Көлік бағасы неге шарықтай береді?
Көлік бағасы неге шарықтай береді?
263
оқылды

Соңғы жылдары көлік бағасы тоқтаусыз өсіп жатқанын байқау қиын емес. Шынында, баға оңып тұрған жоқ. Былтыр жыл аяғына таман жаңа көліктер лезде 17 пайызға қымбаттаған болатын. Бұрын жүрілген, ескі темір тұлпарлардың да құны көңіл көншітпейді. Кейбір жандардың сабылып, шетелден көлік тасымалдауына да елдегі бағаның әсер еткені жасырын емес. Ал көлік қымбатшылығының түпкі себебі неде?

Пандемияны еңсерген нарық

Былтыр, яғни пандемия ке­зеңін­де автокөлік бағасы бір емес, екі рет көтерілді. Әуелі шілде айында 11 пайызға, қарашада тағы 17 пайыз­ға өсіп кетті. Ал көліктерді жіктеп қарастырған ресми дерек бойынша, жалпы карантин уақы­­тында им­порттық көліктер бағасы 23, елімізде құрастырылған темір тұлпарлар құны 13 пайызға көте­рілген екен. Бірақ құн өсті екен деп сұраныс «құнсызданбады». Көлік тіз­гін­дегендер алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 13 пайызға артты. 2020 жылғы күзде Цифрлық даму, ин­новация және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі автокө­ліктерді онлайн тіркеу қызметіне жүгінген­дердің саны екі есе артқанын мә­лімдеді. Яғни, көлік атаулының саудасы жүрді. Ақыры халықтың темір тұл­пар тізгіндеуге деген құл­шынысы көлік нарығын пандемия дағ­дарысынан сақтап қалды. Был­тыр алғашқы 6 айда 35 мың көлік сатылған. Ал биыл да көлік саудасы тіптен жанданды. Елімізде жыл басынан сәуірге дейінгі 4 ай ішінде жеңіл көлік, автобус пен ауыр жүк көліктерін қосқанда 34 199 машина сатылып, сауда өсімі 20 пайызға жетіпті. Қош, ал біз баға артуының себебіне үңілсек.

Әлі де қымбаттай бермек

Көбіне сарапшылар автокөлік қымбаттауының себебін АҚШ дол­лары бағамының теңгеге шақ­қан­дағы өсімімен түсіндіреді. Яғни, ұлт­тық валюта құнсызданған сайын соған сәйкес құн да өспек. Соңғы 5 жылдың ішінде жаңа көліктердің бағасы 1,5-2 есеге дейін артты. Мы­са­лы, дәуірінде сұраныстан түспеген Reno Duster автокөлігі 2015 жылы 4 млн теңгеге жетпес сомада сауда­ланған еді. Ал қазір 8 миллион­нан асып жығылды. Өткен жылы ғана жаңа Nissan Qashqai 12 миллион тұрса, биыл 16 миллионға жетпек сыңайда. Мұндай мысалды көптеп келтірсек болады. Ал құн өсіміне тек долларды кінәлаған жөн бе? Бәлкім, қымбатшылыққа әсер еткен басқа да себептер бар болар. Автокөлік нарығының сарапшысы Айжан Күлмұханбетованың ай­туынша, ше­телден шыққан көліктерді елге жеткізу шығыны бағаның өсуіне әкеліп отыр. – Доллар бағамының теңгемен санағандағы өсуі – көлік қым­бат­тауының басты себебі екенін жоққа шығара алмаймыз. Бәрінің бағасы доллармен есептелетін бол­ған­дық­тан, доллардың өсуі бірін­ші әсер етеді. Екіншіден, біздің елге жеткізу басқа елге жеткізуден қым­баттау болуы мүмкін. Себебі біздің ха­лықтың саны аз және жаңа көлікті алу мүмкіндігі төмен. Көп­теп жет­кізудің қажеттілігі жоқтығы­нан жет­кізу ақысы қымбаттайды. Алдын ала есептеу жұмыстары жүргізілетіні анық. Ол жерде тапсырыс, халық­тың сатып алу мүмкіндігіне, сұраны­сына, қандай көліктерге қызығушы­лық бар-жоғына дейін ескеріледі. Сондай-ақ автосалондардың көбі көлік бағасына өз шығындарын қосады. Көлікті сақтап, оны жарна­малап, сатушылар қызметіне тө­лейтін қаржыны сауда есебінен толтырады, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, пайдала­­ныл­ған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Біріншіден, оны заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасқан. Салығы өсіп кетсе, ұрланған көлік болып шықса деген үрей тағы бар. «Тіпті, күнде­лікті жол полициясы қызмет­кер­лерінің де маза бермейтінін ойлап, азаматтарымыз көбіне елдегі ескі көліктерге басымдық береді. Басқа елден алып келуге мүмкіндігі жоғын білген жұрт қолда барының бағасын өсіріп отыр. Ал Қазақстанда құрас­тырылған көліктерді алып жат­қандар бар. Бірақ сапасына сенім­сіздік танытатындар одан да көп. Импорттық көліктерге банктердің пайыздық үстемеақылары өте жоға­ры», – дейді маман. Ал автонарық шолушысы Олжас Оқас болса, бір емес, бірнеше се­беп­ті алға тартады. Оның айтуынша, металл бағасының өсуі де көлік нарығына тікелей әсер етеді. – Утилизациялық алымның ке­­сірінен көлік бағасы қымбат. Ути­­­­лизациялық алымның көлік бағасындағы үлесі – 30 пайыз. Мы­са­лы, 4 миллионға сатылып жат­қан көліктің бағасы – 2 млн 900 мың­дай. Жалпы, көлік ешқа­шан ар­зандаған жоқ. Өйткені металл қым­­баттап жатыр. Қазірдің өзінде коммерциялық техника 30-50 пайыз­­ға қымбаттады. Таяуда жеңіл көліктер қымбаттайды. Сон­дықтан өндірушілер металл про­катына салынатын салықты азай­туды сұ­рап отыр. Бірақ бұл екіта­лай. Бір жағы­нан тауар дол­ларға байланған, ал теңге әлсіз. Сон­дықтан ком­па­ния­лар бағаға түзету жасап, сәй­кес­тен­діреді. Тең­гемен көлік құ­нын қым­бат­татады. Қазір ең ар­зан шағын көлік Chevrolet Damas-тың құны шамамен 3 млн 650 мың тең­ге. Се­данға келсек, Chevrolet Nexia ­4 млн теңге шама­сында. Екінші нарықта Toyota Camry сұраныста. 2013-2014 жылғы машиналардың құны 9 мил­лионға бара жатыр, – дейді ол. Маман сөзінен аңғарғанымыз – көлік бағасы мұнымен тұрақтанып қалмайды. Сарапшылар биыл да 15-20 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Тәуелсіз авто­бизнес одағының өкілі Мақсат Мейірмановтың ойынша, алдағы уақытта автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтап шықпақ. Сарапшы оны пан­де­миямен емес, доллардың жиі құбылуымен бай­ланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошағы мен дилерлік орталықтар бағаны өзгертіп оты­руға мәжбүр. – Баға бірден 20 пайызға көте­ріліп кетеді деп айта алмаймыз. Оның ауыртпалығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріп, өзгерте береді. Клиенттердің сұра­нысы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейді. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арттырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 1 пайызға асықпай көтеруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов.

