Алматы облысында жүргізуші қасақана жаяу жүргіншіні басып кеткен
Алматы облысында жүргізуші қасақана жаяу жүргіншіні басып кеткен
137
оқылды
Алматы облысында жүргізуші жаяу жүргіншіні қасақана түрде көлігімен басып, қашып кеткен. Зардап шеккен тұрғын оқиға орнында көз жұмған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 мамыр күні Қарасай ауданының полиция басқармасына хабарлама түскен. Яғни, Қаскелең қаласында 50 жастағы жергілікті тұрғынмен белгісіз азаматтың арасында кикілжің туындап, көлік иесі қасақана түрде жеткілікті тұрғынды көлігімен басып, қашып кеткені жөнінде айтылған.
«Куәгерлердің айтуы бойынша, көліктің маркасы мен бағыт алған мекенжайы анықталды. Іздеуге кіріскен полицейлер ауылдың шетінен «Фольксваген Гольф-3» көлігін тапқан. Сол маңнан оның 61 жастағы иесі табылған. Ол Қаскелең қаласының тұрғыны болып шықты»,– делінген ведомствоның хабарламасында.
Ұсталған жүргізушінің жеңіл дәрежеде ішімдік ішкені анықталды. Ол болған оқиға бойынша кінәсін жоққа шығармады. Анықталғандай, жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы жанжал жол ережесіне байланысты туындаған. Жаяу жүргінші көліктің үстіне шығып, терезесін ұра бастаған. Сол сәтте жүргізуші көлікті қозғалтып, одан соң кілт тоқтатып, адамды жерге құлатып түсірген. Осы сәтте күдікті көлігімен қасақана түрде адамды басып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір 61 жастағы азамат қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.