Қазір екінің бірі, егіздің сыңары бірден байып кетуді армандайды. Соның салдарынан қомақты қаржының шетін көрсеткен алаяқтар мен желілік маркетингке желіктірген қаржы пирамидаларының қақпанына оңай түсіп қалып жатқандар көбейді. Қоғамның осындай осал тұсын тез аңғарғандар да аяқастынан бизнес-тренер болып шыға келіп, «алма піс, аузыма түс» деп отырған жұрттың жалқаулығын жақсы пайдалануда. Өйткені тренингтің өзі – ақыл айтуға бағытталған ең оңай бизнес. Ал «жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, сол ақылы ақылды тыңдағандардың бәрі шетінен бизнесмен болып кетті ме? Үкімет грант беретін курстардың тиімділігін кімдер көрді? Гәп – сонда!
Қолдауды құр жібергісі келмейді
Шын мәнінде, бизнес-идеяны таңдау, оның жоспарын әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою дегендерің – кәсіптен нәсіп көргісі келгендер үшін қиын шаруа. Оларды меңгермесең, ұлы Абай айтқан «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» дегеннің керін келтіру бір пәсте. Сондықтан мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аясында «Бастаушы кәсіпкерлер үшін», «Кәсіпкерлер үшін», «Бизнестегі әйелдер үшін» арнайы бағдарламаларын қарастырып көрді. Сондай-ақ «Бизнестің Жол картасы-2020» құжаты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының арнайы «Бастау Бизнес» бағдарламасы, Жастар бастамаларын қолдау қорының жұмысы сынды қолдаулар баршылық. Оған қоса, осыдан 2 жыл бұрын Жастар жылы аясында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы пайда болды. Себебі шетел тәжірибесінде жастардың жеке кәсіппен шұғылдануға бейім болғаны елдің инновациялық даму жолына түсуін жеделдететін фактор саналады. Егде тартқандарға қарағанда жастардың бизнесі тұтынушылардың сұранысын тезірек өтейді екен. Ал бүгінде Қазақстанда жастар қатарына 14-29 жас аралығындағылар жатады десек, сол санаттағылардың 125 мыңнан астамы ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Басқа замандастары – айлық жалақыға өмір сүретіндер мен жұмыссыздар. Енді нақты іске келсек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздарды кәсіпкерлікке оқытуды іске асырып келеді. 2020 жылға дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам оқып, 144 мың бизнес-жоспар жүзеге асқан. Ал былтырдан бастап елдегі қиын эпидахуалға байланысты 21 күндік оқу курсы онлайн форматта өтуде. Оған жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері мен қандастар қатыса алады. Мемлекеттік қызметкерлер, бала күтімімен демалыста жүрген аналар, орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттеріне рұқсат жоқ. «Оқуы онлайн өтетіндіктен, қатысушыларға шәкіртақы төленбейді. Егер оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Бөлініп жатқан қаражат – кәсіп бастауға берілетін мүмкіндік. Жұмыссыз немесе ЖК ашылған уақыты 3 жылға толмаса, грантқа жоба ұсына аласыз. Ал егер әлеуметтік осал топқа жатсаңыз, жобаны бірден ұсынуға болады. Бірақ сертификат берілмейді. Сертификат берілмеген жағдайда 2-5 миллион теңге аралығындағы грантқа қатыса алмайсыз», – дейді бизнес-кеңесші Назым Әлиева. Бір қызығы, биыл 19 сәуірден бастап «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнеске» құжат қабылдауды бастаған еді. Жамбыл, Қызылорда облыстарында әлгіндей тез байып кеткісі келетіндер бір жапырақ жолдама алу үшін Жұмыспен қамту орталығының алдында кептеліс тудырды. Карантин талаптары сақталмай, «болашақ бизнесмендер» бір-бірінің үстіне шығып, кейбірі ғимаратқа терезе арқылы кіруге тырысып бақты. Себебі былтырмен салыстырғанда биыл «Бастау Бизнес» бағдарламасына сұраныс 2,5 есе артқан. Жоба бойынша жыл сайын 30 мыңдай шәкірт арнайы курстан өтіп, оқуын аяқтауы тиіс. Ал Алматыда тіпті «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға «ақша мен сертификаттар беретін» алаяқтар пайда болды. Олардың мессенджерлер арқылы таратқан хабарламасында «Атамекен» ҰКП-нің осындай қызметтермен 3 жыл бойы айналысып келе жатқаны айтылған. Палата өкілдері «Егер сізге сертификат алуға немесе «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға байланысты өз қызметтерін ақша немесе сыйақы үшін ұсынатын бейтаныс адамдардан қоңыраулар келіп түссе, әрекет етпеуіңізді және бірден Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасына жүгінуіңізді сұраймыз» деп отыр.Бизнес-тренинг – ақшаның соры ма?
Қаптап кеткен бизнес-тренерлердің дені – «бизнесі жоқ бизнесмендер». Мысалы, жоғарыда аталған «Бастау Бизнес» мемлекеттік жоба болса, кезіндегі кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың тренинг өткізетін жобасының аты – «Бизнес Бастау». Атымен қоса заты да «Атамекен» ҰКП жобасының өңін айналдырған түрі. «Кезіндегі кәсіпкер» дейтініміз, қазір Ахметбек Нұрсиланың тренингтен басқа бизнесі жоқ. Бәрін сатып, жауып тынған. Ал бизнес-тренингті 2 айдан ғана өтетін көрінеді. Сол үшін Ахметбек Нұрсилаға мың шәкірттің әрқайсысы 100 мың теңгеден төлейді. Жалпы алғандағысы – 100 миллион теңге ғой! Сол Ахаң бірде «Не істейміз?» бағдарламасына сұхбат беріп, баспанасыз қазақтарды суырдан да төмен деп есептейтінін айтты. Еске сала кетсек, кәсіпкер 2009 жылы «Сапалы қазақ» деген ұйым құрған болатын. Сондықтан сұхбат барысында журналист оған: «Бүгінде сапалы қазақ көп пе, сапасыз қазақ көп пе?» деген сұрақ қойды. Ал Ахметбек мырза іркілместен: «Енді ол халықтың ренішін тудырады... Шынайы мойындағанда, сапасыз!» деп салды. Айтуынша, ол айына 500 мың, 1 миллион теңгеден төмен табыс табатын адамның бәрін «сапасыз» деп есептейді екен. Ал өзі 5 жылда 34 790 қазаққа 1 ай ішінде кәсіп бастаттым деп отыр. Оған әріптесі, бизнес-тренер, 2,5 жылда 10 мейрамxана ашып, Shonbay Online университетінің негізін қалаған Қуаныш Шонбай келіспейді. Оның айтуынша, тренингке қатысқан көпшіліктің тек 4-8 пайызы ғана кәсіпкер болып кете алады екен. Ал Берікбол Төлеген атты әріптесіміз сол Қуаныш Шонбайдың өзіне қатысты: «Біркүндік лекциясы 10 мың теңге. Бардым. Қатыстым. Бір ғана нәрсені түйдім. Ол нәрсені Қуаныш Шонбайдың өзі де айтты. «Есекке қанша мотивация берсең де тұлпар болмайды. Ол жай ғана мотивациясы бар есек болады». Жақсы сөз, иә?! Сол қатардан өзіңізді көрдіңіз бе?.. Қимылдаңыз. Еңбектеніңіз. Бизнес-тренингтер сізге ешнәрсе жасап бермейді. Олар тек ақыл айтады. Ол ақылды айтуға кез келген қазақтың шамасы жетеді» деп жазды. Бұл ретте бизнесте 30 жылдан астам тәжірибесі бар, «СейМар» компаниясының негізін қалаушы, Қазақ меценаттары тобының мүшесі, еліміздегі үздік 50 бизнесменнің қатарына кіретін, бүгінде 40-тан астам жобаның акционері болған кәсіпкер Марғұлан Сейсембай қазір бизнес-тренингті қойып, қалған өмірін қоғамдық жұмыстарға арнағанды жөн санап отыр. Кезекті бір сұхбатында ол: «Жас кәсіпкерлерден өмірде нені қалайсыздар деп жиі сұраймын. Бір қызығы, көпшілігі бақытты болғысы келетіндерін айтады. Осыған қарамастан адамдардың 99 пайызы бақыттың емес, жетістіктің соңынан қуады. Ал жетістік – көтерілу мен құлау, абақты мен миллиардтар. Бірақ соңында мен негізгі түсінікке қайтып келдім. Мен үшін байлыққа батқан өмірден бақытты өмір маңызды. Бірақ олар қатар жүрсе де болады. Яғни, бай да болып, бақытты болуға болады. Алайда барлық кезде бақытты және бай бола алмайсың», – деді. Сөздің тоқетері сол десек, шын мәнінде жас кәсіпкерге мотивация емес, жол сілтейтін адам керек. Ал ол өзінің жақын досы немесе туысы болуы мүмкін. Тек сол ақылды сатып алудың қажеті шамалы.«Өзіңе сен!» ұстанымы – өміршең
Бүгінде біраз БАҚ-қа «Қазақстандағы ең жас кәсіпкер», «15 жасында миллионер атанған жігіт», «Президентке сағат сыйлаған бизнесмен» сынды тақырыптар жарияланған. Соның бәрі – Арман Тосқанбаев атты азамат туралы мақалалар. Ал оның орта немесе жоғары білімі туралы дипломы жоқ, есесіне 6 компаниясы бар. Білімнен қашпайтын, бірақ диплом үшін 4-5 жыл уақытын жоғалтқысы да келмейтін жас кәсіпкер Informburo сайтына берген сұхбатында бизнес-тренерлер туралы пікір білдіріпті. Айтуынша, қазір сондай «аңқау елге арамза молда» болып, өзі білмейтін нәрсені біреуге үйреткенсіп жүретіндер көп. «Сыртқы мотивацияға сенбеймін және оған жүгінбеймін. Біреулер мотивация жинау үшін жақсы бір кітап оқиды, біреулер бизнес-тренерлердің семинарларына барады. Менің ойымша, ол мотивация – бір-екі күндік. Ұзаса, бір аптаға жетер. Одан кейін адам қалыпты өміріне қайта түседі. Мен бұл үрдісті қате деп есептеймін. Адамның ішкі мотивациясы ғана оны алға жетелей алады. Ал ішкі мотивация нәтижеден келеді. Адам қолға алған жұмысынан нәтиже көрген сайын шабыттанады. Сондықтан нәтижеге ұмтылу керек», – дейді арманы асқақ Арман. Карантинге дейін «Қазақтың кедей болуға хақысы жоқ! 18 миллион халықтың бәрінен бизнесмен шығаруға болады!» деп ұрандатып, мыңдаған шәкірттерімен партия құрмақ болған бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила да кейін екпіні басылып, абайлап сөйлейтін болыпты. «100 пайыз кепілдік тек Алланың қолында. Біз жолын көрсетеміз, білгенімізді үйретеміз. Ары қарай сол ауыр да қиындығы мол жолды сіз жүріп өтуіңіз керек! Өзіңізге сеніміңіз болмаса, бизнеске жоламаған дұрыс. Істеп жүрген жұмысыңыздан айырылып, далада қалсаңыз, обалы бізге болады» депті ол соңғы бір сұхбатында.Еркеғали БЕЙСЕН