Сұранысқа ие мамандық па, маман ба?

aikyn.kz

Мектеп бітірген түлектің мақсаты – жақсы мамандық таңдап, грантқа түсу. Ретін білгенге бұл оңай шаруа емес. Өйткені 10-11-сынып оқитын оқушылардың 90%-ы қандай маман иесі атанарын білмейді. Ал 8-9-сынып оқушыларының 78%-ы ма­мандық таңдау процесінен хабарсыз. Аталған статистиканы профориентолог мамандар ұсынып отыр. Жалпы, про­фориен­толог деген кім? Мамандықты қалай таңдау керек?

Елімізде қай мамандық сұранысқа ие?

Бұл сұрақтың жауабын білу үшін 2020-2021 оқу жылына арналған мем­лекеттік білім беру гранттарының ті­зімін қарайсыз. Биыл Білім және ғылым министрлігі 53 864 грант бөл­ген. Инженер кадрларды даярлауға 14 681 грант, педагогика саласына 8 243 грант бөлінген. Ал үздік үштікті жара­тылыстану, математика дәне статис­тика салалары (4 088) түйін­дейді. Одан кейін ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар (3 815), денсаулық сақтау саласы (2 700) мен ауыл шаруашылығы (1 565) бар.

Инженер кадрларды даярлауға сұраныс бар десек, соның ішінде құрылыс, электротехника және энергетика мен тау-кен өндірісі ма­маны қажет. Ал педагогика сала­сына келсек, мектепке дейінгі білім беру бағытына, шет тілі, физика, биология пәні мұғаліміне сұраныс артып тұр. Одан бөлек, IT саласын таңдаған түлектің ұтылмайтыны тағы бар.

Иә, әлемде 40 мыңға, ал Қазақ­станда 7 мыңға жуық мамандық бар. Сіз бен бізден «өзіңе таныс мамандық түрін ата» деп сұраса, 20-25 маман­дықты атарымыз анық. Яғни, ма­мандықтар жөнінде зерттеу керек. Осы тұста бізге бағыт берер орта мектеп. Өйткені ҰБТ тапсырғаннан кейін де «жинаған ұпайыма сай ма­мандық таңдаймын» дейтіндер кез­деседі. Байқасаңыз, бұл – білім саласының олқы тұсы.

«Ешқашан өлмейтін кей маман­дық түрі бар. Ол – мұғалім мен дәрі­гер. Бірақ заман талабына байла­нысты технологияның дамуына сай мамандықтарға деген талап өзгереді. Мысалы, көптеген сала қазір IT сала­сымен ұштасып жатыр. Сондықтан 4-5 жылдан кейін ақпараттық технология саласына сұраныс одан сайын артады деп ойлаймын. Ал кәсіптік бағдар жүйелі түрде бала­бақшадан бастап жүргізілуі керек. Әр бала өзінің қабілетін айқындап, ашып, дамыта алу үшін балабақша, мектеп ыңғайлы орта ұйымдастырса деймін. Өкінішке қарай, көптеген түлек ҰБТ тапсырып болғаннан кейін «осы балмен кім боламын?» деп іздене бастайды. Менің ойымша, әр түлек ең кеш дегенде 10-сыныптан бастап қарым-қабілетін зерттеп, ойлану қажет», – дейді білім эксперті Қанат Өксікбаев.

Одан бөлек, ұзақ мерзім бойы оқымайтын мамандықтардың тренд­те екені тағы бар. Интернет-марке­толог, сату менеджері, SMM маман болу үшін қысқа мерзімді курс оқы­саңыз жеткілікті. Қазір бір диплом өмір сүруге азық болмайды. Сол үшін әлемде 3-5 жыл да бір рет оқып-үйре­ну курсынан өтіп, жаңа мамандық­тарды меңгеру үрдісі қалыптасып жатыр.

Кім боламын десеңіз...

Кез келген оқушы өзінің қарым-қабілетін, қырын біле бермейді. Бұ­ған мұғалім мен мектеп психологінің көмегі керек. Неліктен? Сабақ бары­сында мамандыққа бейімдейтін мә­тіндер, кескіндемелер кездеседі. Осы тұста мұғалімнің оқушыға маман­дықтар туралы кеңірек айтып, са­бақты ойын түрінде өткізгені жөн. Сон­да баланың қызығушылығы оянады. Ал психолог кімнің қандай артықшылығы, қабілеті барын бес саусақтай білуі тиіс. Себебі ол мұны анықтайтын түрлі «фишканы» мең­герген жан.

Сұранысқа ие мамандық па, маман ба?

