Компьютерлік томография мен талдау-сараптау қорытындылары бойынша оған коронавирус және ауыр дәрежелі өкпенің 88 пайыз зақымдануымен екі жақты вирустық пневмония диагнозы қойылған.
Медицина қызметкерлері бір айдан аса реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күресіп, ана мен баланы аман алып қалды.Ауыр жағдайына қарамастан әйел дені сау ұл баланы дүниеге әкелгені қуантады.– Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесарь тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәбидің коронавирус жұқтырмағанын көрсетті. Бірақ, босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті. Сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен демала алмайды, интоксикация синдромы өзгеріссіз. Бірнеше рет консилиумдар жүргізілді, нәтижесінде экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратына қосылды, – дейді босану бөлімшесінің меңгерушісі Қымбат Абдраимова.
Жалпы, жыл басынан бері ауруханаға COVID-19 жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түскен. 72 жүкті және босанған әйел жансақтау бөлімінде емделіп шықса, ауруханада 52 әйел дені сау баланы дүниеге әкелген.– Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу бақытын сыйлаған осы аурухананың ұжымына алғысымды білдіремін. Алдарыңызда басымды иемін. Сіздер шынымен мықты екенсіздер, адал еңбектеріңізді көрдім. Көрсетілген көмектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін мың алғыс, – дейді ана.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы