Соңғы жылдары отандық телеарналарда тарихи сериалдар жиі түсіріле бастады. Көрерменнің беретін бағасы әртүрлі. «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбаймен осы мәселе жөнінде сұхбаттастық.
– Елімізде отандық сериалдар өндірісінде даму байқалады. Ірі телеарналар төл өнімін өндіруге тырысады. Qazaqstan ұлттық арнасы да сан сериалды түсіруге тапсырыс берді. Бұл бағытқа ден қоюға не түрткі болды? – Иә, отандық сериалдар саласындағы ілгерілеу, алға жылжу бәріміз үшін қуаныш, белгілі бір деңгейде жетістік деуге болады. Себебі 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда нарық біршама өзгерді. Қазір Qazaqstan ұлттық телеарнасы жылына 15-16 телехикая түсіреді. Олардың жалпы бөлім саны 200-ге дейін жетеді. Бұл – үлкен нарық. Бұған дейін жылына 1-2 тарихи телехикая өндірсек, биыл осы бағытта 6 сериал түсіргелі отырмыз. Мұның бірнеше себебі бар. Телехикая – тарихымызды танытудың, бабалар ісі мен олардың өмір жолын келешекке жеткізудің ең дұрыс жолы. Тарихты, тарихи тұлғалардың өмірін кино тілінде сөйлету арқылы өткен күнге шегініс жасай аламыз. Дегенмен қазір нарықта тарихи телехикаялар өндірісіне машықтанған режиссерлер мен компаниялар тым аз. Оған қоса, қаржылық жағынан да едәуір қиындықтар бар. Егер маман жоқ, қаржы жоқ деп отыра берсек, тағы ондаған жыл күтуге тура келеді. Сондықтан біз тарихи телехикаялар санын арттыра береміз деп шештік, осы арқылы саланы дамытамыз. Иә, опық жейміз, аузымыз күйеді. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Бұл ретте осыдан 13 жыл бұрын түсірілген «Ағайынды» телехикаясын еске алуға болады. Ол кезде тапсырыс беруші біз де, түсіретін топты басқарған Ақан Сатаев та бұл қадамға қорқа-қорқа барған еді. Бірақ қазір мұндай сериалдар саны көбейді. Сол сияқты тарихи хикаяларға да жол ашуымыз керек, нарық осылай дамиды. Эфирдегі сериалдың сапалы әрі табысты болуы тікелей бюджетке байланысты екені өзіңізге белгілі. Кез келген сериалдың сценарийіне, кастингін ұйымдастыруға, актерлер мен режиссердің сыйақысына, монтаж және пост-продакшн жұмыстарына қомақты қаражат жұмсалатынын жақсы білесіз. Бізде мелодрама жанрындағы сериалдарға 5,2 миллион теңгеге дейін, тарихи сериалдарға 9-14 миллион теңге аралығында қаржы бөлінеді. Әрине, әлемдік нарықпен салыстырғанда бұл – өте аз. Мысалы, украиналық телеарналардың өзінде әр бөлімге 50-70 мың АҚШ доллары аралығында, ресейлік телеарналарға тарихи жанрдағы сериалдардың әр бөліміне 150 мыңнан 500 мың АҚШ долларына дейін қаражат бөлінеді. Өзіміз сапасын жиі салыстыратын Түркияда тарихи телехикаяның бір сериясына 300-450 мың АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалады. Бізге келген әрбір өндіруші компания осы мәселені алға тартады. Оның үстіне, уақыт тапшылығы бар. Шетелдік телеарналар ұлттық идеологияны дамытудың басты құралы ретінде телехикаяларға мән береді. Бұл ретте Түркия тәжірибесін алып қараңыз. Өз сериалдары арқылы туристер санын арттырып жатыр. Яғни, сериал өндірісін дамыту – аса маңызды. Әзірге қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қаржы, уақыт тапшылығына қарамастан көштен қалмауға тырысып келеміз. – Биыл түсіріліп жатқан туындылар жөнінде айтып өтсеңіз. Телехикаяларға жарияланатын байқау ашық өте ме? – Биыл корпорация 197 бөлімнен тұратын 16 отандық сериал түсіреді. Оның ішінде 34 бөлімді 6 тарихи сериал бар. Олардың кейбірінің түсірілім жұмыстары басталып кетті. Байқау былтыр қыркүйек айында жарияланып, екі айға жуық уақыт жүргізілді. Бұл туралы ресми сайт пен әлуметтік желідегі парақшаларымыз арқылы ашық жарияланды. Осы уақыт аралығында 77 компаниядан 218 сериал жобасы келіп түсті. Бұған дейін де айтып келеміз, байқау жариялаудағы басты мақсат – отандық сериалдар сапасын арттыру және тақырыптар ауқымын кеңейту. Ал ұсыныс беруші компанияларға қойылатын негізгі талап – телехикаялар өндірісі саласындағы тәжірибесінің болуы. Тағы бір назар аударатын нәрсе, тәжірибеден бөлек, телехикая биыл жақсы рейтинг көрсететін болса, келер жылы да сол компаниядан келетін жобаны қабылдауға басымдық береміз. Жіберілген ұсыныстардың барлығы көркемдік кеңес отырысында талқыланады. Биыл тарихи бағытта Ахмет Байтұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев пен Мұқағали Мақатаев жайында телехикая түсірмекпіз. Тарихи сериал өндірісінде бұған дейін жіберген кемшіліктер толық зерделеніп, көрерменнің пікірі ұзақ сарапталды. Өндіруші компаниялармен мұның барлығы егжей-тегжей талқыланды. Олар да жауапкершілікті сезініп отыр. Осы күзде «Қаныш. Қазына» деген атаумен ұсынбақпыз. Жобаға жазушы Медеу Сәрсеке ағамыз кеңесшілік етеді. Режиссері – Ерлан Нұрмұхамбетов. Ерлан бұған дейін Ұлттық арна түсірген «Айман-Шолпан», «Шырғалаң», «Үзілмес үміт», «Жолайрық», осы мамыр айында ғана тұсауы кесілген 100 бөлімді «Замандастар» телехикаясына режиссерлік еткен. Ал «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын Кәрім Мәсімовтың 2011 жылы осы атаумен шыққан кітабының желісінде түсірмекпіз. Сериал түсірілімін жоспарлағанда Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған зерттеу еңбектерін іздестірдік. Сүйенуге болатын, тақырыпқа сай жалғыз биографиялық еңбек осы болып шықты. Басына қандай іс түссе де, ешқашан әділет пен ар жолынан таймаған ұлы тұлғаның қайсарлығын көрсету аса жауапкершілікті талап етеді. Басты рөлді сомдайтын актер рөліне онлайн кастинг жарияланды. Қазір келіп түскен өтініштерді қарап жатырмыз. Режиссерлікке жас болса да, бір туындысымен-ақ өзін дәлелдеген Мұрат Есжанды бекіттік. Шығармашылық топ құрамында ақын Ұларбек Нұрғалым, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жас ғалым Ұшқын Сайдырахман бар. Ал Мұқағали Мақатаевты таңдап отырған себебіміз биыл ақынның туғанына 90 жыл толды. Жырлары танымал, алайда ғұмырының құпияға толы, жұмбақ болып қалған тұсы көп. Бұл жобаны осы саладағы тәжірибелі маман, актер ретінде де танымал Азамат Сатыбалдыға сеніп тапсырып отырмыз. Басты рөлді Азаматтың өзі сомдайды. Режиссері – «Полигон» сериалының авторы Ахат Ибраев. «Домалақ ана» сериалы арқылы күллі қазақ әйелдерінің, қазақ аналарының қайраткерлік қырын көрсетсек дейміз. Өткен жылғы «Әл-Фараби» сериалында бірлесе жұмыс атқарған Нұриддин Паттеев жоба жетекшілігіне бекітілді. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Домалақ ана бәріміздің ойымызда көркем образды бейне ретінде ғана қалыптасқан. Бүгінге дейін аңыз, абыз ананың өмірін шынайы оқиғалар арқылы көрсететін бірде-бір фильм не сериал түсірілмей келеді. Жалпы, тарих бетінде таңбаланған деректердің көпшілікке, оның ішінде жастарға беймәлім, ашылмаған тұстары көп. Бұл – өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ зиялыларының бәріне тән десек болады. Жоғарыда аталған тұлғаларды таңдау себебіміз де – осы. – Айтылған тарихи тұлғалардың арасында Жәңгір хан туралы сериалдың салмағы басым секілді. Батырлар туралы сериалдардың көбі театр қойылымы деңгейінде қалып қойып жататыны бар. Осы қателік тағы қайталанбай ма? – Бұл сериалдың атауын батырдың өз шын есімімен «Жиһангер» деп алдық. Кең аудиторияға арналған телевизиялық фильм. Осы деңгейде түсіруге барынша күш саламыз. Телехикая Жәңгір ханның Бөкей Ордасында билік құрған жылдарындағы тарихи оқиғаларға негізделіп, сол замандағы ұлттық мәдениет пен білім жүйесін, халықтың күнделікті өмір сүру салтын сипаттайды. Реформатор ханның саяси аренадағы рөлімен бірге билеуші сарайындағы ішкі өмірі тарихи фактілерге сүйеніп, көркемдік тәсілмен әрленіп беріледі. Қазақ даласына батыс өркениетін әкеліп, көптеген жаңалықтың келуіне себепкер болған Жәңгір ханның тұлғасын осылайша кеңінен ашуды мақсат етіп отырмыз. Режиссері – Бақыттас Санитас. Сериалға Арман Сқабылұлы жетекшілік етеді. Түсірілім тобы Бөкей Ордасына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді, ондағы жергілікті тарихшылармен кеңес өткізілді. Бұл сериалдың актерлерін таңдауға да онлайн кастинг жарияланды. – Жұмабек Тәшенев те тұтас бір дәуірдің өкілі. Бұған дейін мемлекеттік қайраткердің бейнесі тек театр қойылымында сахналанды. Сериалдағы бейнесі қандай болмақ? – Иә, бұл телехикаяның да салмағы ауыр, жауапкершілігі зор. Көрерменнің бізден не күтетінін жақсы білеміз. Продакшн компанияға Тәшеневтің ел территориясының тұтастығын, яғни Қазақстанның солтүстігіндегі бес бірдей облысты сақтап қалуда сіңірген еңбегін көрсету туралы талап қойылды. Сценарийге енгізілді. Тәшенев жерді бөлшектеуге ашық түрде қарсы шыққан сол кездегі ықпалды тұлғалардың бірі және бірегейі. Мұны келешек ұрпақ білуі және ұмытпауы тиіс деп санаймыз. Там-тұмдап болмаса, бұл ерлік туралы көп айтыла бермейді. Одан бөлек, Жұмабек Ахметұлының Қазақ жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдіргені көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, өмірінің соңына дейін қазақ халқының құқығын қорғаумен өткен күрескерлігін ашып көрсететін боламыз. Төрт бөлімді сериалға Жасұлан Пошанов режиссерлік етеді. Сценарий жазуда ұлы Саян Тәшенев, келіні Фатима Садыққызы аянбай көмек көрсетуде. Тікелей ұрпағының осылай жанашырлықпен атсалысып жатқаны біз үшін қуаныш, қолдау. Осы айтылған туындылардың қай-қайсына болмасын, әсіресе тарихи телехикаяларға қатысты ақыл-кеңесін беремін дейтін жандар болса, кеңесуге, қажет деп тапқан тұстарын енгізуге дайынбыз және бұл мәселеде әрқашан ашықпыз. Тарихи сериалдардан бөлек, биыл түрлі тақырыптық бағыттағы телехикаялар түсіріледі. Оның ішінде ешқашан маңызын жоймайтын және әрбір жасаған жобамызда өзек етіп отыратын отбасы құндылығы, білім-ғылым, медицина, экология, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық тақырыбын қозғайтын туындылар бар. – «Абай» телехикаясы биыл көрерменге ұсынылды. Десе де, көрермен тарапынан бірқатар сын айтылды. Биыл бұдан да ауыр жауапкершілікті арқалап отырсыздар. – Тек сын айтылды деуге келмес. Пікір екіге жарылды. Сын да болды және біз оны дұрыс қабылдадық. Зиялы қауым мен қарапайым көрермендер тарапынан алғыс та айтылды. Ешкім бейжай қалған жоқ. Былтыр «Абай» ғана емес, «Әл-Фараби» сериалын жарыққа шығардық. Екеуі де ұлы тұлғаларымыз жайындағы алғашқы телевизиялық сериал болды. Оның үстіне, пандемия кезінде түсірілгендіктен, кемшіліктердің бар екенін о бастан айттық. Екіншіден, кино да кез келген шығармашылық өнім сияқты көркем дүние. Қалай дегенмен де, режиссердің көзқарасы алдыңғы орынға шығады. Одан кейін жоғарыда айтып өткен қаржы мәселесі бар. Дегенмен қол қуысырып отырмай, нарыққа өнім шығарылуы керек. Көш жүре түзеледі. Сериалдың түсірілім жұмыстарына дайындық сәтінде сериал емес, көбі деректі жоба ретінде түсіруді ұсынды. Жауапкершілігінен, салмағынан қорықты. Иә, бізде де қорқыныш болды. Бірақ қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, ғалымдар мен тарихшылардың кеңесіне сүйене отырып аяқтап шықтық. Келесі мерейтойда бұдан да артық түсірілетініне сеніміміз мол. Сала, нарық осындай кемшіліктер арқылы дамиды. – Телехикаялар өндірісі, көрсетілімі, сатылымы бойынша шетелдік арналармен әріптестік орнаттыңыздар ма? Ұлттық арна өнімдеріне шетелде сұраныс бар ма? – Теленарық үнемі тәжірибе алмасуды талап етеді. Біздің өнімдерімізге шетелдік нарықтан қызығушылық жоғары. «Абай» сериалы эфирден өткен аз уақыттың ішінде Түркия тарапынан сатып алу туралы ұсыныс түсті. Trt Avaz телеарнасы қазір өз тілдеріне аудару жұмыстарын аяқтап, эфирден ұсынуға әзір. «Әл-Фараби» Араб нарығына, «Махаббат, қызық мол жылдар» сериалы Ресейдегі №1 онлайн кинотеатр саналатын Ivi.ru платформасына сатылды. «Нағыз әке» телехикаясына Ресейдің спорттық арнасы қызығушылық танытып отыр. Одан бөлек, телехикаяларымыз Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Болгария телеарналарында тұрақты түрде көрсетіліп келеді. АҚШ, Пуэрто-Рико, Канада, Латын Америкасы елдерінің спутниктік, кабельдік арналары мен интернет плаформаларына сатылды. Бұл – отандық өнімдеріміздің танымалдығымен қоса, қаржы көзін арттырудың да жолы. Соңғы жылдары бұған аса басымдық беріп отырмыз. Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызының түркия еліне сапарында Түркия тарапы түсірген «Ахмет Ясауи» тарихи сериалын өз елімізде көрсету бастамасы көтеріліп, Ұлттық арнаның эфиріне қойылды. Өнімді сыртқы нарыққа шығарып қана қоймай, Trt Avaz-дың, әлемдік BBC арнасының үздік деректі фильмдерін қазақ тіліне аударып, өз эфирлерімізден беріп жатырмыз. Тағы бір атап өтетін жайт, Qazaqstan арнасы – отандық теленарықта көркем, анимациялық фильмдер мен сериалдарға синхронды дубляж жасайтын жалғыз арна. Соңғы 2-3 жылдың ішінде әлемдік нарықты жаулаған Marvel, Disney сияқты компаниялардың ең таңдаулы анимациялық жобаларын дубляждау ісі тұрақты жолға қойылды. Disney-дің бір туындысын дыбыстау үшін 40-тан астам маман жұмыс істейді, яғни бір персонажға үш актерден ұсынылады. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасады. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН