім жауап береді?
Күшін жойған қаулы үшін кім жауап береді?
315
оқылды

Шымкент қаласы Құрсай шағын­ауданының шеткі аймағында ор­наласқан  282 орам 402 жер учас­кесінде жаңадан салынып жатқан үйлер туралы дау бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеу­меттік желіде қызу талқыға түсті. Мә­селенің мәнісі мынада...

Бұзылған қаулы артында 500-ге жуық отбасының тағдыры тұр

Құрсай шағынауданының 282 орамдағы 1812 гектар ауыл шаруашылығы жері  «Жер-Ана1» кооперативіне тиесілі. Оны ауыл шаруашылығы мақсатына 49 жылға жалға алған. Кооператив заңды тұлға ретінде 2003 жылы қаңтарда құрылған.  Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданына қарасты болған бұл аймақ 2013 жылы Шымкент қаласының аумағы кеңейген кезде қалаға кіріп кетеді. Кейін Шымкент өз алдына маңызы бар қала бол­ған 2018 жылы кооперативке тиесілі жердің бір бөлігі жеке тұрғын үй алабына өтеді. Осыдан кейін кооператив басшылығы жер­дің тағы біраз бөлігінің  ауыл шаруашылығы нысаналы мақсатын өзгертіп, 409 мүшеге үй салу үшін учаске ретінде қарастырады. Демек, жерді үлестіру осы кезден басталған. Алайда нысаналы мақсатты өзгертіп беру үшін қала әкімдігіне өтінішпен 2020 жылдың қаңтар айында шығады. Жер беру комиссиясы осы өтінішті қанағаттандырып, 2020 жылғы  20 қаңтар күні «Жер-Ана 1» кооперативіне тиесілі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін берілген жер учаскесінің 34,6342 гектарын нысаналы мақ­сатта коттедж қалашығын салу үшін 5 жылға беру туралы қала әкімдігінің №21 қаулысы шығады. Қаулыны негізге алған кооператив төрағасы пай үлесі барларға тұрғын үй салу үшін жер үлестіріп береді. Алайда көп ұзамай Абай ауданының прокуратурасы Шымкент қаласының  мамандандырылған экономикалық сотына осы қаулының күшін жою үшін шағым түсіреді. Экономикалық сот прокура­тураның шағымын қанағаттандырусыз қалдырады. Бұл – 2020 жылдың тамыз айы. Бірінші инстансада жеңіске жеткен ко­опер­тив мүшелері енді толық сеніммен баспаналарын тұрғыза береді. Бірақ про­куратура мұнымен тоқтамайды. Аудан­аралық соттың шешіміне келіспей,  Шым­кент қалалық сотына апелляциялық ша­ғым түсіреді. Осы жолы прокуратураның та­ла­­бы орындалып, қала әкімдігі қаулысы­ның күші жойылады. Демек, «Жер-Ана1» кооперативінің ауыл шаруашылығы ны­саналы мақсатындағы жеріне  коттедж қалашығын  салуға болмайды. Ендеше пай үлесі барлардың осы аз ғана уақыт ішінде тұрғызып алған үй мәселесі не болмақ? Міне, туындап жатқан дау осыдан шыққан.

Бір тамшы су қат

Біз бұл мәселенің анығына көз жеткізу үшін құрылыс жүріп жатқан аймаққа бардық. Қала шетіндегі шалғайда орналасқан «Жер-Ана 1» кооперативінде ауыл шаруа­шылығы бағытындағы жұмыстар бай­қалмайды, мүлгіген тыныштық.  Есесіне әр жерде кішігірім тұрғын үйлердің құры­лысы жүріп жатыр. Фермада қарауыл бо­лып отбасымен тұратын Нұрсауле Қалды­бекова жолдасының екінші топтағы мүге­дек екенін айтады. 4 баласы бар. Үлкен ұл­дары фермада трактор айдайды, басқа да шаруаларға көмектеседі. «Жеке үйіміз жоқ. Фермаға тиесілі баспанада осындағы техникалар мен малға қарап отырамыз. Пай үлесімізге тиесілі жерден тұрғын үй салуға рұқсат берсе, баспаналы болар едік. Үміттеніп отырмыз. Бірақ қазір ол мәселе даулы болып тұрған сияқты. Соған қарамастан біраз адам құжатсыз үй тұрғызып жатыр. Әрқайсының 4-5 баласы бар. Енді бұлар да дау шыққан соң құрылысын жалғастырарын не болмаса  тоқтатып қоярын білмей, дал болып қалды», – дейді ол. Жерге бидай, жоңышқа егілген. Дәл қазір жұмыс жоқ, орып алатын кезде қызады екен. Оның айтуынша, егіс жаңбыр суына тәуелді. Тәңірден жаңбырдың жауғанын тілеп отырады. Мұнда бір тамшы су қат. Әр он күн сайын 4 000 теңгеге бір цистерна толы су сатып алады. Бұл су тамаққа, кір жууға, мал азығына пайдаланылады.   «Есіктің алдына жеміс, көкөніс еге алмаймыз. Кір жуған су далаға кетпес үшін кішігірім гүл егіп қойғанмын. Табиғи газды армандаған да емеспіз. Біз үшін ең маңыздысы – су», – дейді ол. Фермаға кооператив төрағасы жиі келіп тұрады екен. Бірақ оны кезіктіре алмадық, ұялы телефон нөмірін бірнеше мәрте тергенімізбен, ала алмадық. Ұлымен де хабарластық. Кооператив төрағасы Қ.Ашеновпен байланысу қиынға соқты.

Жылдар бойы пәтерден-пәтерге көшіп, баспана мұқтаждығын көріп жүрген кооператив мүшелері көптен күткен қуанышты хабарды алған соң тез арада үй сала бастайды.

«Қолымызда құжат болмаса да, төрағаның нық сеніммен айтқан сөзіне сеніп, тамыз айынан бастап үш бөлмелі үйдің төбесін жауып алу үшін барымызды салдық. Ең бастысы, ішіне кіріп, қыстап шықсақ деген ой болды. Тапқан-таянғанымызды жұмсап, қарыз­данып жүріп, 4 миллион теңгеге жуық қаржыға осы үйді бітіріп алдық. Бұның өзі де толық біткен жоқ. Болашақта үлкен үй саламыз ба дегенбіз. Қора салу да ойда болған. Алайда кооператив төрағасы ақпан айында келіп, жиналыс өткізіп, әкімнің тұрғын үй салуға берген жерінің қаулысы бұзылып жатқанын, енді Жоғарғы Сотқа шағымдану керегін айтты. Бәріміз келісіп, қол қойдық. Содан бері тып-тыныш. Алайда біз күмәнданып қалдық. Құры­лысымызды ары қарай жалғастыруды да білмей отырмыз», – деді ол. Марина мұнда ауызсудың азабымен қоса электр желісінің де үлкен мәселе екенін жеткізді. Электр желісін жекемекеншік компания тартып берген. Қуаты әлсіз электр жарығы үшін 28 теңгеден төлем төлейді. Оның құнының қымбатынан бұрын қуатының төмендігі тұрғындарды әбден мезі еткен. Теледидар да, тоңазытқыш та жиі істен шығады. Ал судың 5 текше метрі – 4 000 теңге.

Құжатсыз жер сатылып жатыр

Бір қызығы, бұдан кейінгі барған 4 үйдің иесі де кооперативке ешқандай қатысы жоқ екенін, жерді қолдан сатып алғанын айтады. 8 сотық жерді 1-2 миллион теңге көлемінде алыпты. Көбі ақшаны толық бермеген, құжат біткен соң есептесеміз деп келіскен. 4 баланың анасы Гаухар Нартбаеваның да қолында бір құжаты жоқ. Таныс арқылы ортаға адам  салып, осы жерді 1 миллион теңгеге алыпты. Құрылысы жүріп жатқан үйлерін көруге келген екен. «Пәтерге ай сайын 35-40 мың теңге көлемінде ақша төлейміз. Әлі де пәтердеміз. Шамамыз келгенінше кішігірім үй салып жатырмыз. 2 бөлмесін болса да бітіріп, кіріп алсақ деген арма­нымыз бар. Құжатымыз жоқ болғанымен, араға түскен адам сенімді түрде  «сала беріңдер, құжатын әкеліп беремін» деген соң үйді тұрғыза бастадық. Балаларымыз биыл мектепке баруы керек, соған асығып отырмыз. Осы уақытқа дейін 4 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Әлі біраз шаруасы бар», – дейді ол. Тұрғын үй мен жер кезегіне тұра алмапты. Ол үшін 3 жыл бойы Шымкент қаласында тіркеуде тұруы тиіс екен. Тағы бір көпбалалы ана  Кулара Досқараева Құрал деген жігіттен нотариус арқылы 1 млн 300 мың теңгеден сатып алғанын айтады. Онда 400 мың теңге алдын ала төлем бергенін, қалғанын 2022 жылдың ақпан айына дейін төлеп беретінін, егер құжат ресімделмесе, сатқан, таратып берген төлемді екі есе етіп қайтаратыны жазылған. Жолдасының қара жұмыс істеп тапқан ақшасына біртіндеп салып жатыр екен. Есімін атауды жөн көрмеген тағы бір 7 баланың анасы құрылысы жүріп жатқан үйін көруге келіпті. «Ақшамыз болса, қаланың орталығынан алар едік. 7 баламмен пәтерде жүрміз. Сатқан адам «құжатты реттеп беремін» деген. Елдің бәрі құжатты алмаса да үй тұрғызып жатыр. Үкімет бізді жылатып, далаға қуып шықпас», – дейді ол. Байқағанымыздай, біз сөйлескен ағайында аса алаңдаушылық жоқ. Қолында бір жапырақ қағаз болмаса да, өздері тиын санап отырып, қал-қадірінше баспана тұрғызуды бастап кеткен. Ешқайсысының қаперіне «үйіміз заңсыз-ау» деген ой кіріп-шықпайды. Өзгелерден ерекшелеп, әдемі үй тұрғызып алған Жәнібек есімді жігіт жерді 2 миллион теңгеге алғанын, үй құрылысына 20 миллионға жуық қаржы кеткенін айтады. Ал құжаттан хабары жоқ.

