Халық Токио Олимпиадасының өтуіне наразы
Халық Токио Олимпиадасының өтуіне наразы
166
оқылды

Токио Олимпиадасының басталуына екі айға жуық уақыт қалды. Алайда Жапонияда жарыс өтеді деп бөркін аспанға атып, қуанып жатқан жергілікті жұрт­шылық жоқ. Халықтың көпшілігі, яғни 70 пайызы Олимпиаданы өткізуге қар­сы. Жер-жерде ереуілге шыққандардың қарасы қалың. Оған аймақтағы эпи­демиологиялық ахуалдың ушығуы себеп болып тұр.

Елде кейінгі уақытта вирустың таралу деңгейі шамадан тыс өсіп кеткен.  Індет басталғалы 667 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, 11,2 мың адам қайтыс болған. Күні кеше Жапония дәрігерлер кәсіподағы коронавирус өршіп тұрған кезде Олимпиада ойындарын өткізу қауіпті екенін айтып мәлімдеме жасады. Осыған дейін Жапонияның өзге медициналық топтары мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары да Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы екенін білдірген. «Бүкіл әлем коронавирустың жаңа түрімен күресіп жатқанда Токио Олимпиадасын өткізуге түбегейлі қарсымыз», – деп жазылған Жапония дәрігерлер кәсіподағының ел үкіметіне жолдаған мәлімдемесінде. Құжатта пандемия кезінде қауіпсіз Олимпиада өткізу мүмкін еместігі жазылған. Ақ халатты абзал жандардан бөлек Олим­пиада ойындарын өткізуге 350 мың адам қар­сы­лық шеруін ұйымдастырды. Олар жарысқа кететін ақшаны коронавируспен күреске жұм­саған дұрыс деп санайды. «Токиодағы Олим­пиаданы тоқтату керек» ұранын ұстанған әрі осы петицияны ұйымдастырған Кэндзи Уцун­омия Жапонияның жарысты өткізуге дайын емес екенін, сондықтан оны тоқтату керек деген ұсынысын айтып әлек. Бір қызы­ғы, Токиода өтетін Олимпиада және Паралим­пиада ойындарына қарсы петиция 47 сағат ішін­де 191 000-нан астам қол жинаған. Пети­ция Халықаралық Олимпиада комитетінің бас­шысы Томас Бахқа, Халықаралық паралим­пиада комитетінің басшысы Эндрю Парсонс­қа, Олимпиада істері министрі Тамая Мару­кава­ға, Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Сэйко Хасимотоға және Токио губернаторы Юрико Коикэге бағытталып отыр. «Тек Токиода ғана емес, басқа да өңірлерде, сондай-ақ әлемнің барлық елінде коронавирус пандемиясы әлі тоқтаған жоқ. Өткен жылдың аяғында басталған вакциналау қазіргі уақытта тек Еуропа мен АҚШ-тың кейбір бөліктерінде ғана алға жылжып келеді және бұл аурудың таралуын тоқтата алатын шешуші факторға айналған жоқ», – деп жазылған аталмыш петицияда. Жалпы, мұндай қарсылық шаралары бұдан бұрын да бірнеше елде болған. Рио Олим­пиада­сының кезінде де жергілікті халық жа­рыс­ты өткізуге қарсылық танытып, шеруге шық­қан. Жүздеген наразылық білдіруші қала­ның солтүстік көшесін жауып, алауды алып жүруге кедергі келтірмек болды. Полиция оларды көзден жас ағызатын газ арқылы қуды. Наразылық акциясына қатысушылардың дені экономикалық дағдарыс кезінде елде Олим­пиада ойындарын өткізуге қарсы болды. Ал Токио Олимпиадасының кейінге қалдырылуы Олимпиада тарихындағы жаңа әрі алғашқы оқиға екенін айта кеткен жөн. Мәселен, бұған дейін Берлиндегі 1916 жылғы Олимпиада, 1940 жылғы Токиодағы ойындар мен 1944 жылғы Лондон Олимпиадасы әскери қақтығыстарға бай­ла­нысты болған жоқ. Ал 1972 жылы Мюн­хен­дегі Олимпиада ойындары лаңкестікке байланысты тоқтатылып, кейіннен жал­ғасын тапты. Негізі, Токио Олимпиадасы 2020 жылы жаз­да өтуі тиіс болған, бірақ пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Биыл Олимпиада – 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. Премьер