Табиғатты бизнеске айналдырғандар

Табиғатты бизнеске айналдырғандар

Алты мың жылға жуық уақыт қалың ұйқыда жатқан жанартаудың ат­қылаға­ны жайлы жаңалық көп­шілік­тің есінде болар. Исландияның Рейкьянес түбегіндегі аты да, заты да ерекше Фаградалсфьяль биыл наурызда «оянғанын» әлемдік БАҚ жарыса жазған. Енді сол жанартау орналасқан жер бүгінде саудаға қо­йылып отыр. Храун фермерлік шаруа­шылығы ау­ма­ғының иелері бұл жерді сатып, туризмді түрлен­діретін жоба пайда бол­ғанын қалай­ды екен. Жалпы алғанда, ел назарын аудартқан ерекше жер­лерді жекеменшікке беру тәжірибесі әлемде кең таралған. Кейбірі бизнес көзі ре­тінде қолға алса, енді бірі қалта­сын­дағы қаражатты қайда құярын біл­мей, түгел аралды иелегіне алып алады. Қазақстандағы ахуал қандай? Ұлт­тық парктердің аумағын, көлдерді жалға алып, бизнес бастау пайда әкеле ме?

Алдымен шетелдегі тенденциядан бастасақ. Күні кеше жарық көрген жаңалық жайлы сөз басында айтып өттік. Фаградалсфьяль орналасқан аумақ бүгінде туристер үшін тартымды жерге айналып үлгерді. Геологтердің айтуынша, жанартау атқылау процесі әлі де бірнеше жылға созылуы мүмкін. Жанартауды тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағы­лып келіп жатыр. Мәселен, сәуір айында Исландия­ның астанасы Рейкьявиктен бір сағаттық жердегі жанартауды көзбен көруге келген шетелдіктер саны бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда үш есеге өскен. Тіпті, жаһандық пандемияға қарамастан, туристер легі көбейген. Демек, бизнес ретінде өз құнын ақтауы әбден мүмкін. Елдің премьер-министрі Катрин Якоб­сдоу­ттир жергілікті арнаға берген сұх­батында биліктің әлгі жерді сатып алу жоспары жоғын айтқан. Әйтсе де, бақылау жүргізіп, жаңа иелерінің ол аймаққа адам­дарды кіргізуге міндеттелетінін жеткізген. Әрі үкімет осы жерде инфрақұрылым жасауға 70 млн крон (564 мың доллар) бөлуге әзір екен. Храун шаруа қожалығы иелерінің бірі Анна Тордис Гудмундсдот­тирдің айтуынша, бүгінде бірнеше адам сатып алуға ниет білдірген. Демек, алдағы уақытта жаңа иесінің кім екенін біліп қалуы­мыз ғажап емес.

Миллиардерлер туризмді дамытып жүр

Әлемнің небір тартымды жерін иелігіне алып, пайда тауып отырғандар аз емес. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, қаражат көзін табуға мүмкіндік болып тұрса, неге пайдаланбасқа? Бастысы, заңнамаға қайшы келмесе, табиғатқа зияны тимесі болғаны. Алысқа бармай-ақ, көршілес Ресейдегі Жаңа Голландия аралын алайық. Қолдан жасалып, канал­дармен қоршалған жерді кезінде голлан­дия­лықтар салған. I Петрдің уақытында пайда болған арал 2010 жылдан кейін ғана көпшіліктің көзін қызықтыра бастады. Өйткені әлемнің ең бай бизнесмендерінің бірі Роман Абрамович бұл жерде қайта салатын инвестор ретінде таңдалды. Кей тәуелсіз сарапшылар биліктің Ресей президенті мен премьер-министрдің туған қаласы – Санкт-Петер­борды гүлдендіруге Абрамовичті мәжбүр­леген деп те айтады. Жә, келісім бойынша жобаға 12 млрд рубль салатын болған. Жергілікті сәулет құры­лыс­тарын қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа ғимараттар да салу жоспарланған. Ин­вестор 2017 жылға дейін барлық жөндеу жұмысын бітіру керек болған. Бірақ кейін­нен мерзім 2025 жылға дейін созылып, бес кезеңге бөлінген. Аралды бизнесменнің жеке меншігі деуге келмейді. Өйткені жоба жүзеге асырылған соң қалаға инженерлік желілер мен қос көпірді беруі тиіс. Деген­мен сол жерде жаңа­дан бой көтерген ғима­раттар Абрам­овичтің иелегінде қала бере­ді-мыс. Санкт-Петербор ғана емес, жалпы Ресейдің дамуына бағытталған жобаға са­лын­ған қаражаттың таяу арада кері қайтуы екіталай деген пікір бар. Әйтсе де, ресейлік шенеу­ніктер әкімшіліктің өті­нішін яки бұйрығын екі етпеген дұрыс еке­нін әлдеқашан тү­сінген деседі. Енді ауқымды сәл кеңейтіп, батысқа қарай жылжысақ. Тізбектейтін болсақ, аралды иелігіне алып, қалауына қарай қолданып отырғандардың мысалы өте көп. Мәселен,  Oracle корпорациясының негізін қалаушы Ларри Эллисон 2012 жылы шамамен 300 млн долларға Гавайдегі Ланаи аралын сатып алған еді. Миллиардер болашақтың мінсіз  демалыс орнын салуды мақсат тұтқан. Аралдың ескі көрінісі біртіндеп көзден бұлбұл ұшып жатқанына жергілікті халық риза емес. Әйтсе де, Эллисонның райынан қайтатын түрі жоқ. Керісінше, жаңарту керек деп ойлайды. Себебі Ланаидің экономикасы әлсіз, туризмі тұралап қалған деген пікірде. Сондықтан миллиардер бұл жерде туристік бизнесті дамытуға барын салмақ.

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен көлдерді жалға беру тәжірибесі бар. Ондағы мақсат – туризмді дамыту. Биыл «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгеріс енгізілді.

Арал алудан алдына жан салмайтын Ричард Брэнсон жайлы айтпай кетуге болмас. Туристік бизнес құру мақсатында Москито, Некер және Мейкпис аралдарын сатып алған ол – Virgin компаниясының негізін салушы. Оның сатып алған алғашқы аралы – Некер. Мұнда жеке резиденциясы орналасқан. Бір өкініштісі, 2011 жылы найзағай тиіп, түгелдей өртеніп кетеді. Дегенмен бұған бола қайғыра қойған ол жоқ. Мыңдаған фотосурет, қолжазбасынан айырылғанына ғана көңілі түскен. Әйтсе де, бәрін қалпына келтірді. Алған кезде 180 мың доллар құйған ол кейіннен тағы 10 млн долларға демалып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасаған. Иелігіне алған екінші бір арал – Аустралиядағы Мейкпис. Желіде көп тараған, жүрек пішіндес арал. Әу басында Virgin қызметкерлерінің дема­лыс орны ретінде болады деп жоспарлан­ғанымен, кейін өзгелерге де есігін ашты. 2007 жылы кәсіпкер Некердің жанындағы Москитоны сатып алды. Бұл енді толықтай эко-курорт саналады. Себебі күн мен жел энер­гиясын пайда­ланады. Әрі мұнда ке­сірт­ке­нің сирек кездесетін түрі мекендейді. Көпшілікке табысты бизнес жүргізудің жарқын үлгісі деп айтуға әбден болады.

Қазақстанда экология мен бизнес қашан тоғысады?

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен көлдерді жалға беру тәжірибесі бар. Ондағы мақсат – туризмді дамыту. Биыл «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Яғни, жалға беру мерзімі бұрынғыдан 49 емес, 25 және 5 жылға ауыстырылды. Заң бойынша, аумақты алған адам туристік және рекреациялық қызметке сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі. Мерзімі қыс­қар­ғанына қуану керек пе, жоқ па белгісіз. Себебі қоғамның талап еткені ақыры ескерусіз қалды. Яғни, көпшілік мұнда бизнесті басты мақсат етуге қарсы болған. Әрі заңға өзгеріс енгізілгеннен соң дереу тендерлер жарияланып, байқаулар өткі­зіл­геніне қарап, ел ішінде «жауапты министр­лік биоалуандықты сақтау, ғылыми жұмыс­тар жүргізуден гөрі туризмді дамытуды ғана көздейтіні ме?» деп наразы­лық білдірді. Эколог Тимур Елеусізов мұндай жер­лерді жалға беруге түбегейлі қарсы. «Қазіргі уақытта рейд жасап, сол жерлердегі кәсіп­тің қалай жүргізіліп жатқанын қарайтын болсақ, түрлі заң бұзу анықталады. Бірақ сол тексерген күннің өзінде айыппұл төлеп, әрмен қарай жұмысын жалғастыра береді. Мысалы, демалуға келген қонақ­тардың қоқыс тастайтынынан бастап, ауаның ластануы және өзге де мәселелердің шеті шыға береді. Жарайды, бүгінде жалға алып, туризмді дамытуға рұқсат етілді. Ендігі талап қатаң болуы керек. Яғни, ережелер бекітіліп,соны бұзған жағдайда келісімді бірден бұзатындай жағдай жасал­ғаны жөн. Әйтпесе, тым жеңіл қарап кете­ді. Негізі, қорғалатын табиғи аумақтарға мемлекет жауап беруі қажет. Жеке компанияларға тіпті жалға берудің өзін құп­тамаймын. Сол сияқты көлдерді де алуға шектеу жоқ. Ол болса, тағы зиянын ти­гізеді. Суды ластап, маңына қоқыс тастап, оны балықтар не өзге де жан-жануарлар жеп, қырылып жатады. Ту­ризмді дамыту мұндай болмаса керек. Со­нымен қатар соңғы кездері экотуризм жайлы көп айтылып тұр. Оның түпкі мәні – жаяу қыдыруға арналған, инфрақұрылым жүргізілмеген, тұмса табиғатты сақтайтын демалыс түрі. Ал енді ол жерге тамақтану орындары, қонақүйлер салатын болса, ол экотуризм емес», – дейді сарапшы. Бүгінге дейін қоғамның қызу талқы­сына түскен тақырыптардың ішінде Көк Жайлау, Бозжыра, Іле-Алатау ұлттық паркінің жерлеріне қатысты мәселелерді ерекше атап өтуге болады. Қандай да бір құрылыстың жүргізілуіне қоғам қарсы шығып, ол жерлерінің жалға беріліп не жекеменшікке өтуіне наразы болған. Шу шыққанының арқасында ойға алға кей істер жүргізілмей, тендер құжаттарындағы қателер айтылған соң, өткізілмей қалғаны да есімізде. Десек те, жалға беру мәселесі қанша айтылып, жазылса да, мерзімі бұрынғыдай жарты ғасыр емес, ширек болып өзгеруімен ғана шектелді. Яғни, жалға алатын компанияның мойнына сол аймақтың алуандығын сақтау не ерекше туристік өнім жасау артыла бермейді. Осылайша, иелігіне алған бизнесмендердің бар бітіретіні — қонақтарды қабылдайтын, тамақтандыратын жер әзірлеу. Мәселен, Ұлыбританияның ұлттық парктері бір желіге біріктірілген, даму жоспары да бекітілген. Яғни, әрқайсының ерекше­ліктері ескеріліп, ол жерге зиян тигізбей қалай табыс табуға болатыны да тәптіштеп қарастырылған. Ең бастысы, жарғыға бәрінің бағынатыны және қоғамның мұндай аумақтағы жүргізілетін істің бәріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасалғаны. Ал біздегі ахуал белгілі: жедел өткізіп, жалға беріп тастауға асығады. Оны саралап, пайда-зиянын таразылауға мүмкіндік беріле бермейді. Қоғам белсенділері не экологтер байқап қалып, шу шығарса ғана аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Кейде тіпті пысқырмайтын жағдайлар болады. Жалпы алғанда экология мен бизнесті бір арнаға тоғыстыра отырып, баршаға пайдалы етіп ұйымдастыру аса қиын дүние емес. Бірақ көбіне «қорамсаққа қол салып, бір салғанда мол салғанды» жөн көреді. Жеке компания­лар қаражат құйып, мемлекетке солай пайдасын тигізе салады дегенге сену де ертегіге көбірек ұқсайды. Себебі екі ортада табиғат зардап шекпесіне кепілдік жоқ. Ал кепілдік болуы үшін экономикалық және әдістемелік жұмыс, жоба жасалуы тиіс.

Жадыра АҚҚАЙЫР