Төраға неге бас тартты?

Мұндағы сатылып жатқан жерлерді көріп, пай үлесін алғандар сатып жатыр ма екен деген ойға қалдық. Алайда басым бөлігі бір азаматтан сатып алыпты. Ал ол жігітке хабарласқанымызда, ешнәрсе айта алмайтынын жеткізді. Мұнда бір шикілік бары анық. Кооператив төрағасы Қ.Ашеновтің телефон нөміріне тағы да бірнеше рет қоңырау шалдық. Телефонына хабарласа алмаған соң үйін іздеп баруға тура келді. Төраға сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Тіпті, бізге «бұл мәселеге араласпаңыздар» дегендей сыңай танытты. «Барлығы да заңды, тағы біраз уақыт күтіңіздер, жауап болады» деп қысқа қайырды ол. қаулы Шымкент қаласы Сәулет, қала құры­лысы және жер қатынастары басқарма­сы­ның бас маманы Нұрдәулет Өтепбергенов­тің айтуынша, жер өз мақсатына пайда­ланылуы тиіс. «Жер комиссиясы алғашын­да жер телімінің нысаналы мақсатын «коттедж қалашығын салуға» өзгертуіне келісім беріп, қала әкімдігінің қаулысымен бекітілгенімен, Абай аудандық прокура­тура­сы оның күшін жоюға шағым түсірген. Алғашқы сотта кооператив тарапы жеңіске жеткенімен, бәрібір 2020 жылдың қараша айында қалалық соттың ұйғарымымен про­куратураның талабы қанағаттан­дырылды. Қаулы күшін жойды. Әкімдік ешқандай жерді алып қойған жоқ, бар болғаны нысаналы мақсаты сол баяғы ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өндіруі тиіс құқымен қалды. Яғни, онда тұрғын үй салуға бол­майды. Егер  ойда-жоқта тексеру болса, «Жер-Ана1» кооперативіне жердің өз мақ­са­тына пайдалануы тиіс екенін айтып, ескерту беріп кетеді. Егер ескерту орын­далмаса, мемлекет ол жерді алып қоюға құқылы», – дейді бас маман.

Инфрақұрылымы жоқ жер тұрғын үй салуға беріліп кеткен

Жалпы, Абай аудандық прокура­тура­сының талап-уәжіне сүйенсек, Шымкент қаласында 120 мыңға жуық тұрғын жер кезегінде тұр.  «Ауылшаруашылық жерін коттедж салуға өзгертер кезде осы жайт ескерілуі тиіс еді», – дейді. Сонымен қатар ол  аумақта жеке  тұрғын үй құрылысына ыңғайластырылған электр және су желілері тартылмағаны да ескерілмеген. Жер учаскелерін бөліп беру талабы да орын­далмаған. Басқарма өкілінің айтуынша, апел­ляциялық соттың шешімінен соң, яғни қараша айынан бері 6 ай ішінде талапкер­лердің Жоғарғы Сотқа шағым түсіруіне болар еді. Алайда Жоғарғы Соттан көрінбей тұр деген жауап айтады. Дегенмен біз Жоғарғы Соттың соңғы жауабы айтылған мәліметті де таптық. 2021 жылғы 15 наурызда Жоғарғы Соттан «Жер-Ана 1» кооперативі жетекшісінің уәжі Шымкент қалалық сотының актісін кассациялық тәртіпте қарауға негіз бола алмайды деген ұйғарым жасалған. Демек, Шымкент қалалық сотының шешімі күшінде қалады. Кооператив төрағасының келер апталарда бір нәтиже болады деп жауап беруі қандай да бір үміт ұшқыны ма екен, кім білсін?! Әлде өзі де әлі күнге дейін соңғы шешімге сенгісі келмей жүр ме? Сонымен, кімді кінәлаймыз? 500-ге жуық отбасының обалы кімге?  Қолына қаулы тие сала басқа құжаттарды реттемей, асығыс жер үлестіріп тастаған кооператив төрағасын ба? Әлде құжатсыз жерді сатып жатқан жанды ма? Шымкент қаласының әкімдігі прокуратура ұсынып отырған талаптарды кезінде неге қарамаған деген де ой келеді. Басқа басқа, жер беру комиссиясы Жер кодексінің 44-бабында көрсетілгеніндей, инфрақұрылымы жоқ жерге тұрғын үй салуға болмайтынын білмей ме екен?!

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы