Қызылорда экологиялық апаттың алдында тұр

Қызылорда экологиялық апаттың алдында тұр

Байқоңырдан ұшқан зымыран, Аралдың табанындағы тұзды шаң Қызылорда облысына орасан зор экологиялық апат әкеліп жатқаны жасырын емес. Онсыз да экологиядан көз ашпаған Сыр халқын енді Сырдария өзені одан бетер алаңдата бастады. Өйткені өзенінің суы күн сайын, тіпті сағат сайын көз алдымызда сарқылып барады.

СЫРДАРИЯ ӘМУДАРИЯНЫҢ КҮЙІН КЕШЕ МЕ?

Бір кездері суы арнасына сыймаған Әмударияның түбіне мақта өсімдігі жетті. Көрші елдер Әмударияның суын үздіксіз егістікке пайдаланып, қазір дария арна­сын­да щаң бұрқырап жатыр. Тек бұл өзен айдыны жерасты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Соған қарамастан көрші ағайындар Әмударияның айдынын тол­тыру­ға ешбір құлық танытар емес. Ке­рісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспорт­қа шығарылатын ылғал сүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суарылады. Есесіне бүгінде үлкен Аралға Әмудариядан бір тамшы да су келмейтін көрінеді. Кіші Аралды сақтап тұрған Сырдария суынан да маза қашқалы 2-3 жылдан асты. Жылда су тапшылығы сезілгенімен, оның шешу жолы тек егістік алқаптарды қысқартумен шектеледі. Мәселен, былтыр су тапшылығын сезінген диқандар биыл тағы да күріш егістігінің көлемін 5,1 мың гектарға азайтты. Сыр өңірі егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болған соң суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ететініміз бел­гілі. Оның үстіне, экологиялық қажеттілік­тер бар. Жауапты мамандардың айтуынша, Қызылорда облысына  Сырдария  арнасы­нан  жылына  5,4 млрд текше метр су бері­леді. Оның ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына – 4,174 млрд текше метр, суаруға – 4,159, ба­лық шаруашылығына 10 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ экологиялық қажеттіліктерге орай жылына 1,2 млрд тек­ше метр су алынатын көрінеді. Бұл – дария табанында және шағын өзендер мен көл­дерге құйылып тұратын су көлемі. – Судың мәселесі қанша айтылса да,  еліміздің су саясатын күшейтпейінше, түк шықпайды. Әлімсақтан арқырап аққан Сыр суы қазір Әмударияның кейпін киюге жақын. Бар мәселе – әсіресе Өзбекстанның ортақ суды пайдаланудағы өктемдігінде. Мемлекетаралық су проблемасы мемлекет­тік деңгейде шешілуі тиіс. Олай болмағанда Сырдария Әмударияның соңынан кетеді. Өлмейді. Рахатын өзбек көреді. Әмудария­ның суын Қарақұм каналы қалай жұтса, өзбек те солай Сырды меншіктейді, – дейді су мәселесін көтеріп жүрген ардагер-журналист Айткүл Шалғынбаева. Дария табанынан су қашқалы Қызыл­орда облысы көлеміндегі орташа ылғал­дылық 18 % дейін төмендеген. Жерасты суының деңгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның төменгі ағысындағы 300 көлден, қазір 130-дай ғана сақталып қалды. Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметінше, 2020 жылы Қызылорда облысының суармалы егіс­тігінде су тапшылығы болып, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдер жүйесіне, Арал теңізіне межеленген су көлемі түспей, әлеуметтік-экономика­лық және экологиялық жағдай нашар­лағаны байқалды. Яғни, Арал теңізіне түскен су көлемі 2018 жылы – 4,3 млрд текше метр, 2019 жылы – 3,7 млрд текше метр, 2020 жылы 1,6 млрд текше метр болған. Ал биыл, тіпті егін науқа­ны әлі де толық бас­талмай жатып-ақ, дарияның түбі көрініп қалды. Дәл қазіргі сәтте Шардара су қоймасы­нан секундына 250 текше метр, Көксарай­дан 300 текше метр төменге тасталуда. Облысқа барлығы шамамен секундына 500 текше метр су келуде. Жалпы, облыс аумағында 7 су қоймасы бар. Сыйымдылығы – 37,9 миллион текше метр.

