Әр күні жылға жетер азықты қамтамасыз ететін көктемнің соңғы айының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Биылғы ауа райының қысқа күнде қырық құбылып, бірде суып, бірде тым ысып кетуі, желдің жиі мазалауы, жаңбырдаң апталап жаууы, індетке қарсы шаралардың құбылмалылығы көктемгі дала жұмыстары мен төл алу науқанына біршама кері әсер еткенімен, белгіленген басты жұмыстар жоспарға сай атқарылыпты. Дегенмен тірлік бар жерде азды-көпті кемшіліктер де кездесетіні анық.
Дәл осы науқандық жұмыстар күйіп тұрған кезеңде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің төрағалығымен ағымдағы өзекті мәселелер бойынша кеңейтілген жиын өткізді. Онлайн режимде болған келелі кеңеске аудан, қала әкімдері, тиісті сала жетекшілері түгелдей қатысты. Бірінші қаралған мәселе көктемгі дала жұмыстары еді. Облыста бүгінге дейін дәнді дақылдарды себу жоспары артығымен орындалып, өңірдегі басты дақылдардың қатарында аталатын жүгері егу –74,3%, қант қызылшасын себу 92% атқарылыпты. Жоспарға сәйкес басқа да дақылдар өз ретімен, тәртібімен себілуде. Дәл қазіргі кезде ауа райы да көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолайлы болып тұрған көрінеді. – Соңғы жылдары Ақсу қант зауытының іске қосылуы облыстағы қант қызылшасы өндірісіне үлкен серпін берді. Бірақ біздің өңірдің осынау стратегиялық маңызы бар техникалық дақылды өсіруге және өңдеуге қатысты мүмкіндігі қазіргіден де мол екенін бәріміз жақсы білеміз. Осыған орай алдағы кезде Алакөлдегі, Қарабұлақтағы жылдар бойы тұрып қалған қант зауыттарын іске қосу үшін инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса егіс алқаптарының көлемін ұлғайту, ирригациялық жүйелерді жөндеу бағытындағы жұмыстарды да қазіргі қарқында жалғастыра беру керек. Ортақ істен барлық аудан, қала әкімдері шет қалмауға, белсене қатысуға тиіс. Инвесторлармен бірлесіп, майлы дақылдар өңдейтін жаңа кәсіпорындарды іске қосуды, рапс сияқты тиімділігі жоғары дақылдардың көлемін арттыруды жоспарлауды естен шығармаңдар, – деді облыс әкімі. Жанар-жағармайдың маусымдық қымбаттауы әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасына да кері әсер етіп отырғанын жоққа шығармаған жөн. Алматы облысы негізгі ауыл шаруашылығы тауарларын өзінде өндіреді дегенмен қымбатшылық ауылы Жетісу жерін де айналып өткен жоқ. Осыған байланысты халық бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасын ырықтандыру да облыс басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Күн жылынысымен жиі мазалайтын су тасқынының алдын алу да басты назарда. Облыстағы елді мекендердің санитарлық тазалығы мен көгалдандырылуы, абаттандырылуы да көңілдегідей емес екені де айтылды жиында. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қысқа дайындық барысы да пысықталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындықты әр сенбі сайын жиын өткізіп, қадағалап отыру тапсырылды. Жылыту желісін жөндеу, қазандықтарды газға ауыстыру ісі де басты назарда болуы тиіс екені ескертілді. Сонымен бірге жиында ҰБТ-ны ұйымдастыру, туристік маусымның ашылуына дайындық жұмыстары да талқыланды. Індетпен күрес шараларының барысы туралы айтылып, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне індеттің таралуына жол бермеу шараларын күшейту жүктелді. «Сарыөзек – Көктал», «Талдықорған – Үшарал» трассасы, Балқаш көліне апаратын күрежол, «Алтын орда» базары аумағындағы жол бөлігі, Шамалған ауылындағы теміржол өткелі сияқты инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысы Талдықорғанда, сонымен қатар жалпы облыс көлемінде заңсыз құрылысқа жол бермеу керегін қатаң ескертті. Салынып және жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандардың жай-күйіне тоқталды. Солардың қатарындағы Балқаш ауданындағы орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын толық жаңарту қажет екенін еске салды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы