Ұлттық университет ректорларын республикалық комиссия мүшелері тағайындайтынын білеміз. Бұрын бұл жүйе басқа сипатқа ие еді. Қазір қоғамда жастардың ректорлық қызметке келетіні жиі талқыға түсіп жүр. Әлде олардың университетке қатысты жобасы үздік пе? Одан бөлек, ғылыми атақ дәрежеге қатысты да пікір бар.
Комиссия мүшелері ректорларды қалай тағайындайды?
Иә, 2019 жылы елімізде ректорларды тағайындау тәртібі өзгерді. Өйткені 2008 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындары ректорын Президент тағайындайтын. Мұның бәрі ЖОО-ларды басқару мен академиялық дербестік беру қажетінен туындаған еді. Біраз жылдан бері «Назарбаев университет» ДББҰ жұмысы мысалына сәйкес, министрлік университет жұмысына тікелей араласпайды. Осылайша, ұлттық ЖОО ректорлары конкурстық негізде тағайындалады. Бұл турасында министр Асхат Аймағамбетовтің тәптіштеп түсіндіріп бергені бар. «Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екіншіден, айқындылық. Барлық кандидаттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Бұдан әрі Білім және ғылым министрінің төрағалығымен республикалық комиссия үміткерлері үсынып отырған «Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламалары» жобаларын қарастырады. Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік» деген еді министр. Сонымен, жыл басынан бері республикалық комиссия шешімі бойынша Жансейіт Түймебаевтың ҚазҰУ-ға, Ерлан Сыдықовтың ЕҰУ-ға ректорлық қызметке келгенін білеміз. 20 сәуір күні Қ.Сәтпаев атындағы ғылыми-зерттеу университетіне Мейрам Бегентаев ректор болып тағайындалды. Ал наурыз айында Жанар Темірбекованың Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық университетке ректор болып тағайындалуы әлеуметтік желіде талқыға түсті. Дәлірек айтсақ, кандидаттар тізімінде Аида Сағынтаева мен Жанар Темірбекованың барына әртүрлі пікір білдіргендер бар. Мұнда «халықаралық университеттің ректорын тағайындау кезінде неліктен конкурстық комиссияға жүгінбейді» дейтін сұрақ туған еді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы сұхбаттарының бірінде қазір ректорлық қызметке жастардың келетінін, олардың ғылыми дәрежесіне аса мән берілмейтінін айтқан-ды. Біз де осы пікір төңірегінде мәселенің анық-қанығына жеткіміз келді. Министрлік берген мәліметке назар аударсақ, республикалық комиссияның құрамына Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары, салалық кәсіподақ және «Атамекен» ҰКП өкілі, мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғам қайраткерлері кіреді. Премьер-Министрдің орынбасары комиссия төрағасы ретінде бекітілген. Ашық конкурсқа үміткерлерді іріктеудің негізгі талабы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің және білім беру саласында басшылық лауазымдарда кемінде 5 жыл еңбек өтілінің болуы міндетті. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде конкурсқа жіберілген үміткерлердің құжаттары мен даму бағдарламалары директорлар кеңесінде қаралады. Іріктелген кандидатуралар республикалық комиссияның қарауына ұсынылады. Екінші кезеңде республикалық комиссия іріктеуден өткен үміткерлердің кандидатураларын қарайды және Басқарма Төрағасы – ректорды тағайындауға бір кандидатты ұсынады.«Конкурстық рәсім екі кезеңнен тұрғандықтан әр қатысқан үміткерлердің даму бағдарламалары жан-жақты талқылаудан өткізіледі. Сонымен бірге даму бағдарламасын іске асырудың ерекшеліктері мен басқару жүйесіне енгізілетін жаңашыл бастамалар да ескеріледі. Конкурс барысында үміткерлердің жеке қасиеттеріне де ерекше назар аударылады. Соған байланысты комиссия мүшелерімен үміткерлерге олардың жеке құзіреттілігі мен игерген дағдыларына қатысты модельденген ситуациялық сұрақтар қою арқылы сұхбат жүргізіледі. Сұхбат жүргізудің нәтижесінде ашық дауыс беру арқылы республикалық комиссия мүшелері ректор лауазымына тағайындауға бір кандидатты ұсынады» деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.Министрлікке қарасты 28 оқу орнының 20-сында ректорлар тағайындалды. Қалған 8 жоғары оқу орнында, оның ішінде 4 университетте республикалық комиссияның шешімімен кандидаттар анықталып лауазымға тағайындалуға ұсынылған екен. Ал қалған 4 университет бойынша тиісті конкурстық рәсімдерді жүргізу жоспарланып жатыр. Жалпы, ректорлық конкурсқа қатысуға бүгінге дейін 200-ге жуық (нақты 182) адам ниет білдірген. Сонымен, ректорлық орынға отырған жастардың қатарында Дархан Билялов (ҚазПУ) –37 жаста, Гүлмира Қанай (ҚызПУ) – 35 жаста, Мейрам Бегентаев (ҰҒЗУ) – 47 жаста және Жанар Темірбекова (МҚТУ) бар.Шетелде ректорларды қалай сайлайды?
Осы тұста шетелдегі университет басшыларын сайлау механизмі туралы жазылған еңбекке назар аудардық. Мәселен, оқу орнын басқаратын тұлғаны әр елде әртүрлі атайды. АҚШ-та, Жапонияда және Францияда президент, Швецияда ректор деп атайды. Ал Германияда ректор деп те, президент деп те атауға болады. Одан бөлек, университеттің басқару құрамында ректоры да, президенті де бар ЖОО-лар кездеседі. Мысалы, Нидерландтың жоғары оқу жүйесіндегі құрылым жоғарыда сипаттағанымыздай жіктеледі. Ал ректорды сайлау тәртібіне келсек, барлық университетте бірдей талап жоқ. Ретіне қарай оқу орнында арнайы комиссия құрылып, сол арқылы басшыны таңдайды. Мысалы, Венгрияда университет басшысын тағайындауда министрлік шешіміне басымдық береді. Аустрия, Германия, Швециядағы оқу орнында кеңес құрылғанымен, мемлекеттің мақұлдауын күтеді. Ресейдегі құрылымды да осы тізімге жатқызсақ болады. Дәлірек айтсақ, «Ресей Федерациясындағы білім беру» федералды заңында ректорды тағайындау жайында жазылған. Елде оқу орны басшысын тағайындауда төрт түрлі тәсіл бар. Біріншісі, құрылтайшының мақұлдауымен университеттің жалпы жиналысында шешім қабылданады. Екіншіден, тағайындау кезінде құрылтайшының салмағы басым болады. Үшіншіден, Президент тағайындайды. Төртіншіден, Үкімет те тағайындауға құқылы. Сондықтан аталған елде кейбір университет басшылары осындай жүйемен тағайындалады. Ал жекеменшік оқу орындары дербестікке ие.Ал ректорды сайлау тәртібіне келсек, барлық университетте бірдей талап жоқ. Ретіне қарай оқу орнында арнайы комиссия құрылып, сол арқылы басшыны таңдайды. Мысалы, Венгрияда университет басшысын тағайындауда министрлік шешіміне басымдық береді.
Сондай-ақ Ресейде біраз жылдан бері ректор сайлау кезінде мынадай басымдыққа назар аударып жатыр. Э.Галажинскийдің зерттеуіне мән берсек, заманауи ректорларға медиадағы бет-бейнесі, ректордың ашықтығы және оның әрі ректор, әрі басқарушы менеджер бола білуіне көңіл бөлінеді. Яғни, университет үшін тиімді келісім жасап, ішкі және сыртқы ұйымдастыру жұмысында белсенді жұмыс істей алғаны маңызды. Ұлыбританияда, АҚШ пен Францияда университеттер өзара кеңесіп, алқа құрып, басшы таңдай алады. Кейбір мемлекеттерде ректорларды оқу орны қызметкерлері дауыс беру арқылы іріктейді. Мысалы, мұндай жүйе Испания, Италия мен Финляндияда бар. Жоғарыда тағайындау механизміне біраз тоқталдық. Байқасаңыз, ұқсас жағы мен айырмашылығы бар. Ал ректорларға қойылар талап бірдей деуге келеді. Университет ректоры атанғысы келетін кандидаттың профессорлық қызметі мен ғылым докторы деген атағы болғаны жөн. Бельгияда, Сербияда, Польшада басшыны университет қызметкерлерінің арасынан таңдайтын үрдіс бар. Ал АҚШ-та, Ұлыбритания мен Қытайда ЖОО-ны басқаруға жоғары басшылық қызметте болған мамандар мен өзге оқу орындарының экс-ректорлары келе алады. Мысалы, елімізде осындай ауыс-түйіс болатыны рас. Жоғарыда аталған зерттеу еңбекте ректорлардың жас шамасы да көрсетілген. 2019 жылғы дерек бойынша, Ресейде ректорлардың минималды жасы 39,5, максималды жас 67,9 деп жазылған. Шетелдегі университет ректорлары 50,2-71,9 жас аралығында болған. Естеріңде болса, жақында Ресейдегі университет ректорлығына 33 жастағы Алмаз Гайсиннің жас шамасына байланысты сайлана алмағаны қоғамда дау тудырған. Оның техника ғылымдарының докторы, оқу орнындағы физика техникалық факультеттің меңгерушісі, оған қоса ғылыми жетістіктері үшін бірнеше мәрте жүлдегер болған. Ал Қазан Ұлттық зерттеу университетінің ректоры қызметіне келген Тимур Алибаевтың ғылыми дәрежесіне көпшілік сын көзбен қарап отыр. Ақпаратқа сүйенсек, көптің көкейінде «Ғылым докторы атағы жоқ тұлға қалай докторлар мен профессорларға бұйрық бере алады?» деген сұрақ тұр. Бұл мәселені неге қозғап отырмыз? Өйткені білім жүйесі қарқынды дамып келе жатқан Қытай басшысының біліктілігіне ерекше мән береді. Қытайдағы жоғары білім беру жүйесін зерттеген Куктың айтуынша, оқу орны басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамын үнемі кәсібі тұрғыда дамыту, шыңдау Қытайдың ұлттық білім беру жүйесінің негізі.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