Ректорды кім тағайындайды?
Ректорды кім тағайындайды?
298
оқылды

Ұлттық университет рек­тор­ларын республикалық ко­миссия мүшелері тағайын­дайтынын білеміз. Бұрын бұл жүйе басқа сипатқа ие еді. Қа­зір қоғамда жастардың рек­торлық қызметке келетіні жиі талқыға түсіп жүр. Әлде олар­дың университетке қа­тысты жобасы үздік пе? Одан бөлек, ғылыми атақ дәрежеге қатысты да пікір бар.

Комиссия мүшелері ректорларды қалай тағайындайды?

Иә, 2019 жылы елімізде рек­торларды тағайындау тәртібі өз­герді. Өйткені 2008 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындары ректорын Президент тағайын­дайтын. Мұның бәрі ЖОО-ларды басқару мен академиялық дер­бестік беру қажетінен туындаған еді. Біраз жылдан бері «Назарбаев университет» ДББҰ жұмысы мы­салына сәйкес, министрлік уни­верситет жұмысына тікелей ара­ласпайды. Осылайша, ұлттық ЖОО ректорлары конкурстық негізде тағайындалады. Бұл турасында министр Асхат Аймағамбетовтің тәптіштеп түсіндіріп бергені бар. «Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кан­дидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екін­шіден, айқындылық. Барлық кан­дидаттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайы­сы мен бәсекелестік. Бұдан әрі Білім және ғылым министрінің төрағалығымен республикалық комиссия үміткерлері үсынып отырған «Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламалары» жоба­ларын қарастырады. Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік» деген еді министр. Сонымен, жыл басынан бері республикалық комиссия шешімі бойынша Жансейіт Түймебаевтың ҚазҰУ-ға, Ерлан Сыдықовтың ЕҰУ-ға ректорлық қызметке кел­генін білеміз. 20 сәуір күні Қ.Сәтпаев атындағы ғылыми-зерттеу университетіне Мейрам Бегентаев ректор болып тағайын­далды. Ал наурыз айында Жанар Темірбекованың Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық университетке ректор болып тағайындалуы әлеу­меттік желіде талқыға түсті. Дә­лірек айтсақ, кандидаттар тізімін­де Аида Сағынтаева мен Жанар Темірбекованың барына әртүрлі пікір білдіргендер бар. Мұнда «ха­лықаралық универ­ситеттің рек­торын тағайындау кезінде неліктен конкурстық комиссияға жүгін­бейді» дейтін сұрақ туған еді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы сұхбаттарының бірінде қазір ректорлық қызметке жастардың келетінін, олардың ғылыми дәрежесіне аса мән берілмейтінін айтқан-ды. Біз де осы пікір төңірегінде мәселенің анық-қанығына жеткіміз келді. Министрлік берген мәліметке назар аударсақ, республикалық комиссияның құрамына Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары, салалық кәсіподақ және «Атамекен» ҰКП өкілі, мүдделі мемле­кеттік органдар, сондай-ақ қоғам қайрат­керлері кіреді. Премьер-Министрдің орынбасары комиссия төрағасы ретінде бекітілген. Ашық конкурсқа үміткерлерді іріктеудің негізгі талабы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің және білім беру саласында басшылық лауазымдарда кемінде 5 жыл еңбек өтілінің болуы міндетті. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кон­курсқа жіберілген үміткерлердің құжаттары мен даму бағдарлама­лары директорлар кеңесінде қаралады. Ірік­телген канди­датуралар республикалық ко­мис­сия­ның қарауына ұсынылады. Екінші кезең­де респуб­ликалық комиссия іріктеуден өткен үміткерлердің кандидатураларын қарайды және Басқарма Төрағасы – ректорды тағайындауға бір кандидатты ұсы­на­ды.«Кон­­­­курс­тық рәсім екі кезеңнен тұрған­дықтан әр қатысқан үміткер­лердің даму бағдарламалары жан-жақты талқы­лаудан өткізіледі. Сонымен бірге даму бағдар­лама­сын іске асырудың ерекше­ліктері мен бас­қару жүйесіне енгізілетін жаңашыл бастамалар да ескеріледі. Кон­курс барысында үміткерлердің жеке қаси­еттеріне де ерекше назар аударылады. Соған байланысты комиссия мүшелерімен үміткерлерге олардың жеке құзіреттілігі мен игерген дағдыларына қатысты модель­денген ситуациялық сұрақтар қою арқылы сұхбат жүргізіледі. Сұхбат жүргізудің нәти­жесінде ашық дауыс беру арқылы респуб­ликалық комиссия мүшелері ректор лауазымына тағайындауға бір кандидатты ұсынады»  деп жауап берді минис­трлік­тің баспасөз қызметі.Ми­нис­тр­лікке қарасты 28 оқу орнының 20-сында ректорлар таға­йын­далды. Қалған 8 жоғары оқу орнында, оның ішінде 4 университетте респуб­ликалық комиссияның шешімімен канди­даттар анықталып лауазымға тағайындалуға ұсынылған екен. Ал қалған 4 университет бойынша тиісті конкурстық рәсімдерді жүргізу жоспарланып жатыр. Жалпы, ректорлық конкурсқа қатысуға бүгінге дейін 200-ге жуық (нақты 182) адам ниет білдірген. Сонымен, ректорлық орынға отырған  жастардың қатарында Дархан Билялов (ҚазПУ) –37 жаста, Гүлмира Қанай (ҚызПУ) – 35 жаста, Мейрам Бегентаев (ҰҒЗУ) – 47 жаста және Жанар Темірбекова (МҚТУ) бар.

Шетелде ректорларды қалай сайлайды?

Осы тұста шетелдегі университет бас­шыларын сайлау механизмі туралы жазыл­ған еңбекке назар аудардық. Мәселен, оқу орнын басқаратын тұлғаны әр елде әртүрлі атайды. АҚШ-та, Жапонияда және Фран­цияда президент, Швецияда ректор деп атайды. Ал Германияда ректор деп те, президент деп те атауға болады. Одан бөлек, университеттің басқару құрамында ректоры да, президенті де бар ЖОО-лар кездеседі. Мысалы, Нидер­ландтың жоғары оқу жүйесіндегі құрылым жоғарыда сипат­тағанымыздай жіктеледі. Ал ректорды сайлау тәртібіне келсек, барлық университетте бірдей талап жоқ. Ретіне қарай оқу орнында арнайы комис­сия құрылып, сол арқылы басшыны таң­дай­ды. Мысалы, Венгрияда университет басшысын тағайын­дауда министрлік шешіміне басымдық береді. Аустрия, Германия, Швециядағы оқу орнында кеңес құрылғанымен, мемлекеттің мақұлдауын күтеді. Ресейдегі құрылымды да осы тізімге жатқызсақ болады. Дәлірек айтсақ, «Ресей Федерация­сындағы білім беру» федералды заңында ректорды тағайындау жайында жазылған. Елде оқу орны басшысын тағайындауда төрт түрлі тәсіл бар. Біріншісі, құрылтай­шының ма­құл­дауымен университеттің жалпы жина­лы­сында шешім қабыл­данады. Екіншіден, тағайындау кезінде құ­рыл­тай­шы­ның салмағы басым бола­ды. Үшіншіден, Президент тағайын­дайды. Төр­тіншіден, Үкімет те та­ғайын­дауға құқылы. Сондықтан аталған елде кейбір университет басшылары осындай жүйемен тағайындалады. Ал жекеменшік оқу орындары дербестікке ие.

Ал ректорды сайлау тәртібіне келсек, барлық уни­верситетте бірдей талап жоқ. Ретіне қарай оқу орнында арнайы комиссия құрылып, сол арқылы басшыны таңдайды. Мысалы, Венгрияда университет басшысын тағайын­дауда министрлік шешіміне басымдық береді.

Сондай-ақ Ресейде біраз жылдан бері ректор сайлау кезінде мынадай басымдық­қа назар аударып жатыр. Э.Галажинский­дің зерттеуіне мән берсек, заманауи ректорларға медиадағы бет-бейнесі, рек­тор­дың ашықтығы және оның әрі ректор, әрі басқарушы менеджер бола білуіне көңіл бөлінеді. Яғни, университет үшін тиімді келісім жасап, ішкі және сыртқы ұйымдастыру жұмысында белсенді жұмыс істей алғаны маңызды. Ұлыбританияда, АҚШ пен Францияда университеттер өзара кеңесіп, алқа құрып, басшы таңдай алады. Кейбір мемле­кеттерде ректорларды оқу орны қызметкерлері дауыс беру арқылы ірік­тейді. Мысалы, мұндай жүйе Испания, Италия мен Финляндияда бар. Жоғарыда тағайындау механизміне біраз тоқталдық. Байқасаңыз, ұқсас жағы мен айырмашылығы бар. Ал ректорларға қойылар талап бірдей деуге келеді. Уни­верситет ректоры атанғысы келетін канди­даттың профессорлық қызметі мен ғылым докторы деген атағы болғаны жөн. Бельгияда, Сербияда, Польшада басшыны университет қызметкерлерінің арасынан таңдайтын үрдіс бар. Ал АҚШ-та, Ұлы­британия мен Қытайда ЖОО-ны бас­қаруға жоғары басшылық қызметте болған мамандар мен өзге оқу орындары­ның экс-ректорлары келе алады. Мысалы, елімізде осындай ауыс-түйіс болатыны рас. Жоғарыда аталған зерттеу еңбекте рек­торлардың жас шамасы да көрсетілген. 2019 жылғы дерек бойынша, Ресейде ректорлардың минималды жасы 39,5, мак­си­малды жас 67,9 деп жазылған. Шетелдегі университет рек­торлары 50,2-71,9 жас аралығында болған. Естеріңде болса, жақында Ресейдегі уни­верситет ректорлығына 33 жастағы Алмаз Гайсин­нің жас шамасына байланысты сайлана алмағаны қоғамда дау тудырған. Оның тех­ника ғылымдарының докторы, оқу ор­нын­дағы физика техникалық факуль­теттің меңгерушісі, оған қоса ғылыми жетістіктері үшін бірнеше мәрте жүлдегер болған. Ал Қазан Ұлттық зерттеу универ­ситетінің ректоры қызметіне келген Тимур Алибаевтың ғылыми дәрежесіне көп­шілік сын көзбен қарап отыр. Ақ­паратқа сүйенсек, көптің көкейінде «Ғылым докторы атағы жоқ тұлға қалай докторлар мен профессорларға бұйрық бере алады?» деген сұрақ тұр. Бұл мәселені неге қозғап отырмыз? Өйткені білім жүйесі қарқынды дамып келе жатқан Қытай басшысының білік­тілігіне ерекше мән береді. Қытайдағы жоғары білім беру жүйесін зерттеген Куктың айтуынша, оқу орны басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құра­мын үнемі кәсібі тұрғыда дамыту, шың­дау Қытайдың ұлттық білім беру жүйесінің негізі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