Тегін гранттың сұрауы бар
Тегін гранттың сұрауы бар
670
оқылды

Елімізде жұмыссыздық мәселесі ушығып барады. Бағамдап көрсек, қазір мем­лекеттік білім грантын өтей алмай жүрген жас маман­дарға қарап, дипломсыз ауыл баласы өзі­нің қара жұмысқа же­гілгеніне шүкір­шілік ете­тіндей жағдай қа­лыптасқан сыңайлы. Өйткені үкімет с­ту­дент ке­зінде білім-білігі жет­кі­лікті көрін­ген грант иегерін оқу бітірген соң мем­­лекетке масыл етіп қоймайды. Қарызын жұ­мыс­­пен өтемесе, алда оны қамсыз бола­шақ емес, қыруар айып­пұл күтіп тұр...

Мемлекеттік есеп мінсіз көрінеді

Биылғы жылдың басында грант­ты өтеуге қатысты заң та­лаптары жеңіл­детілді. Енді жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер оны ма­мандық бойынша бұрынғыдай тек мем­лекеттік ұйымдарда ғана емес, же­кеменшік мекемелерде де өтей ала­ды. Ол туралы Білім және ғы­лым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында толығырақ түсіндіріп өтті. «Басты шарт – дайын­дық бағыты (маман­дығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені тү­лектер жиі көтере­тін. Айтпақшы, кей­бір грант ие­герлері мемлекет шығынын жұ­мыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, 3 жыл бойы сти­пендия алады. Содан кейін мем­лекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын. Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығын­дарды өтеу бойынша жаңа норма ен­гізілді. Мәселен, студент грантта 2 жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда сту­дент қанша жыл грантта оқыса, сонша жылын жұмыс­пен өтеуге міндетті. Дәл осы норма ақылы бөлімнен грантқа ауысқан сту­денттерге де қатысты болады», – деді министр. Жалпы, мемлекеттік грант ар­қылы білім беруге қатысты өз­герістер «Білім туралы» заңға 2016 жылы енгізілген болатын. Содан бері студенттер оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттелген-ді. Кейін бұл нор­ма 2017-2018 академиялық жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс есе­бінен жоғары оқу орындарына түскен барлық студентке қатысты қолданылды. БҒМ Жоғары оқу ор­нынан кейінгі Білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың ай­туынша, егер студент жоғары оқу орнына грант бойынша 2017 жылы түсіп, оқуын 2020-2021 ака­демиялық жылы аяқтаса, ол грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді. Демек, бұл ретте айтарлықтай жаңа­шылдық жоқ. Сондай-ақ білім туралы заңға жаңа норма енгізіліп, енді көпба­лалы, толық емес және жас кезінен мүгедек бала­ларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылар­дың балалары үшін арнайы гранттар қарастырыл­ған. Соған сәйкес, 2021-2022 оқу жылына 51 500 грант (бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мыңға көп) бө­лініп отыр. Оған қоса, «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдарла­масын орындау үшін мем­лекеттік тапсырыстың да 5 мың грантқа артқанын айта кеткен жөн. Ал Премьер-Министр Асқар Мамин­нің Үкімет отырысындағы мәлім­демесіне сенсек, 2025 жылы мем­ле­кеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады екен. Оның айтуын­ша, енді жыл сайын жас ғалымдарға 1 000 гранттан бөлініп, 500 ғалым әлемнің танымал ғылыми орталық­та­рында тағылымдамадан өте ала­ды. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық?!» де­генді де ескерсек, осы орайда таяқ­тың екінші ұшы қылтиып-ақ тұр.

Жұмыссыз адам айыппұлды қалай төлейді?

Ауыл жастарының грантқа түсуіне квота бөлінгенмен, кейін олардың сол қаражатты қайтаруы сот арқылы талап етіле бастады. Бұл мәселеге бейжай қарамаған мәжілісмен Екатерина Смышляева Білім және ғылым ми­нистріне депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, оқуға кеткен қа­ражатты ауыл жастарының 10 пайы­зынан қайтару талап етіліп жатыр екен. «Білім және ғылым министрлігі­нің дерегінше, соңғы 2 жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны 3 мыңнан асқан. Бұл ретте оқу орнын аяқтаған соң 3 жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге мін­деттелетін ауыл жастарына ерекше мән беріп айтып отырмын. Жылына өтеуге міндеттелетінін де, міндет­телмейтінін де есептегенде, 10-13 мың түлек оқуын тәмамдайды. Демек, бұл тіпті 10 пайы­зынан да көп деген сөз», – деді депутат. грант Бұл жолы мемлекет ауылда екі қолға бір күрек іздеген жастар үшін бос жұмыс орны болмайтынын ескермей отыр. Тек мемлекеттік грант­тың ақырын айыппұл арқа­лату­мен аяқтауға әуес. Әйтпесе, қазір ауыл тұрмақ, қа­ланың өзінен мамандық бойынша жұмыс таба қою қиямет қайым. Мы­салы, биыл 2016 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін бі­тірген Ботагөз Ақыпбек атты келін­шек «Алматы» телеарнасына хабар­ласып, көмек сұраған. Ай­туынша, ол диплом алған соң мемлекеттік бала­бақшада еңбек етуге міндетті болған. Бірақ оған отбасылық жағдайы мүм­кіндік бермеген жас маман «кейін артымнан 2 миллион теңгеден астам айыппұл келеді деп ойламадым» деп зар еңіреп отыр. Екі баласының тұңғышы мүгедек екен. Енді міне, сот оған «жығылған­ға жұдырық болып», мемлекеттік грантта оқығаннан кейін мемлекет­тік мекемеде жұмыс істе­мегені үшін 1 миллион 900 мың тең­гедей айып­пұл салған. Ал оны грант иегері екінші баласын босанғанда бір-ақ білген. Сырттай 2 рет өткен сот отырысына да шақырылмапты. Соның салдарынан негізгі сома 2 миллион 250 мың теңгеге дейін өсіп, сот оның жеке шоттарын бұ­ғаттап тастапты. Енді картаға түскен қаржы автоматты түрде алынып отырады. Мамандардың айтуынша, елі­мізде ондай жағдай жиі кездеседі. Мысалы, 2012 жылдан бері мемле­кеттік грантпен 80 мыңнан астам адам білім алса, оның 30 мыңға жуығы ғана грантын еңбек ету арқылы өтеп жатқан көрінеді. Ал жұмыссыз 8 мыңнан астам адамға талап ету әрекеттері қарастырылған. Бірақ жұмыс орындары тапшы елде жұмыстың да болмайтыны түсінікті емес пе? Әйтпесе, қазір бір ғана Жамбыл облысында оқу орындарын мем­лекеттік грантпен бітірген 6 мың­нан астам жас жұмыссыз жүрер ме еді? «2019 жылы оқу бітірген­дер­дің 27 пайызы ғана жұмысқа ор­наласқан. Ал оны ақшаға келтіріп айтатын болсақ, жылына әрбір студентке 400 мың теңгеден деп есептесек, онда жылына 100 мил­лион теңгеден астам қаржы тиімсіз пайдаланылып отыр», – дейді об­лыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бас­шы­сының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев. Ең сорақысы, қазір мұнай-газ саласы, экономикалық бағыт пен құқықтану негіздері мамандықта­рын бітірген жастарды жұмысқа мүлде орналаспайды десе де болады екен. Ал бітірушілердің 50 пайызы жұмыс тап­паса, мамандыққа лицензия берілмеу қаупі де бар. Сонымен қатар жұмыссыз маман қоғамдық жұмыс­тардан бас тартса, Жұмыспен қамту орталықтары оны тіркеуден шығарып тастайды. Ол үшін оқы­мағанымен шаруасы жоқ. Сондықтан қазіргі жастар биржада есепте тұрып, көлеңкелі жұмыс істеуге мәжбүр.

«Байдың балаларына грант бермеген жөн»

«Атамекен» ҰКП басқарма тө­рағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, былтыр Білім және ғылым министрлігі 36 универ­ситетке мемлекеттік грант бөлмеген. Себебі қазір Инно­вациялық және телекоммуника­циялық жүйелер университетіндегі күндізгі бөлімде 1 528-ақ адам оқиды екен. Сөйте тұра ол ЖОО еліміздегі барлық заңгер түлектің 13 пайызына (699 адам) диплом береді. Сондай-ақ Орталық Азия уни­вер­ситетінде экономист түлектердің 30 пайыздан азы ғана жұмыс табатын кө­рінеді. Ондағы білім беру бағдар­ла­малары­ның өзектілігі 10 пайыздан төмен. Ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық универ­ситетте «Ин­форматика» мамандығы түлектерінің 29 пайызы ғана жұмыс табады десек, тағы 4 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көр­сеткіші 50 пайызға жет­пейтін болып тұр. Осындай кереғарлықтардың бәрін Президентке құлаққағыс ет­кен Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің мүшесі Асылбек Қожахмет, кеңестің 3-оты­рысында халықтың жалпы білімін көтеру үшін мем­лекеттік гранттарды табысы аз от­ба­сынан шыққан балаларға көбірек ұсыну керегін алға тартты. «Қазақ­станда студенттердің 30 пайы­зы ғана мемлекеттік грант бойынша білім алады. Білім грант­тарының саны өсіп жатқанымен, қала мен ауылдың арасындағы айырмашылық сақ­талуда. Ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізгендері 20 пайыз­дан аспайды. Мемлекеттік грант бо­йынша кі­шігірім теңгерім болған­мен, ақы­лы оқуда ауыл жастарының үлесі 15 пайыз ғана. Өйткені ауыл­дықтардың табысы қаладан 44 пайыз төмен», – деді ол. Сонымен қатар Қа­зақстан­да мем­лекеттік білім беру кредиті 10-20 пайызбен берілетінін жеткізді. Са­лыстырмалы түрде ал­сақ, басқа елдерде ол 2-3 пайыз ғана екен. Сондықтан бізде білім кредит­терін студенттердің 1 пайызы ғана пайдаланса, өзге елдерде ол көрсет­кіш 70, 74, 90 пайыз дең­гейінде. «Осылайша, бізге грант үлес­тіру ке­зінде білім көрсеткішіне ғана емес, әлеуметтік-академиялық фактор­ларға да қарау керек. Табысы жоғары отбасылардан шыққан талапкерлер мемлекет грантын алмауы керек. Табысы төмен отба­сынан шыққан талапкерлердің бәріне 50 балдық көрсеткіш сақтал­ған жағдайда грант ұсыну керек», – дейді Асылбек Қожахметов. Жаны бар сөз.

Еркеғали БЕЙСЕН