Қазір ғылыми-фантастикалық, психологиялық жазбалар сұранысқа ие. Бүгінгі оқырманды жазушының не ақынның шығармасы арқылы алдай алмаймыз. Өйткені талғам өзгерген, көзқарас та бәз баяғыдай емес. Блогерлер кітап жазып, миллиондап табыс тауып жатса, ол да технология. Демек, кәсіби жазушыға өзгеріс керек.
Белгілі IT маманы Садық Шерімбек осыдан екі жыл бұрын: «Халықтың дерті қандай болса, оқитын әдебиеті де сондай болады. Қазір көпшіліктің несиесі, қарызы бар, сондықтан кәсіпкерлік әдебиет оларға дәл уақытында келді. Халық қазір осы тақырыпта оқып жатыр. Сұраныстағы екінші тақырып – діни әдебиет. Шығып жатқан қазақша кітаптардың жартысынан көбі – діни әдебиет және олар сатылып жатыр. Одан кейін ғылыми-фантастикалық шығармалар, психологиялық жазбалар сұраныста» деген екен. Садықтың сөзінің жаны бар. Психологиялық жазбаларға әлі де сұраныс жоғары. Көпшілік мотивация беретін дүниелерге үйір. Сосын кәсіпкерлікті үйрететін жазбаларды көбірек іздейді. Мотивация демекші, осыдан бір-екі жыл бұрын жұлдыздардың дені кітап жазуды бастап кеткен. Олардың алғашқыларының қатарында Баян Есентаева мен Ләйлә Сұлтанқызы тұр. Бірінің кітабы – «Баян. Өзім жайлы ғана емес» деп аталса, екіншісі – «Менің екінші кітабым». Баян Есентаева естеліктер кітабында өзі, отбасы және жеке өмірі туралы әңгімелейді. Ол «Менің жеке өмірім көп адамды қызықтырғаны соншалық – олар менің жеке өміріме араласып кетті. Мұндай қысымнан қорғана алмаймын, жасырыну да мүмкін емес. Мені бәрі көріп жүр. Сондықтан адамдардың мені артықшылығы мен кемшілігі бар, жеңген және жеңілген, қателіктері бар қарапайым әйел екенімді түсінуі үшін кітап жазуыма тура келді» деп түсіндірген еді. Ал Сұлтанқызының «екінші кітабы» сұмдық сұранысқа ие болды. «Кітап автобиографиялық туынды болған соң құрамына 12 жасымнан бері жүргізіп келе жатқан жеке күнделіктерімнен үзінділер кірді. Әрине, сол күнделіктерім мен үшін әрқашан бірінші кітап болып қалады» дейді автор. Әрі бұл кітабы туралы Ләйлә: «Бұл кітап – қыздарға мотивация беретін, әрі өз басымнан өткен қызықты оқиғаларды баяндайтын, автобиографиялық еңбек. Ол әр адамға тайм-менеджментті үйрету, өз-өзін дамыту, дұрыс жоспар құра білу, уақытты тиімді өткізу сияқты кеңес беретін алғашқы кітаптың бірі. Қазір мұндай мотивациялық кітаптар өте көп. Интернетте күнделіктерді де көп табуға болады. «Менің екінші кітабым» шыққан кезде мұндай дүниелер жоқтың қасы еді. Тіпті, кітап үш-төрт рет қайта басылды. Мүмкін бәсекелестік аз болғаннан шығар. Кітапты оқыған оқырманның жазбаларына қарап отырсаңыз, әрқайсысы өзіне қажетті кеңесті түртіп алып отырған. Демек, мұның зиянынан пайдасы көп болған секілді» дейді. Ләйләнің тағы бір кітабы – «Әйел». Бұл кітабында автор қазақ аруларының сан түрлі тағдырын негіз еттім деп ойлайды. Әрі «Әйел» кітабы бақытты әйелдердің тағдырын көрсете алмайды. Онда автор өзі айтқандай, «93 әйелдің тағдыры» бар. 93 тағдырды оқыған оқырман ол арқылы өз проблемасын шеше алмайтыны ақиқат. Түрлі тағдыр иелерінің өмірін жинақтап, кітап құрастыру оңай. Бірақ оны «кітап» деп айтуға бола ма? Жалпы, соңғы кездері кітап жазып жүргендердің дені біреуді кітап арқылы «тәрбиелеу» мүмкін емес екенін айтып жүр. Онда мотивациялық кітаптың оқырманға берері не болмақ? Айнұр Тұрсынбаеваның да Instagram парақшасында жазылушысы өте көп. Жиі-жиі тікелей эфирге шығып, жазылушыларына тренинг өткізіп, мотивация беріп жүрген айтыскер ақын «Түпсана» деп аталатын кітабын да шығарып үлгерді. Кітап туралы ақын: «Кез келген адамның арманы орындалады, кез келген адам мақсатына жете алады. Арманың орындалуы үшін ең алдымен миды сендіру керек. Бірақ ми сенбейді. Миды сендіру өте қиын. Сол сенімсіздіктен арылудың жолы – түпсананы тазалау» дейді. Бұдан бөлек «Айнұрдың мотивациялары» және «Айнұр аффирмациялары» деген кітаптары бар. Бірақ оның бәрі тек мотивация беру ғана. Ал ол кітаптар арқылы арқылы адамдар нені үйренеді? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген де пікірлер айтылады. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты Айнұрдың мотивациялық кітаптары арқылы реттеп жүр ме? Шын мәнінде адам қиындық көріп жүрсе, ол кәсіби психологтің жеке қабылдауына жазылғаны дұрыс емес пе? «Түпсананы өзгерт» дегенімізбен, ешкімнің санасы өзгеріп кетпейтінін коуч та біліп отыр. Психолог Сәбина Рамазанованың айтуынша, «психолог емес адамдардың мұндай мотивациялық кітаптарды жазғанда тұрған ештеңесі жоқ. Бастысы, ол адамның оқырманға айтар кеңесі, пікірі орнықты болса болды. Мүмкін оның тұрмыста көрген қиындықтары өзгеге сабақ болар» дейді. Бағлан Әбдірайымов та осы кезге дейін екі кітап «жазып» үлгерді. Біріншісі «Ақ пен қара» әншінің өмірін, бастан кешкендерін баяндайтын болса, екінші кітап «Қарызсыз қазақ» деп аталады. Бұл кітабында әнші қарызсыз өмір сүрудің және қарыздан құтылудың құпиясын көрсетеді. Бірақ бұл кітаптың мәні «қарыз алмаудың» құпиясын көрсеткенімен, одан кейін қарыз алмай кеткен ешкім жоқ. Байқағаныңыздай, бүгінгі баспа бизнесінде «кітапты емес, авторды сату керек» деген ұстаным бар. Кез келген оқырман кітаптың мазмұнына емес, әуелі авторына қарайтыны белгілі. Қазір әлеуметтік желінің де күші басым. Әлемжелі арқылы өзін-өзі әбден жарнамалап алған авторлардың жолы болып жүргені де сондықтан. Екіншіден, нарық заңдылықтарын білгісі келетіндер көп. Тез байығысы келіп тұрады. Сол үшін де «тез баюдың» жолын үйрететін кітаптарға үйір келеді. Бірақ осындай кітаптарды оқып, байып кеткен адамдарды көрдіңіз бе? Виктор Франкл: «Өмір мәні – адамның ең басты мотивациясы» деген тұжырымға келеді. Сондықтан сәнге айналған кітаптарға да сене беруге болмайды. Десек те, соңғы жылдары жұртшылық осындай кітаптарды сатып алудан бас тартар емес. Мәселен, QAZYNA кітап сауда үйі 2020 жылы Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптардың көп өткенін айтқан. Бұл үрдіс биыл да өзгермеген секілді. Әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина: «Жазушы деген кім? Оны жазушы ретінде бағалайтын қоғам болғанда ғана жазушы. Қоғам тану үшін насихат маңызды. Ол үшін насихаттаушы тетіктердің таңдауы дәл сол жазушыға түсуі керек. Нарықтық жүйеге көшкелі оқырман мен жазушы арасы алшақтап кетті. Нарық нені ұсынса, оқырман соны оқиды, яғни, талғамды қалыптастыратын – бүгінгі уақыт. Әлемдік тенденция бойынша кітап – белгілі бір баспаның һәм әдеби агенттіктердің оқырманға ұсынатын өнімі, яғни тауары. Бұл – кітап бизнесі. Жазушы нарықтық жүйеде өз функциясын атқарушы құрал ғана. Оның авторлық брендін де соған қызығушылығы бар бас баспа немесе АӘ қалыптастырады. Егер кітабы бестселлерге айналса, сол қызығушылықты ұстап тұру үшін оның жалғасын (серияларын) «әдеби жалдаугерлер» жасауы мүмкін. Неге «жалдамалы»? Себебі синопсис қолына тигеннен белгілі бір мерзімде, белгілі бір қаламақыға «жұмысты» істеп береді. Әдетте әдеби жалдаугерлер аса талантты болуы мүмкін, бірақ өкінішке қарай, бұл жобаның авторлық бренді басқада, онсыз кітап өтпейді. Ал кітап бизнесі өзіне тиімді жолдарды таңдайды. Барлық жобалар жылдамдық, креативтік маңызын жете түсінетін, жан-жақты болып келетін кәсіп иелері журналист, блогерлерге таңдауы түсуі мүмкін. Қазір кітап нарығында осындай ұжымдық жұмыс түрі қалыптасқаны рас» дейді. Сыншының айтуынша, біздің қоғамда оның көрінісі әлсіз болса да, бар дейді. «Оқырман дегеніміз – шартты нәрсе, оны қалыптастыратын кітап дайындайтындар. Демек, нарықтық жүйеде кітап жазатындардың деңгейі жоғары болуы керек, өз стихиясының адамы, кәсіби жауапкершілігі үлкен мамандар болса, бәрі дұрыс болады. Өткен уақыт енді ешқашан қайта оралмайды. Біз жылдамдығы зымыранмен тең жаһандану уақытында артқа мойын бұруға шамамыз келмей, кезең икемдеп әкелген арнада осы күйі аға беретініміз анық. Оған ешқандай өкініш болмау керек, тек қана даму, тек қана алға» дейді сыншы. Анар Қабдуллина айтқандай, өмір бір қалыпта тұрмайды. Уақыт та өз дегенін істейді. Өткенді аңсағанымызбен, оған қайта орала алмаймыз. Ал мотивациялық кітаптар төңірегіне келсек, бұл да өтпелі дүние. Мұның да жақсы жағы бар. Кәсіби жазушылар осы арқылы технологияны меңгереді. Сөйтіп, алдағы бес-алты жылда жазушылар жаңа технологиямен дами бастайтыны сөзсіз.Айым БЕКТҰР