СУЫ ҚАШҚАН ҚАМБАШ

Көлдің ежелгі аты – Қамыстыбас, жер­гілікті тұрғындар Қамбаш деп атайды. Осы Қамбаш айдыны соңғы екі жылдан бері тартылып, көлдің су деңгейі жағалаудан 300-400 метрге алшақтап кеткен. Басты себеп түсінікті. Көлге өз мөлшерінде су түспеді. Сырдарияның сиқы жүдеу. Бұрын арқырап жатпаса да, арынынан айырыла қоймаған өзен көктем басталғалы ерекше тартылды. Тіпті өзеннің қақ ортасынан құмшауыт аралдар пайда болып, кейбір жайпауыт тұстан адам да, мал да кешіп өте беретін болған. – Сырдария өзені жаз айларында бұрын-соңды болмаған жағдайға жетіп, Қаракөл, Қамбаш секілді ірі көлдердің суы едәуір азайып кетті. Бұл мәселе дереу шешілгені дұрыс. Әйтпесе, төрт түлік мал бағып, балық аулап отырған жергілікті тұрғындар жақын арада көлдің тартылуы тоқтамаса, халыққа қиын соққалы тұр, – дейді жергілікті тұрғындар. Туризмнің төрі болған Қамбаш – облыс­тағы ең үлкен көл. Аумағы – 178 шар­­шы шақырым. Ені – 30, жағалау ұзын­дығы 115  шақырымға дейін созылып жа­тыр. Ең терең жері 10 метрге дейін баратын көрінеді. Қамбашқа Совет жарма мен Жасұлан каналы арқылы су келеді. Бұдан бөлек, Қамбашты суға толтыруға Тәуіп жармасы да өз үлесін қосады. Жақында осы көлдегі су мәселесін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев көзбен көріп қайтты. – Су шаруашылығына қатысты жағдай қиын. Шұғыл шаралар қабылдау қажет. Сырдария өзенінің Аманөткел ауылы маңында су торабын салу мәселесін қарау керек. Бұл Қамыстыбас және Ақшатау көл жүйелеріндегі су деңгейін ұстап, толтырып отыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр. Еске сала кетейік, осыдан 10 жыл бұрын Қамбаш жағасына демалыс аймағы салына бастаған. Ол 494 гектар аймақты алып жатыр. Жазғы маусымда 100 мыңға жуық турист демалуға келеді.Ин­фра­құрылымға қоса тура осы өңірден «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық автокөлік жолының салынуы жақ­сы­лық­ты еселей түскен. Ұзақ сапарда келе жатқандар алдан шыққан айдынды құр жібермей, демалатын. Туризмнің төрі бол­ған сол Қамбаш көлі биыл тартылып, жаға­лаудан жырақтап барады. Себебі – әлгі Тә­уіп жармасы арқылы келетін су азайған. Каналдың Сырдариядан жырылып шыға­тынын ескерсек, биыл дарияның күйі был­тырғыдан да мүшкіл болады деген болжамдар айтылып жатыр. Егер көл осылай тартыла берсе, Арал ауданы экологиялық әрі экономикалық зардапты қайта бастан кешеді. Балық аулау мен өңдеумен айналысатын кәсіпорындар тоқтайды. Қаншама қаржыға салынған демалыс орындары қаңырап қалады. Тағы жұмыссыздық белең алып, еңсесін тіктей бастаған елден береке кетеді. Су мәселесіне алаңдаған жұрттың базынасы – осы.

«АРДАГЕРЛЕР ДАУЫСЫ» АҚОРДАҒА ЖЕТЕ МЕ?

Қызылорда облыстындағы «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестіктің атынан бір топ қоғам қайраткері Сырдария мәселесіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Хаттың кіріспе сөзін «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деп бастаған Қызылорда облысында басшылық қызмет атқарған бір топ еңбек ардагерлері Сыр-ананың тағдырына алаңдап, хат жазуға мәжбүр болды. Олар алдымызда су тапшылығы ғасыры келе жатқанын ескеріп, стратегиялық маңызы бар су ресурсы жайына аса мән беру қажет деп есептейді. – Сыр елінің халқы Сізден су ресурс­тары­ның стратегиялық қауіпсіздігі сая­сатына аса мән беріп, 1993 жылғы мемле­кетаралық келісімге сәйкес, жылына су­дың 12,5 млрд текше метр көлеміндегі үлесімізді алу мәселесін тікелей өзіңіздің басқаруыңызды, тиісті халықаралық тәжірибелер мен талаптарды негізге ала отырып, оның шешу жолдарын қарас­тыруыңызды өтінеді. Бұған жылдан-жылға облысқа берілетін су мөлшерінің азайып келе жатқаны себеп болып отыр. Мұны 2019 жылы – 6,2, 2020 жылы 5,2 млрд текше метр көлемінде ғана су бөлінгенінен-ақ байқауға болады. Осыған байланысты біріншіден, елімізде су ресурстарының стратегиялық қауіпсіздігін қалыптас­тыратын жоғары деңгейде арнайы комис­сия құрып, 1993 жылғы трансшекаралық су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімге сәйкес, Қазақстанға тиесілі су көлемінің бөлінуіне және минералдық сапасына қол жеткізу керек. Екіншіден, Сырдария өзенінің жоғарғы арнасы бойында Қазақстанның келісімінсіз су қоймалары салынуына жол берілмеуі тиіс. Үшіншіден, республика деңгейінде басқа мемлекет­термен тең дәрежелі келіссөз жүргізе алатын қауқарлы, беделді құрылым құру мәселесін шешу, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жөніндегі САРАТС жобасы екінші фазасының орындалуын жеделдету, халықаралық «Арал» қорының мекемесін Арал ауданына көшіру мәселесі қолға алынғаны жөн. Бұл 1993 жылы қабылданған мемлекетаралық келісімде де атап көрсетілген болатын. Қызылорда облысында осы жылы да, алдағы уақыт­тарда да күріш көлемін қысқарту жөнінде мәселе қозғалмауы керек. Ол тек егіс егу алдындағы су жағдайына қарай белгілі бір мөлшерде шектелетін болуы тиіс, – делінген хатта. Сыр елінің атынан дабыл қаққан қоғам қайраткерлері 2007 жылы Қызылорда облысы халқының қарсы болуына қарамастан Көксарай су реттегіші салы­нып, дарияның орта және төменгі ағысы бойындағы жағдайды одан бетер ушықтыра түскенін айтады. Биыл қыста Көксарай су реттегіші 1,5-1,7 млрд текше метр көлемде су жинады. Көксарайдың атқаратын қызметі жаз айларында Қызылорданың егінін қосымша сумен қамтамасыз ету еді. Бірақ Көксарай екі облыс аралығында орналасуына байланысты Түркістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруа­шылығын дамыту, суармалы егін көлемін арттыру мақсатында пайдаланып отыр. Сондықтан егін науқанында дария суы шамадан тыс тартылып, өзен суы сирақтан келіп қалды.

ҮМІТ һәм КҮДІК

Диқандар жерге дән септі. Егістік басындағылар биыл да мол өнімнен үмітті. Бірақ күдік те жоқ емес. Өйткені дарияның жүдеу күйі үмітке күдік ұялатты. Кеңес дәуірінде республикадағы күрішпен айналысатын жалғыз облыста 270 мың гектар егістік жер инженерлік жүйемен тегістеліп, барлық инфра­құры­лымы жасалған болған. Сол кезде тегіс­телген жердің 37-40 пайызы мал азы­ғына арналған дақылдар, 130 мың гек­тардан астам жері күріш егуге есептелді. Қазіргі таңда күріш дақылы облыстағы 147 ауылдық округтің 120-дан астам ауылының жалғыз күнкөріс көзі болып отыр. Өткен жылы да жан-жақтағы Шардара, Көксарай, Тоқтағұл, Әндіжан су қойма­ларындағы жинақталған су көлемі 2019 жылмен салыстырғанда едәуір төмен екені айтылды. Су тапшылығына байланысты былтыр облыс бойынша 7 100 гектар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруашылықтар тарапынан жөнді орын­далмады. Жер-Ананың берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ жаз бойғы су тапшылығы сала мамандарын да, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіп­керлерді де әуреге салғаны рас. Білуімізше, өткен жазда көрші елдерден 2-3 млрд текше метр қосымша су қоры сұратылды, мәселеге министрлік те араласты. Алайда біз күткен су көлемі келмеді. Кей жерлерге сусорғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайда­ланды. Ал биыл жаз келмей жатып, Сырдария­ның табаны көріне бастады. Алдағы болжамдарға сүйенсек, су мәселесі тіпті күрделене түсетінін көрсетеді. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талаптары енгізіліп, Сыр саласын егуді 5 мың гектар жерге азайтты. Бірақ егіндік жер алқаптары шөл және шөлейт аймақ­тарда орналасқандықтан бұл жерлерге егін егілмей жер құрғап қалса, аз уақытта тұздану қаупі туындайды екен. Сондықтан мамандар инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалу керек дейді. – Біздің облыстағы 278 мың гектар жерді инженерлік КСРО тегістеп берген болатын, ол дегеніміз – үлкен байлық! «Қол­да бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, өкініштісі содан бүгінде қалғаны 200 мың гектарға жетер-жетпес, ал мына түрімізбен жақын арада қалған инженерлік жүйедегі жерлер­ден де айырыламыз. Облыста 806 мың халық бар, оның 98% – қазақ. Осы өсім сақ­талатын болса, жақын арада облыс халқы бір миллион болады, сондықтан біз­дің негізгі күнкөріс тіршілігіміз ауыл шар­уа­шылығы болатыны анық. Ал ауыл­дың тіршілігі Сырдария өзеніне байла­нысты. Судың тапшылығынан бір-екі жыл­да барлық көл сусыз қалды. Өткен ап­та­да Эко­логия,геология және табиғи ре­сурстар ми­нистрі орынбасары Серік Қо­жания­зовтың ұсынысымен бүгінгі Сыр­дария өзеніне байланысты онлайн кездесу болды. Ол осы мәселеге байланысты Өз­бекстанға бара жатқанын айтты, облыс бас­шылығы су мәселесі өте қиын болып тұр­ғанын, әсіресе Жалағаш, Сырдария аудандарында егіске су тапшылығы болып жатқанын, соған байланысты істеліп жат­қан жұмыстарды баяндады. Біз бұл мәсе­леге Мемлекет басшысы араласуын сұра­дық, – дейді мемлекет және қоғам қайрат­кері Қожахмет Баймаханов. Қазір Сырдарияда су жоқтың қасы. Алдымыздағы төрт ай жазда 840 мың халқы бар өңірдегі тіршілік те осы суға келіп тіре­леді. Мамандар өзен суы осылай сарқыла берсе, экологиялық апат болатынын айтады. Қазірдің өзінде жайылым­дықтардың төрттен бірінің өнімділігі күрт азайып кеткен. Қорыта айтқанда, Қызылорда өңірі егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ете­тініміз белгілі. Оның үстіне, экологиялық қажеттіліктер бар. Қазір дария табанынан шаң суырып, толқын суы толассыз тартылып жатыр. Көрсең, көңіл құлазиды. Қыста арнасынан тасып жығылған кешегі Сырдарияның бүгінгі көрінісі – осы.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы