Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы бейнеконференция режимде өтіп, онда Одақ жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Отырысқа Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Куба Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Куба басшысы мен Өзбекстан Президенті кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысты.
Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия мен оған қарсы күрес шаралары жаһандану үдерісі мен бейбіт тыныс-тіршіліктің қалпын өзгерткенін атап өтті. Мұндай жағдайда экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеру, экономиканы қайта қалпына келтіру және дамыту жолына түсу сияқты өте өзекті мәселелердің тиімді шешімін табу қажет.
– Біз осы Одақ тарихында алғашқы стратегиялық құжатты жүзеге асыруды бастадық. Аталған стратегия орта мерзімді перспективадағы интеграцияның және экономиканың барлық саласындағы нақты ықпалдастықтың, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарын айқындап берді. Сондықтан Одақты дамыту стратегиясының сапалы әрі жедел іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл, әрине өзімізге байланысты, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде өзара сауда-саттыққа қатысты кедергілердің қордаланған проблемасын жүйелі шешу қажет екенін айтты. Локдаундар кезінде мұндай кедергілер едәуір көбейген.
– Аталған кедергілер сауда-экономикалық қатынастардың дамуын айтарлықтай тежеп, өсім әлеуеті мен дамуын шектейді. Қазақстан Одақтың басқа мүшелері сияқты, нарықтың барлық қатысушылары үшін теңдей және кемсітпейтін жағдай қалыптастыруды қолдайтынына сенімдімін. Комиссия кедергілермен тұрақты түрде күресіп келеді. Алайда оларды тиімді деп айта алмаймыз. Бұл ұлттық деңгейде қабылданған шешімдердің салдарымен күрес, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ-ның мәліметіне жүгінді. Президенттің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары деңгейге жеткен. 2030 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс 35 пайыздан асады деп болжануда.
– Одаққа мүше әрбір елдің азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға әлеуеті жетеді. Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау жөніндегі шектеу шаралары агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп, азық-түлік тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін. Әрине, кейбір жекелеген жағдайларда олардың уақытша қолданылуы өзін ақтады. Дегенмен мұндай шектеулердің біздің Одаққа мүше елдерге қатысы болмауы тиіс деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аграрлық ғылыми мекемелер арасындағы ықпалдастықты күшейтуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына экспорттау ісін ұлғайту шараларын жандандыруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Одаққа мүше елдермен бірге шекара маңы инфрақұрылымын дамытуға дайын.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын мысалға келтірді. Сондай-ақ Одақ аясында сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарының жүйесін құрудың маңызы артып отыр. Мұндай жүйе мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп секторының әлеуетін қолдауға, шығындарды азайтуға, сәйкесінше негізгі азық-түліктің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
– Еуразия елдері өздерінің транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруы керек. Мен көлік күрежолдарындағы трансшекаралық учаскелерді жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жандандыруды, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысын аяқтауды тағы да ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдеріміздің дағдарыстан кейінгі экономикасын қайта қалпына келтірудің қуатты әрі пәрменді факторы болатынына сенім білдірді. Қазақстан Одақты экономикалық интеграцияның тиімді және беделді ұйымына айналдыру үшін барынша күш салады.
Ал Кеңестің құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесіп жұмыс істеу арқылы Еуразия экономикалық одағы әлемдік экономикада өз орнын тапқанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтеріп, әлемдік «жасыл» экономиканың даму үрдістеріне тоқталды. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағының басқа интеграциялық бірлестіктермен, ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастығы және жүйелі экономикалық диалогті жалғастыруы маңызды екенін атап өтті.
– Сенімді серіктестермен және одақтастармен бірлесіп қана елдеріміздің экономикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болады. Еуразия экономикалық одағы құрылғаннан бері ұйым мүшелері ең күрделі жағдайда да өзара мәмілеге келіп, бір-бірін қолдайтын серіктестер екенін көрсетті. Қазіргі жағдайға байланысты біз интеграция мен өзара түсіністікті бұдан да арттыра түсуіміз керек, – деді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы.
Сонымен қатар Елбасы: «29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа біздің елдің астанасында қол қойғанымызға 7 жыл толады. Бүгінде бірлесіп күш жұмсаудың арқасында ЕАЭО әлемнің экономикалық архитектурасынан жүйелі орын алғанын әсірелеусіз айтуға болады. Соңғы бес жылда елдеріміздің өзара саудасы 21 пайызға өсіп, 2020 жылы 55 млрд долларға жетті. Бұл – дағдарыс жағдайындағы көрсеткіш. Әйтпесе, біз одан да үлкен жетістіктерге жете аламыз», – деді.
Сондай-ақ Елбасы мемлекетаралық қарым-қатынастардың нашарлап, сауда бәсеңдегенін, кедергілер көбейгенін де атап өтті. Одаққа мүше кейбір мемлекеттерге сыртқы қысым да күшейіп барады. Бұл – интеграциялық үрдістерге кедергі жасауды көздейтін күштердің әрекеті. Сондықтан Елбасы мұндай жағдайда бірнеше бағытқа назар аудару қажет деп санайды. «Біріншісі – әлеуметтік инфрақұрылым. Жақын жылдарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың нарығын толық құру қажет. Екіншісі – азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп саясаты. Бұл бағыттағы кооперацияны жеделдетіп, азық-түлік тапшылығына жол бермей, бүкіл кеңістікте бизнестің дамуына мүмкіндік жасау керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл жылдары банктерде қалыптасқан 10 триллиондық инфляция жалпы инфляция туындататыны анық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрі дүниеде азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін екенін атап өтіп, ЕАЭО әлеуетін әлемдік нарықтар арасындағы көпір ретінде пайдалануды ұсынды. «Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғындарын қамтамасыз ету үшін бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперация жасап, дұрыс байланыс орнату арқылы өз аумағымызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз», – деді Елбасы.
Өз кезегінде одаққа мүше және бақылаушы елдердің басшылары ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян цифрлық даму және газ тасымалы мәселесінің өзектілігіне тоқталса, Беларусь Президенті Александр Лукашенко одақ пен Қытай арасындағы сауда-саттықты дамыту қажет екенін атап өтті. Оның ойынша, Қытай нарығы өзгелерге қарағанда ашық әрі ұсынысты қабылдауға әзір. Сондықтан одақ өз өнімдерін Қытайға жөнелтуге мүдделі болуы тиіс. Ал Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ортақ еңбек нарығы мәселесіне көңіл бөлді. Қырғыз басшысы еңбек мигранттарына медициналық, әлеуметтік қызмет көрсету тетіктерін жетілдіруді ұсынды. Ресей Президенті Владимир Путин дәрі-дәрмек өнеркәсібіне ден қоюды алға тартты. Әрі Қырғыз Республикасы мен Арменияға вакцина өндіретін зауыт салып беруге әзір екенін айтты. Ал жиынға бақылаушы мәртебесінде қатысқан Куба Президенті Мигель Диас-Канель өз елінің одақпен байланысты нығайта түсуге мүдделі екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігіне тоқтала отырып, одақ аясында көлік-логистикалық жүйені жетілдіру, шекара мен кеден бекеттерінен өтудің қолайлы тетігін қалыптастыру өзекті екенін атап өтті.
Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысқан мемлекет басшылары Қазақстанның аталған ұйымдағы төрағалығының жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.
Ардақ СҰЛТАН