"Әр қазақ білуге тиіс тұлға": Қайым Мұхамедхановтың қазаққа қандай еңбегі сіңді? - видео
"Әр қазақ білуге тиіс тұлға": Қайым Мұхамедхановтың қазаққа қандай еңбегі сіңді? - видео
1,116
оқылды
Абайды М.Әуезовтен кейін зерттеген ғалым - Қайым Мұхамедханов. Әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов - Алаш қайраткері. Ол 1921-1937 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Әкесі тұтқындалғаннан кейін Қайым Педагогикалық институттан қуылды. Сол кезде оны әкесінің досы М.Әуезов қолдап, ұстазына айналды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романына ғылыми тілші болды. Сол кезде Мұхтар Әуезов Қайымға үш міндет жүктеді: - Абайдың тұңғыш музейін ашу; - Абай шәкірттерінің мектебін құру; - Ақынның құнды сөздеріне текстологиялық талдау жасау. Қайым 1940 жылы Семейде Абайдың мұражайын ашуға еңбек сіңірді.
Қайым Мұхамедханов: Оның рухани мұрасын, өлеңдерін, мұрасын, қара сөздерін ешкім жоя алмайды ғой. Совет үкіметінің соған көзі жетті. Абайды бейімдеу керек болды саясатына.
Ол жүк көлігімен шалғай ауылдарға сапар шекті. Абайдың көзін көрген қариялармен әңгімелесіп, қолжазбаларының шынайылығын нақтылады.
Мұрат Есжан: Сол кезде ұстаз бен шәкірт бірге отырып, Абайдың сөзін, Абайды қазір қалай болды солай қалыппен ұрпаққа жеткізсек, ертең Абай өзі туралы өзі сөйлейді дейді. Осылайша Абайдың тұлғасының, Абайдың шығармашылығының аман жетуіне, толыққанды бұзылмай, бүлінбей жетуіне тікелей еңбек сіңірген адам осы - Қайым Мұхамедханов.
«Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын 10 жыл жазды, оны батыл қорғады. Бірақ Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамады.
Қайым Мұхамедханов: "Мынау диссертация контрреволюционный, школа дейтін жоқ. Бізде марксизм дейтін школа бар. Мынау Мұхтардың ойдан шығарып жүргені, мынау Мұхамедханов Мұхтардың құйыршығы, бәлен-түген, өзін мақтау үшін тауып алған адамы, мұнда пантюкризм толып тұрған, панисламизм, национализм құдай сақтасын... Енді Мұхтар баяндамасын жасап жатыр, мен сөйлеп жатырмын, біздің сөзімізді ешкім тыңдамайды, газеттер ылғи бізді жамандап, ұлтшылдар мойындамай жатыр. Сосын мені апарды да жапты түрмеге, ... көрмегенім жоқ, горячий камера дей ме, неше түрлі қорлықтың бәрін көрсетеді ғой. "Мойында, Әуезовты айтып бер, сені арам жолға салған сол". Мен айтқам жоқ, мойындағам жоқ. Ату жазасы смертний казнь отменяется, соған байланысты соттағанда 25 жыл түрме берді"
Ыстық және суық камера, тырнақ астына ине тығу, басқа су тамызу, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады.
Ұларбек Нұрғалымұлы: Түрмеде жатқанда айтатын сөзі бар ғой, бала-шағаң бар жассың ғой деп қасындағылар, сол кезде айтады "қазақты Абайдан айыру қаншалықты қиын екенін мен де, сіз де білмейсіз. Бірақ мен сеземін ол өте ауыр болады. Ондай үлкен, ұлы істің жолында бір адамның итжеккенге айдалып немесе атылып кетуі түк те емес" дейді.
Ол 4 жылдан кейін абақтыдан ақталып шықты.
Мұрат Есжан: Қайым Мұхамедхановтың сөзі бар, мен бұл нәрсені тіпті Әуезов үшін емес, Абай үшін жасадым. Ал Абай құрыса, ұлт құриды дейді. Сондықтан осындай ұлт үшін, ұстаз үшін деп айту оңай, бірақ соны нақты іспен дәлелдеп көрсеткен - Қайым Мұхамедханов.
"Оның өмірі мен ісі – туған елі мен жеріне деген қызметінің өшпес үлгісі. Мен оны Алаштың соңғы тұяғы, «Алаш» зиялыларының мұрагері, Абай мектебінің соңғы өкілінің бірі ретінде қабылдадым". (Герольд БЕЛЬГЕР) Қ. Мұхамедханов 27 жасында Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимнінің мәтінін жазды. 100-ден астам өлең мен поэма жазды. Ғабдолла Тоқай, Тарас Шевченко және басқа ақындардың өлеңін қазақ тіліне аударды.
Ұларбек Нұрғалымұлы: Шәкірттің ұстазға деген құрметі, ғалымның ғылымға деген құрметі сол ғылымның ұлтқа қандай қызмет ету керектігін толық сезініп, сол бойында жұмыс жасауы мені қайран қалдырды...Абай, Абайдан кейін Әуезов, Әуезовтен кейін Қайым Мұхамедханов. Осындай бір жалғасқан ошақтың үш пұтындай үш тұлға екенін толық сезіндік.
Алайда ғалым өмірден өтсе де, оны «қудалау» тоқтамады. Белгісіз біреулер Қайым Мұхамедхановтың құлпыта­с, ескерткішіне 4 рет зиян келтірді. 10 жыл бұрын 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні құлпытасын сындырған. Бұған дейін ғалым тұрған үйдің сыртына ілінген мемориал­ тақтаға бояу шашып кеткен. 2017 жылы Семейдегі ескерткішінде есімі жазылған әріптердің үшеуін шешіп алып кеткен. Бұл Алаштың 100 жылдығы тойланған кез. Соңғысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында құлпытасын тағы да сындырған. ҚР ҚК 258-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.  Ғалымның ұлы мұны біреулер мақсатты түрде істегенін айтады.