Ёсихидэ Суга болса Жапония қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, халықаралық жарысты өткізе алады деп есептейді. Үкімет ойындарға 25 миллиард доллар инвестиция құйған. Халықаралық Олимпиада комитеті телетрансляциядан түскен табыстың 75 пайызын өзіне алады. Токио бұл спорттық жарыстан 3 миллиард доллар пайда көруі мүмкін екені де айтылып жатыр. Пандемия кезінде Жазғы ойындарды қалай ұйымдастыру қажеттігі жайлы ережелер жарияланды. Шілденің 23-інде ашылуы тиіс Олимпиадаға жер жүзінен 15 мыңдай спортшы мен мыңдаған төреші, журналист, демеуші және үкімет өкілдері қатысады. Олардың барлығы вакцина алуға міндетті. Токионың дәрігерлер ассоциациясы бүгін­гі таңда Жапония астанасында ауруханалар науқастарға толып қалғанын мәлімдеді. Өңір­лер­де медициналық кадрлардың жетіспеушілігі де сезіліп жатыр. Егер дәрігерлердің басым бөлігі жарысқа қатысушы спортшылар мен олар­мен бірге еріп жүретін адамдардың ден­сау­лығын тексеруге жұмылдырылса, елде дәрі­гер тапшылығы одан сайын арта түспек. Коронавирустың таралуы қазірдің өзінде адам­дардың өмір сүру деңгейінің күрт тө­мендеуіне және қоғамның осал топтарының, қарттардың, жалғызбасты аналардың, студент­тердің кедейленуіне алып келді. Қазір Жапо­ния халқының 3,5%-на ғана вакцина салынған. Сон­дай-ақ Токио, Осака және тағы үш аймақ­та коронавируспен ауырған адам санының көбеюіне байланысты 31 мамырға дейін төтен­ше жағдай жарияланған және тағы екі аймаққа ауру таралуы мүмкін. Осакада жансақтау бөліміндегі орындар қатарынан екінші күн бос емес. Ауруханадан орын күтіп жатқандар мен үйде қайтыс болған жағдайлар жиілеп кетті. Қалай болғанда да, індеттің нақ өршіген шағында Ёсихидэ Суга үкіметі Олимпиада ойындарына қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені жарысты ұйымдас­тырушыларға губернатор «ғаламдық панде­мияға қарамастан Токио-2020 ойындары қа­уіп­сіз әрі сенімді болуы керек» деген тапсырма жүктеді. Бірақ бір қызығы, елде Олимпиада марафоны өтуі тиіс кейбір аудандарға төтенше жағдай жарияланған. Қазір жапондық спорт­шылардың барлығына маусым айына дейін екпе салынып бітеді деп жоспарланған. Оны­мен қоса бұған дейін Pfizer/BioNTech ком­пания­лары Токио Олимпиадасына қатысатын­дарға тегін вакцина беретінін хабарлады. Сонымен қатар Олимпиадаға қатысушы спортшыларға жергілікті халықпен байланыс жасауына қатаң тыйым салынды. Бұл туралы Жапонияның премьер-министрі мәлімдеді. «Біздің мақсат – халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау. Олимпиада қатысушылары, ресми іссапармен келген адамдар мен халық өзара қарым-қатынас жасамауы қажет. Біз қатаң инфекциялық бақылау жасауға бар күшімізді жұмсаймыз», – деді Ёсихидэ Суга. Қазірдің өзінде Жапония билігі қазынадан 15 миллиард 4 миллион доллар қаражат жұм­саған. Ал халықаралық олимпиада коми­теті болса телекөрсетілім арқылы бұл сома өтеліп, миллиардтаған кіріс келетініне сенімді. – Бұрын Олимпиада тек соғыстың кесірі­нен тоқтатылды. Ал бұл жолы көрінбейтін жауға қарсы күресіп жатырмыз. Егер әлем вирусты жеңіп, Олимпиада өткізілсе, онда бұл алдыңғы Олимпиада ойындарынан бірнеше есе құнды болатын жарыс болмақ, – дейді «Токио – 2020» ұйымдастыру комитетінің төрағасы Йоширо Мори. Токио губернаторы Коикэ де сұрақтарға жауап беру кезінде Олимпиаданың қауіпсіз әрі сәтті өтуі үшін бар күшін салып жатқанын айтты. Қалай болғанда да, елде Олимпиада өткізу оңайға түспейін деп тұр.

Абылайхан ЖҰМАШ