Қоғам қандай болса, «жазушысы» сондай
Қоғам қандай болса, «жазушысы» сондай
342
оқылды

Қазір ғылыми-фантастикалық, психологиялық жазбалар сұранысқа ие. Бүгінгі оқырманды жазушының не ақынның шы­ғармасы арқылы алдай алмаймыз. Өйткені талғам өзгерген, көзқарас та бәз баяғыдай емес. Блогерлер кітап жазып, мил­лиондап табыс тауып жатса, ол да технология. Демек, кәсіби жазушыға өзгеріс керек.

Белгілі IT маманы Садық Ше­рімбек осыдан екі жыл бұрын: «Халықтың дерті қандай болса, оқи­тын әдебиеті де сондай болады. Қазір көпшіліктің несиесі, қарызы бар, сондықтан кәсіпкерлік әдебиет оларға дәл уақытында келді. Халық қазір осы тақырыпта оқып жатыр. Сұраныстағы екінші тақырып – діни әдебиет. Шығып жатқан қазақша кітаптардың жартысынан көбі – діни әдебиет және олар сатылып жатыр. Одан кейін ғылыми-фан­тастикалық шығармалар, психо­логиялық жаз­балар сұраныста» деген екен. Садықтың сөзінің жаны бар. Психологиялық жазбаларға әлі де сұраныс жоғары. Көпшілік моти­вация беретін дүниелерге үйір. Со­сын кәсіпкерлікті үйрететін жазба­ларды көбірек іздейді. Мотивация демекші, осыдан бір-екі жыл бұрын жұлдыздардың дені кітап жазуды бастап кеткен. Олардың алғашқыларының қатарында Баян Есентаева мен Ләйлә Сұлтанқызы тұр. Бірінің кітабы – «Баян. Өзім жайлы ғана емес» деп аталса, екін­шісі – «Менің екінші кітабым». Баян Есентаева естеліктер кітабында өзі, отбасы және жеке өмірі туралы әңгі­мелейді. Ол «Менің жеке өмірім көп адамды қызықтырғаны соншалық – олар менің жеке өміріме араласып кетті. Мұндай қысымнан қорғана алмаймын, жасырыну да мүмкін емес. Мені бәрі көріп жүр. Сондық­тан адамдардың мені артықшылығы мен кемшілігі бар, жеңген және жеңілген, қателіктері бар қарапайым әйел екенімді түсінуі үшін кітап жазуыма тура келді» деп түсіндірген еді. Ал Сұлтанқызының «екінші кітабы» сұмдық сұранысқа ие болды. «Кітап автобиографиялық туынды болған соң құрамына 12 жасымнан бері жүргізіп келе жатқан жеке күн­деліктерімнен үзінділер кірді. Әрине, сол күнделіктерім мен үшін әрқашан бірінші кітап болып қалады» дейді автор. Әрі бұл кітабы туралы Ләйлә: «Бұл кітап – қыздарға мотивация беретін, әрі өз басымнан өткен қы­зықты оқиғаларды баяндайтын, автобиографиялық еңбек. Ол әр адамға тайм-менеджментті үйрету, өз-өзін дамыту, дұрыс жоспар құра білу, уақытты тиімді өткізу сияқты кеңес беретін алғашқы кітаптың бірі. Қазір мұндай мотивациялық кіт­аптар өте көп. Интернетте күнде­ліктерді де көп табуға болады. «Ме­нің екінші кітабым» шыққан кезде мұндай дүниелер жоқтың қасы еді. Тіпті, кітап үш-төрт рет қайта ба­сылды. Мүмкін бәсекелестік аз болғаннан шығар. Кітапты оқыған оқырманның жазбаларына қарап отырсаңыз, әрқайсысы өзіне қажетті кеңесті түртіп алып отырған. Де­мек, мұның зиянынан пайдасы көп болған секілді» дейді. Ләйләнің тағы бір кітабы – «Әйел». Бұл кітабында автор қазақ аруларының сан түрлі тағдырын негіз еттім деп ойлайды. Әрі «Әйел» кітабы бақытты әйел­дердің тағдырын көрсете алмайды. Онда автор өзі айтқандай, «93 әйелдің тағдыры» бар. 93 тағ­дырды оқыған оқырман ол арқылы өз проблемасын шеше алмайтыны ақиқат. Түрлі тағдыр иелерінің өмірін жинақтап, кітап құрастыру оңай. Бірақ оны «кітап» деп айтуға бола ма? Жалпы, соңғы кездері кітап жазып жүргендердің дені біреуді кітап арқылы «тәрбиелеу» мүмкін емес екенін айтып жүр. Онда мо­тивациялық кітаптың оқырманға берері не болмақ? Айнұр Тұрсынбаеваның да Instagram парақшасында жазылушысы өте көп. Жиі-жиі тікелей эфирге шығып, жазы­лушыларына тренинг өткізіп, мотивация беріп жүрген айтыскер ақын «Түпсана» деп аталатын кі­табын да шығарып үлгерді. Кітап туралы ақын: «Кез келген адамның арманы орын­далады, кез келген адам мақсатына жете алады. Арма­ның орындалуы үшін ең алдымен миды сендіру керек. Бірақ ми сенбейді. Миды сендіру өте қиын. Сол сенімсіздіктен арылудың жолы – түпсананы та­залау» дейді. Бұдан бөлек «Айнұрдың моти­вациялары» және «Айнұр аф­фирмациялары» деген кітаптары бар. Бірақ оның бәрі тек мотивация беру ғана. Ал ол кітаптар арқылы арқылы адамдар нені үй­ренеді? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген де пікірлер айтылады. Ата-ана мен бала ара­сындағы қа­рым-қатынасты Ай­нұрдың моти­вациялық кітаптары арқылы реттеп жүр ме? Шын мәнінде адам қиындық көріп жүрсе, ол кәсіби психологтің жеке қабыл­дауына жазылғаны дұрыс емес пе? «Түпсананы өзгерт» де­ге­німізбен, ешкімнің санасы өзгеріп кетпейтінін коуч та біліп отыр. Психолог Сәбина Рамаза­но­ваның айтуынша, «психолог емес адамдардың мұндай мотивациялық кітаптарды жазғанда тұрған ештеңесі жоқ. Бастысы, ол адамның оқыр­манға айтар кеңесі, пікірі орнықты болса болды. Мүмкін оның тұрмыста көрген қиындықтары өзгеге сабақ болар» дейді. Бағлан Әбдірайымов та осы кезге дейін екі кітап «жазып» үлгерді. Бі­ріншісі «Ақ пен қара» әншінің өмірін, бастан кешкендерін баян­дайтын болса, екінші кітап «Қа­рызсыз қазақ» деп аталады. Бұл кітабында әнші қарызсыз өмір сү­рудің және қарыздан құтылудың құпиясын көрсетеді. Бірақ бұл кітаптың мәні «қарыз алмаудың» құпиясын көрсеткенімен, одан кейін қарыз алмай кеткен ешкім жоқ. Байқағаныңыздай, бүгінгі баспа бизнесінде «кітапты емес, авторды сату керек» деген ұстаным бар. Кез келген оқырман кітаптың мазмұнына емес, әуелі авторына қарайтыны белгілі. Қазір әлеуметтік желінің де күші басым. Әлемжелі арқылы өзін-өзі әбден жарнамалап алған ав­торлардың жолы болып жүргені де сондықтан. Екіншіден, нарық заңдылықтарын білгісі келетіндер көп. Тез байығысы келіп тұрады. Сол үшін де «тез баюдың» жолын үй­рететін кітаптарға үйір келеді. Бірақ осындай кітаптарды оқып, байып кеткен адамдарды көрдіңіз бе? Ви­ктор Франкл: «Өмір мәні – адам­ның ең басты мотивациясы» деген тұ­жырымға келеді. Сондықтан сәнге айналған кітаптарға да сене беруге болмайды. Десек те, соңғы жылдары жұрт­шылық осындай кітаптарды сатып алудан бас тартар емес. Мәселен, QAZYNA кітап сауда үйі 2020 жылы Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптардың көп өткенін айтқан. Бұл үрдіс биыл да өзгермеген секілді. Әдебиет сыншысы Анар Қаб­дуллина: «Жазушы деген кім? Оны жазушы ретінде бағалайтын қоғам болғанда ғана жазушы. Қоғам тану үшін насихат маңызды. Ол үшін насихаттаушы тетіктердің таңдауы дәл сол жазушыға түсуі керек. На­рықтық жүйеге көшкелі оқырман мен жазушы арасы алшақтап кетті. Нарық нені ұсынса, оқырман соны оқиды, яғни, талғамды қалып­тастыратын – бүгінгі уақыт. Әлемдік тенденция бойынша кітап – белгілі бір баспаның һәм әдеби агент­тіктердің оқырманға ұсынатын өнімі, яғни тауары. Бұл – кітап бизнесі. Жазушы нарықтық жүйеде өз функциясын атқарушы құрал ғана. Оның авторлық брендін де соған қызығушылығы бар бас баспа немесе АӘ қалыптастырады. Егер кітабы бестселлерге айналса, сол қы­зығушылықты ұстап тұру үшін оның жалғасын (серияларын) «әдеби жалдаугерлер» жасауы мүм­кін. Неге «жалдамалы»? Себебі си­нопсис қо­лына тигеннен белгілі бір мерзімде, белгілі бір қаламақыға «жұмысты» істеп береді. Әдетте әдеби жал­даугерлер аса талантты болуы мүм­кін, бірақ өкінішке қарай, бұл жобаның авторлық брен­ді басқада, онсыз кітап өтпейді. Ал кітап бизнесі өзіне тиімді жол­дарды таңдайды. Барлық жобалар жыл­дамдық, креа­тивтік маңызын жете түсінетін, жан-жақты болып келетін кәсіп иелері жур­налист, блогерлерге таң­дауы түсуі мүмкін. Қазір кітап нары­ғында осындай ұжымдық жұмыс түрі қа­лыптасқаны рас» дейді. Сыншының айтуынша, біздің қоғамда оның көрінісі әлсіз болса да, бар дейді. «Оқырман дегеніміз – шартты нәрсе, оны қалыптастыратын кітап дайындайтындар. Демек, нарықтық жүйеде кітап жазатындардың деңгейі жоғары болуы керек, өз стихиясының адамы, кәсіби жауапкершілігі үлкен мамандар болса, бәрі дұрыс болады. Өткен уақыт енді ешқашан қайта оралмайды. Біз жылдамдығы зымы­ранмен тең жаһандану уақы­тында артқа мойын бұруға шамамыз кел­мей, кезең икемдеп әкелген арнада осы күйі аға беретініміз анық. Оған ешқандай өкініш болмау керек, тек қана даму, тек қана алға» дейді сыншы. Анар Қабдуллина айтқандай, өмір бір қалыпта тұрмайды. Уақыт та өз дегенін істейді. Өткенді аңса­ғанымызбен, оған қайта орала ал­маймыз. Ал мотивациялық кітаптар төңірегіне келсек, бұл да өтпелі дү­ние. Мұның да жақсы жағы бар. Кәсіби жазушылар осы арқылы технологияны меңгереді. Сөйтіп, алдағы бес-алты жылда жазушылар жаңа технологиямен дами бас­тай­тыны сөзсіз.

Айым БЕКТҰР