Қымбат баға автопаркімізді ескіртті

Ескі көліктер де құнын жо­ғалт­пай тұрғанын айттық. Бірақ дәл осы көліктер Қазақстан автопаркін жыл өткен сайын тоздырып жатыр. Ав­то­мобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, елі­міздің жолдарында жүрген 1 мил­лион 200 мың көлікке 20 жылдан асып кеткен. Яғни, әбден тозығы жеткен машина көп. Олар әлі күнге дейін сатылымда жүр. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан авто­көліктердің үлесі 59 пайызды құра­ған. Үш жылдан кейін бұл көрсеткіш 65 пайызға жетсе, 2020 жылы 70 пайыз­ға өсті. Сонда елдегі 4 мил­лионнан астам көліктің 2,8 мил­лионы тозған. Бұдан кейін авто­өнер­кәсіптің дамуы мен экологияға деген қамқорлық жайлы айту қи­сынсыз көрінеді. Автопарктің осы­лай ескіруіне бағаның қолай­сы­з­дығы себеп болғаны анық. Мәселен, қолыңызда 3-4 миллион теңге бол­са, шыққанына 3 жыл толмаған көлік сатып ала алмайсыз. Мүмкін­дігіңіз нөлге тең. 3 жылға жетпеген, ең арзан көлік түрлерін таңдаймын десеңіз, кемі 5-7 миллион теңгеңіз болғаны абзал. Демек, 10 млн тең­геге жетпейтін бағадағы маши­на­ларды жұрт несие арқылы алып жат­қанда, ескі, есесіне арзандау кө­ліктерге сұраныс әлі толас­тамайды. Содан кейін шетелден кө­лік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. Армения, Грузия секілді елдерде жаңа болмаса да, ескіре қоймаған көліктер бізге қарағанда қолжетімді бағада саты­лады. Грузияда 100 мың шақы­рымнан астам жүрген Hyundai Elantra көлігін 2 млн теңгеге алуға бо­ла­ды. Ал елімізде сол тәрізді темір тұлпарды 4,5-5 млн теңгеге сатып аласыз. 2 есе баға айырмашылығы тұр. Қазір жаңа импорттық көліктер ең азы 17 пайыздық мөлшерлемемен несиеге беріліп жүр. Бірақ несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отан­дық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан кө­ліктерге жаппай сұраныс жоқ. Кө­лік бағасы осы қарқынмен қым­баттай берер болса, келешекте ескі көлігіміз кө­бейіп, жаңа көлікке қол жеткізу қиындай беретін тәрізді.

Мадияр ТӨЛЕУ