«Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқару жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу мәселелері талқыланды. Оған саяси партиялардың, ірі ҮЕҰ өкілдері, саясаттанушылар, сарапшылар қатысты. Кеңес азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамытудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленетін бірегей алаң болып табылады. Оның міндеттері партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына, Жол картасы индикаторларының орындалуына мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ саяси диалог мәдениетін дамытуға және азаматтық бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесу. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу қажеттілігін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында, ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды өткізу бастамасын Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2012 жылғы Жолдауында алғаш рет ұсынды. Кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бүгінгі таңда ауылда халықтың 41%-ы тұрады, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 4%-ын ғана қамтамасыз етеді.
«Ауылдық жерлерде көлеңкелі экономика басым. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтермей, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені баршаға мәлім. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетіктерін халықтың қолына беру. Сонда ғана тұрғындар өз ауылдарының тыныс-тіршілігіне араласып, мәселелерді шеше алады», - деп атап өтті ол.«Nur Otan» партиясының Хатшысы Әлібек Әлденей атап өткендей, 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламада жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу көзделген.
«Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында әрбір тармақ нақтыланды. Олардың бірі – демократиялық реформаларды тереңдету, халықпен кері байланыс құралдарын жетілдіру, билікті одан әрі орталықсыздандыру үшін маңызды түрткі болатын ауыл әкімдерінің алдағы сайлауы. Жыл соңына дейін 1 млн. 250 мың сайлаушының қатысуымен ауылдық елді мекендердің 800-ге жуық әкімі сайланады деп күтілуде», - деді Әлібек Әлденей.Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен заң жобасының жаңалығын атап өтті. Мәселен, кандидаттар 3 тәсілмен: саяси партиялар мүшелерінің қатарынан, өзін-өзі ұсыну тәртібімен, бұдан басқа, егер ұсыну мерзімінің соңына дейін екіден кем үміткер ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің кандидаттары ұсынылады.
«Кандидаттарға қойылатын талаптарды біраз төмендету қажет. Себебі, қарапайым ауыл тұрғындарының ғылыми дәрежесі, қандай да бір басқарушы құрылымдарда, жеке немесе мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі болмағанымен, бірақ олар ауылдың деңгейін қалай көтеру керектігін білетін сауатты адамдар болуы мүмкін»,-деп атап өтті ол.Кеңес мүшелерінің қорытындысы бойынша, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар әзірленді. Олардың арасында тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ тікелей сайланған ауыл әкімдерін оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу де бар. Сонымен қатар, кеңес төрағасы Айдос Сарым биыл күзде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін осы мәселе бойынша Кеңестің тағы бір отырысын өткізуді ұсынды.