Қандай маман иесі боларын біл­мей жүрген оқушыларға Joo.kz мы­на­дай кеңес ұсынған екен. Алдымен психотипті анықтайтын тест тап­сы­рыңыз. Ол сізге қай маман­дықтың жаныңызға жақын екенін тізіп бе­ре­ді. Екіншіден, психолог маман­ның кө­мегіне жүгініңіз. Сізден қарапайым тест ала отырып, мықты жақта­рыңыз­ды анықтап береді. Соған сай ма­мандықтарды айтады. Үшіншіден, әртүрлі маман иелерімен жүздесіңіз. Бір күн жанында жүріп практикадан өтіңіз. Сонда мамандық түрін жа­қыннан танисыз.

Осы тұста оқушы мен ата-анаға «Жаңа кәсіптер атласының» көмегі тиюуі мүмкін. Атласта жаңа, өзгеретін және жойылып бара жатқан маман­дықтар сипаттамасы берілген. Осы­ған сәйкес, 239 – жаңа, 95 өзгеретін және жойылып бара жатқан 129 мамандық түрі анықталған. Әрине, назарыңыз бірден жойылып бара жатқан мамандықтар тізіміне ауады. Жыл өткен сайын адам күшін қолда­натын мамандықтардың кел­меске кетіп бара жатқанын байқаймыз. Себебі жаңа технология, автомат­тандыру дегенін істеп, адам күшін ығыстырып жатыр. Болашақта бух­галтер, кітапханашы, даяшы, банкир, курьер және көлік жүргізушісі ма­ман­дығы жойылып кетуі мүмкін.

Аталған атлас бойынша тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логисти­ка, машина жасау, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар, энер­гетика, туризм және құрылыс ма­­мандықтарына зерттеу жүргізілген. Мәселен, ауыл шаруашылығы са­ласында жаңа 18 мамандық пайда болып, 19 мамандық өзгеріп, 10 ма­мандық түрі жойылады. Жауап­тылар 2025 жылға дейін жинаушы-ораушы, жем беруші, жүк тиеуші, таңбалаушы мамандар жойылады деп отыр. Жоғарыдағы 9 сала бойынша да талдау жасалған.

Профориентолог деген кім?

Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдауға басы қатып жүр­гендерге профориентолог көмекте­седі. Аты айтып тұрғандай, мұндай мамандар елімізде саусақпен санар­лық. Ол оқушымен жеке консульта­ция жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса тест алады. Деректерге сүйен­сек, кейбір профориен­толог­тердің жеке консультациясы 50 мың теңге тұрады.

PhD доктор, профориентолог Жадыра Нұрбайқызы қазір сұра­нысқа ие мамандықтар алдағы 5-6 жылда маңызын жоймайтынын атап өтті. Оның айтуынша, IT мамандар, медицина саласы мамандары, мұ­ғалімдер, архитехтор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM маман, инженерлер мен HR маман­дарға сұраныс артады.

«Сұраныстағы мамандыққа құ­жат тапсыру мақсат емес. Сұра­ныс­­тағы мамандыққа емес, сұра­ныс­тағы маман болуға талпынайық. Про­ф­­о­риентолог ретінде айтарым, оқу­шылар мынадай қателік жі­береді. Олар бірінші бейінді пән таңдайды. Одан кейін ҰБТ тап­сырады. Ар­тын­ша, ЖОО-ға құ­жат тапсырар тұс­та бейінді пәнге сәй­кес келетін ма­ман­дықты белгілейді. Сонда біз ең маңыз­­­ды процесті кейінге қалды­ра­­мыз. Неге ма­мандық таңдау маңыз­ды? Маман­дық адам өмірінің 3/1 бө­лігін құрайды. Өйткені уақыты­­­мыз­дың 8 сағатын ұйқыға, қалған 8 са­ғатын мамандық бойынша жұ­мыс істеуге арнаймыз. Жал­пы, ба­ланы ма­мандық таңдауға ерте жас­тан бейім­деу керек. 6-7-сыныпқа көш­кенде қандай пәнге қызы­ға­тынын, бейімі барын байқау маңыз­ды. Се­­бебі бай­қасаңыз, арнайы салаға бейім­дейтін мектептер ба­ланы 6-сы­­ныптан бастап қабыл­дайды. Осы жаста таңдау жасау үшін проф­­о­риентолог оқушыға сұрақ қойып, тест алып, әңгімелеседі. 5 ква­ли­фи­кация бойынша баланың бейімін анық­тайды. Соған сай ма­мандық ті­зімін ұсынып, белгісіз ма­ман­дықтық сы­рын ашады», – дейді про­ф­ориентолог.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.