Тәуелсіздікпен бірге түлеген Сыр елінде 1991-2020 жылдар аралығында жалпы ауданы 7 млн 372 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, жүз мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халық саны миллионға жақындаған Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар әлі де көп. Сондықтан тұрғындарды баспанамен қамту бағдарламасы биыл да жалғасын таппақ.
СЕГІЗ ЖЫЛДАҒЫ СЕРПІН
Әріге бармай-ақ соңғы 8 жылда жүргізілген құрылыс қарқынына тоқталсақ. Мәселен, 2013-2020 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 4 млн 255 мың шаршы метрді құрап отыр. Осы жылдар аралығында 9 960 пәтерді құрайтын 443 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, сондай-ақ жалпы ауданы 3 млн 456 мың шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға берілген. Мысалы, аймақ бойынша 2004 жылы 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш 2015 жылы 5,5 есе өсіп, 500 мың шаршы метрге жеткен. Ал 2016 жылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Мұндай құрылыс қарқыны Қызылордада ешуақытта болмаған. 2017 жылы оған дейінгі 2-3 жылғы қарқынды құрылыс нәтижесінде 11 жаңа шағынаудан бой көтерсе, 2018 жылы Қызылорда облысында көпқабатты 70 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Онда барлығы 1 790 пәтер бар. 2018 жыл қорытындысымен Сыр өңірінде 699,6 мың шаршы метр баспананың кілті табысталса, 2019 жылы аймақта тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Кешенді жоспардағы тұрғын үй құрылысын жүргізуде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының бірінші бағыты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған. Кешенді жоспар аясында аймақта аумағы 208,9 мың шаршы метрді құрайтын 3 510 пәтерді пайдалануға беру көзделді. Былтыр, яғни 2020 жылы пандемия-дағы кедергілерге қарамастан, тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метрді құрап, баспана құрылысы өсімін жоғалтпады. Керісінше, 591 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланса, оның орнына 609 мың шаршы метр баспананың кілті табысталды. Осылайша, үй кезегінде тұрған мыңдаған отбасы қоныстойын тойлап, жаңа баспанаға қол жеткізді. Ал биыл облыс бойынша 105 тұрғын үйдің құрылысы басталды. – Қызылорда қаласындағы сол жағалауда 590 пәтерлі 12 үй, Шиелі кентінде 72 пәтерлі 4 үй салынып жатыр. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 430 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға табысталатын болады. Сонымен қатар Ұлттық қор есебінен аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады. Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан 192 пәтер, Арал ауданынан – 35 пәтер, Қазалы ауданынан – 35 пәтер және Қармақшыдан – 10, Жалағаштан – 20, Сырдариядан – 10, Шиелі мен Жаңақорғаннан 20 пәтерден салынуда, – деді Құрылыс басқармасының мамандары.ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ
Биыл Қызылорда облысы әкімдігі мен Үкімет арасындағы бекітілген меморандумға сәйкес облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді көздеп отыр. Бүгінде қалада 38 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 28 тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынса, 10 көпқабатты үйдің кірпішін жеке кәсіпкерлер қалап жатыр. Бүгінде СПМК-70 шағынауданында 13 бірдей көпқабатты үйдің іргетасы қаланып, бірқатарының құрылысы бел ортасына келген. Сәтін салса, жыл аяғына дейін барлығының құрылысын аяқтап, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған ауданда бой көтеріп жатқан несиелік үйлердің жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса, ағымдағы жылы 640 отбасы баспаналы болады. Бұдан бөлек, 680 тұрғын сол жағалаудан салынып жатқан арендалық тұрғын үйлер есебінен баспаналы болмақ. Аталған аумақтағы 14 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда жақын күндері баспана кезегінде тұрған тұрғындар қоныстанатын болады. – Сол жағалаудағы тұрғын үйлер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, нағыз мұқтаж азаматтарға сатып алу құқығынсыз табысталатын болады. Алдағы уақытта да қаладағы тұрғын үй құрылысы бір сәтке бәсеңдемейді, – деді сала мамандары. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында 75 пәтерлі 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Кредиттік тұрғын үйлер бойынша барлығы 665 пәтерді құрайтын 38, жеке қаражат есебінен 220 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы салынады. Жалпы, облыста биыл 644,7 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осындай қарқынды құрылыстың нәтижесі болса керек, жақында ғана Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында елімізде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғайғанын айтты. Министр барлық өңірде өсім бар екенін айта келе, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғары қарқыны Қызылорда облысында байқалатынын атап өткен еді. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның сол жағалауында болғанда: «Біз тұрғындардың, әсіресе аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаржыны бөлетін кезде, бүгінгі жағдайға икемделген жоба басымдық береміз. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс» деген еді.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы