Пандемия дәстүрлі әншілерге де әсерін тигізбей қойған жоқ. Әсіресе, олардың көбі сахнаға шыға алмай қалды. Емін-еркін жүріп қалған адамдардың аядай бөлмеде отырып қалғаны, гастрольдік сапарларға шыға алмауы шығармашылығына кері әсерін тигізген жоқ па? Эстрада әншілерінің көбі вайн түсіріп, жарнамадан қосымша қаржы тауып жатыр. Дәстүрлі әншілер ше? Олар әлеуметтік желіге тәуелді ме?
Белгілі әнші Рамазан Стамғазиев қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы VIII республикалық дәстүрлі әншілердің үлкен байқауы Сарыарқа төсінде – Қарағанды қаласында өтіп жатқанын айтты. «Пандемия тек дәстүрлі әншілерге ғана кері әсерін тигізген жоқ. Қазақ «көппен көрген – ұлы той» дейді. Карантин кезінде барлық талапты орындап, үйде отырдық. Қазір Аллаға шүкір, онлайннан оффлайнға көшіп, бетпе-бет отырып, әншілерді тыңдайтын кезеңге жеттік. Мұнда да барлық талап сақталған. Бұған дейін де концерттер онлайн өтіп жатты. Дәстүрлі әншілердің «Қазақ дауысы» атты халықаралық деңгейдегі байқауы басталды. Жағдайымыз жаман деп жантая беруге болмайды. Шүкірлік ету керек», – дейді Рамазан Стамғазиев. Дәстүрлі әншілер онлайн режимнің пайдалы тұстары да бар екенін айтады. Бұрын олардың көбінің жұмысы жолда өтетін. Қаланың бір шетінен екінші бір шетіне жету де уақыт алатын. Қазір керісінше уақытты көбірек үнемдейді. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай: «Соңғы кездері эстрада әншілері сияқты тойға барып, көп ақша тауып жүрген жоқпыз. Тойға бару деген дәстүрлі әншілерде көп кездеспейді. Біздің сахнадағы орнымызды фонограмамен айтатын эстрада әншілері тартып алған. Қазір домбырамен айтатын әншілерге той тақырыбы жабық. Пандемияға дейін де тойға бармаған адамдармыз. Сондықтан той тоқтап қалды, ақшасыз қалдық деп қамығатын жөніміз жоқ. Өйткені адамдардың талғамы өзгеріп кеткен. Қазір көпшілік тобырлық музыкаға елтіп кетті. Дәстүрлі өнер көп сұранысқа ие емес. Талғамы бұзылған ұрпақ келді. Солардың тойы болып жатыр. Олар сенің әніңді қайтсін?», – дейді. Қазіргі заманауи ән де, әуен де басқа. Дәстүрлі әншілердің көбі байқауларда болмаса, сарайларда көп концерт бере бермейді. Тойға барып жатқаны да бірен-саран ғана. Сонда олардың тұрақты табысы қандай? «Барлығы болмаса да, той арқылы табыс тауып жүрген әншілер біздің де қатарымызда бар. Бірақ олар көп емес. Олар әрі домбырамен, әрі эстрадамен ән айтады. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген осы шығар. Өзіме келер болсам, карантин кезінде үйде отырып, «Үкілі Ыбырай» деген кітабымды жазып шықтым. Биыл тағы бір кітап дайындап отырмын. Жылдың аяғына дейін бітіп қалатын шығар. Одан бөлек, киносценарийлерім бар. Кино саласында шетелдіктермен бірге бір жобаны қолға алдық. Пандемия бізге зиянын тигізбеді деп айта алмаймыз. Бірақ мұның ұтымды тұсы – бізге көп талап қойылмайды. Таңертең 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыста отырмаймыз. Жұмыстың көбі онлайн істелген соң, уақытты да тиімді пайдаланады екенсің. Бұл бізге еркіндік берді», – дейді дәстүрлі әнші. Әншілер пандемияның арқасында кеңсе жұмысынан құтылып, еркін форматқа көшудің тиімді жағы көп деп отыр. Қонаққа шақыру азайып, той жасау да тыйылды. Мұның да дәстүрлі әншілер үшін пайдасы көп секілді. «Жауапты адам үйде отырса да, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Пандемия осының мән-маңызын ұқтырғандай. Осы тұрғыдан карантиннің тигізген әсері көп. Әрине, көп ақша таба алған жоқпыз. Нан-суға жететін күнделікті табысымыз тоқтаған жоқ. Мол қаржы таппасақ та, шығармашылық әлеуетімізді пайдаланып, жоспардағы біраз дүниені жүзеге асырдық. Біздің бір ғана мұратымыз бар, ол – ұлттық өнерді өлтірмеу. Сол мұраттың жолында еңбек етіп келеміз. Мен үлкен буын туралы айтып отырмын. Ал жастарға келер болсақ, әрине, оларға пандемия қиындау тиді. Олардың көбі кітап жазып, кино түсіріп жүрген жоқ. Кейбірі онлайн концерт қойып, сол арқылы жалақысын тауып жатыр. Ал жұмыссыз жүрген дәстүрлі әншілердің жайы бөлек», – дейді Ерлан Төлеутай. Ж.Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі Біржан Бәзілжанов емін-еркін жүріп қалған қазаққа, соның ішінде өнер адамдарына төрт қабырғаға қарап, аядай бөлмеде тығылып отыру – қиынның қиыны екенін айтады. «Біраз жоспарларымыз, концерттер мен гастрольдік сапарлар шегеріліп қалғаны болмаса, біздің шығармашылығымызға аса бір нұқсан келді деп айта алмаймын. Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар дегендей, бұл пандемия бізге біраз дүниенің қадірін арттырды», – дейді әнші. Ол сондай-ақ пандемияның өзіне оң әсері болғанын да жасырмайды. «Жұмысымыздың онлайн форматқа ауысқаны бір жағынан пайдалы болды. Бұрын көп уақытымызды жолға кетіретінбіз. Алматының ана шетінен мына шетіне жетуге біраз уақыт кететіні белгілі. Жолға кететін уақытымызды өзімізге жұмсап, денсаулыққа, рухани дамуға көңіл бөліп, біраз пайдалы дүниелермен айналысып қалдық», – дейді ол. Эстрада әншілерінің көбі тойдан табыс табады. Ал дәстүрлі әншілердің тұрақты жұмысы бар. Бірі филармонияда, енді бірі «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істейді. Енді бірі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берсе, біреулері «Шабыт» университетінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Дәстүрлі әншілердің дені жұмыссыз қалып қойдық, тойға бара алмадық деп қамықпайды. Олардың көбі тұрақты жалақы алады. Сондықтан «пандемия қиындық тудырды, оларға кері әсерін тигізді деп айта алмаймыз» дейді дәстүрлі әншілер. Жалақысы аз, тұрақты жұмысы жоқ жастар болмаса, дені онлайн концерт өткізіп, жалақы алып отырды. Карантин кезінде айына бір-екі рет онлайн концерт бергендер де бар. Олар тіпті тікелей эфирге де жиі шықты. Керісінше, дәстүрлі әншілер карантин кезінде көбірек жұмыс істеді деп сенімді айтуға болады. Мәселен, Ж. Жабаев атындағы ұлттық филармонияда жұмыс істейтін әншілер үнемі онлайн концерттер беріп отырды. Әртүрлі түсірілімге қатысты. Тек үйде отырып жұмыс істегені болмаса, олардың концерті тоқтаған жоқ. Бюджеттен жалақылары да толық төленіп отырған. Қара домбырасы қасында, онлайн форматта әнін шырқап, тыңдармандардың көңілін аулады. Олардың әлеуметтік желілер арқылы ұсынылған онлайн концерттері мен эстафета-челлендждерінің қаралымы өте көп болды. Бұл концерттердің халықтың көңілінен шыққанын аңғартады. Карантинде отырған көрерменге мұның да тигізген пайдасы көп.Айым БЕКТҰР