Қоймен қатар қоян да өсірсек...
Қоймен қатар қоян да өсірсек...
544
оқылды

«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қазақта «Қоянның өзін көр де қалжа­сынан түңіл» деген де нақыл бар. Алайда әлемде етінің бір келісі сиырдікінен де қымбат тұратын асылтұқымды қоян өсіру үдерісі үстем. Бірақ ел Үкіметі оның осыншалықты пайдасын білмейтінге ұқсайды. Себебі ел экономикасына септесе алатын саланы дамытуға мемлекет тарапынан ешқандай көмек қарастырылмаған.

Қолдау болмаса, құрдымға кетеді

Жалпы, әлемде қоян өсірудің тарихы б.з.д. ІІІ ғасырдан бас­талады. Франция, Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Эстония, Венгрия, Польша, Болгарияда жақсы дамыған. Сондай-ақ қоян етінің өнеркәсібі Аргентина, Бразилия, Индонезия, Нигерия, Гана сияқты елдерде өркендеп тұр. Қазақ­станға келсек, біздің қоян асы­рап, оның етіне «жерік» болып жүргеніміз шамалы. Сондық­тан еліміздің агросек­торында елеусіз қалған қоян шаруашылы­ғы – қазақ үшін таңсық тақырып. Осы та­қырыпты жазуды қолға алғанда ішкі нарықта қоян етіне сұраныс бар екенін анықтадық. Оны өзіміз баға қоймаған соң алыпсатарлар етін сонау Германия мен Венгриядан «арбалап» әлек. Демек, қой баға білген қазақ қоян шаруашылығын да қолға алса, оның агросектордағы ең кірісті саланың біріне айнала­ры­на көз жеткізер еді. Неге де­сеңіз, қоян етін көп тұтынатын қы­тай халқына жылына оның 925 мың тоннасы (әлемдік жалпы на­рықтың 62 пайызы) қажет кө­рінеді. Әне, салпаң­құлақты асы­расаң, ас ететін ірі нарық дәл ір­геңде тұр! Мысалы, жоғарыда атал­ған шетелдік магнаттар кең ау­қымды қоян шаруашылығымен отандық экспортын еселей түскен. Ал біздің екінші алып көршіміз Ресей қоян етінің 30 пайызын өзі өндірсе, қалғанын Франция мен Қытай­дан тасымалдап отыр. Демек, біздің қоян өсіруі­мізге ол да бір мүмкіндік. Ресейдің өзіне де Еуропаға ентелегеннен гөрі көр­шісінің сөресіне көз қиығын тас­тай салған тиімдірек болар еді. Дерекке сүйенсек, бүгінде Қа­зақстанда қоян өсіретін 5 мыңдай ұсақ шаруашылық бар екен. Оның 500-дейі асылтұқымды қоянды сырттан әкеп алған. Сол се­бепті қазір әлемде қоянның 200-ге жуық түрі өсірілсе, бізде соның 40-қа жуық түрі пайда болды. Бұл сала негізінен орыс ұлысы тығыз шоғырланған сол­түстік өңірлерде жақсы жолға қо­йыл­ған. Үлкен ақ қоян, үлкен сұр қоян, шиншилла тұ­қымдары көбірек өсіріледі. Ал Шымкентте асыл­тұ­қымды қоян өсірумен үш-ақ адам айна­лы­сады десек, үй жағда­йындағы ұсақ ша­руашылық 20-ға жуықтайды. Қара базарда қоян етінің 1 келісі – 2 000-2 500 теңге. Өте аз мөлшерде болған­дықтан, тез өтіп кетеді. Ал дүкен сөрелерінен мүлде кездеспейді. Әлгі үй ауласында қоян бағып отырғандардың әрқайсысы базарда айына 50-100 келі ет сатуы мүмкін. Әрі кетсе, 200 келіден аспайды. Мысалы, қоян шаруашылығы саласы­ның Кеңес өкіметі кезінде ауқымының өте кең болғаны соншалық соғыстан кейінгі кезеңде қазақстандық 150-ге жуық ферма Ресейге тонна-тонна ет тасымалдаған. Қа­зір ондай өндірістік өнеркәсіптік кешеннің бірі де жоқ. Ал Қытайда қоян шаруашылығы арнайы мемлекеттік бағдарламаға енгізіл­ген. Шаруалардың уәжіне құлақ түрсек, бізде де қоян шаруашылығының өндіріс қуаттылығын арттырып, шағын ферма ашу, құрылыс пен жемдеу цехын жарақтандыру үшін мемлекет тарапынан субсидия мен жеңілдетілген несие алуды қарастыру керек-ақ. Әйтпесе, бұл саладағы бәсекелес­тік ендігі 10-15 жылда мүлде жойылуы ға­жап емес.

Пайдасын білгеннің зияны жоқ

Қоянды қосалқы шаруашылықтың тап­тырмас нышаны деседі мамандар. Себебі ол ет мәселесін шешуге сеп. Осы орайда қоян өсірудің тиімділігімен танысу үшін экономист Дәулет Төлеутайұлының «Биз­неске бағыт» кітабын парақтап көрдік. «Қоян өсіру фермасы жобасының артық­шылығы: басқа ауыл шаруашылығы жануар­ларын өсіруге қарағанда жоғары емес бастапқы салымдар; фермаға қызмет көрсету бойынша елеулі күштің болмауы (бір қызметкер жеткілікті). Фермерлік шаруашылықтар үшін қоян шаруашылығы өте ыңғайлы кәсіп. Бұл бизнес ірі бастапқы салымдарды талап етпейді, қояндарды өсірудің және күтіп ұстаудың жылдар бойы жұмыс істеген технологиялары осы іспен арнайы дайындықтан өтпей айналысуға мүмкіндік береді. Ең қарапайым жабдық­тар­ды талап ететін кәсіптің қажетті заттары­ның бір бөлігін фермер өзі жасай алады» деп жазған ол. Алайда  асылтұқым­ды, әрқай­сы­сының ресми жеке құжаты бар қоянды шаруалар шетелден 400-500 еуроға, алып келуімен, құжат рәсімдеуімен 250 мың тең­геге жеткізуде. Оған қоса, ұшақта жүкке де қосымша ақша төлейді. Олардың көбеюі үшін жұбымен әкелу қажет десек, бір жұ­бының өзіне бас-аяғы жарты миллион теңге жұмсалады екен. Есесіне қорасы жайлы, қарны тоқ бол­са, қоян – өте өсімтал тіршілік иесі. Маман­дардың айтуынша, асқазан құрылысына қарай олардың аузы жемнен құрғамауы керек. Сондықтан тәулігіне 80 рет жемдеп тұрған жөн екен. Ал 2-3 рет қана жемдесе, ашыққан аналығы өзінің жаңа туған көжек­терін жеп қояды. Ауылда асырау жағдайына тоқталсақ, Қарағанды облысының Бұқар жырау ау­данын­да жас кәсіпкер Константин Батуев ау­дан әкімінің 500 мың теңгелік гранты ар­қы­лы сатып алған бельгиялық, француз­дық, полтавиялық көжектерін қазір еселеп көбейткен. Олар ыстық-суыққа бірдей тө­зімді көрінеді. Кәсіпкердің айтуынша, бе­ль­гиялық қояндардың үлкені шамамен 12-15 келіге дейін ет береді. Сондай-ақ Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Керейт ауылында да қоян шаруа­шылығы бар. Олар жылына 3 есе жылдам көбейеді екен. Акселерат деп аталатын бұл тұқым ретро-қоянның бiр жылда қосатын 4-6 келi салмағын 4 айда жинайды. Ет өн­дірісін жылдам жолға қоюға тиімді. Сол себепті жылына 24 тонна ет, 9 600 терi және 180 мың көжек алу жоспарланған. Сосын олар ешқашан ауырмайтындықтан, вакцина салудың да қажеті жоқ. Сол үшін шымкент­тік Елена Важенина да 25 жыл бойы еңбек еткен логистика саласын тастап, 38 жасында қоян өсіруді қолға алған. Елорда іргесіндегі Қосшы ауылында да қоян шаруашылығы бар. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ай сайын 100-ден астам қоян етін нарыққа шығаруда. Серіктестіктің бас зоотехнигі Мейрам Әбішевтің айтуынша, қоян еті көбіне жеңсік ас болғандықтан, мейрам­ханалар мен дәмханалардан сұраныс жиі түседі екен. Нарыққа жылына 4 тоннадан астам ет шығарған кездер болған. Осындай мысалдарға мән берсеңіз, бұл саланың экономикалық тұрғыдан өте тиімді екенін түсінесіз. Тағы бір артықшылығы, егер жаңа технологиямен өңдесе, қоян терісі құнды шикізатқа айналады. Одан түрлі сырткиім тігуге болады. «Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» деген нақыл­дың ескіргенін қазір Алматыдағы «Қоян» ЖШС-ның ісмерлері дәлелдеп отыр. Қоян терісінен тігілген тондардың қай кезеңде де сәннен қалмайтынын ескерген олар балалар тонын тігуді қолға алыпты. Сондай-ақ Тараздағы тері өңдеу зауытына жіберер болсақ, акселерат тұқымды қоянның терiсi өте сапалы екен. Одан балаларға және жастарға арналған сәндi сырт киiмдер, көрпе және өзге де тұрмыстық заттар тiгуге болады. Жүнінің де аллергия тудырмай­тынын ескерсек, түбіт алу үшін өсірілетін шаруашылықтарда әрбір ірі қояннан 350-500 грамм түбіт шығады. Ал қоян түбіті дегеніңіз жылу өткізгіштігі бойынша мери­нос жүнінен кем емес. Тіпті, қаптаған шұжықтар арасында қоян етінен әзірленген шұжық та оқшауланып тұрса, тұ­тынушылар көзге таңсық көрінген дүниенің дәмін де татқысы келеді емес пе?!

Маман пікірі:

Екатерина МАКАРОВА, қоян өсіруші:

«Бүгінде бұл сала өздігінен дамып келе­ді. Тіркелмеген шаруа қожалықтары жеткі­лік­ті. Ал мемлекет тарапынан олардың қызметі реттелмеген. Басты қиындық­тардың бірі – экспортқа шығарылатын өнім­ге құжаттарды рәсімдеу өте күрделі, мемлекет тарапынан қолдау жоқтың қасы. Мысалы, Өзбекстан қоян өсіруді мал шар­уа­шылығы бағыты ретінде енгізген. Онда фермерлерге субсидия беріледі және ірі фер­ма салуда. Жақында қоян етінің алғаш­қы партиясын Ресейге экспорттағалы отыр. Ал біз «Үкімет қашан нақты шаралар қа­был­дайды екен?» деп күтудеміз.

Еркеғали БЕЙСЕН