Дін мен денсаулық
Дін мен денсаулық
384
оқылды

Вакцина (vaccinia) сөзі – «сиыр» деген түбірден шыққан екен. Нақты­рақ айтқанда, «сиырдың шешек ауруы» дегенді білдіреді. 1796 жылы ағылшынның Эдвард Дженнер деген дәрігері ең алғаш рет Джеймсе Фиппс деген балаға шешек ауруына қарсы вакцинаны салғанда оның сарысуын шешекпен ауырған сиырдан алыпты. Содан бері солай аталып кеткен. Бұл кезең «сиыр шешегі» ауруының пандемиясы асқынып тұрған уақыты еді. Содан бергі 230 жылда вакциналау практикасы өзектілігін жойған жоқ. Кейіннен вакцинаның алғашқы шикізатын иттен де, маймылдан да, шошқадан да алған кездер болған. Бірақ  «сиыр» атауы сақталып қалды.

Осыны естігенде әжелеріміздің «шешек шыққыр», «қорасан келгір» деп ұрсып жататыны еске түседі. Өйткені олардың ғасырының ең үлкен тажалы осы қорасан ауруы болған еді. Бір Еуропаның өзінде бұл індет үш жылдың ішінде 500 мың адамды қырып кеткен екен. Сол кездің өзінде-ақ вакциналау мәселесіне медициналық ортада күмәнмен қарағандар көп болса, діни көзқарастағылар малдан алынған сары­суды бойына салдыруға үлкен қарсы­лық танытып, ұзақ уақыт тыйым салып келген. Әйтсе де, сөзсіз тиімділігі дәлел­денгенше «сиыр шешегімен» жасырын түрде 100 мыңдай адам егілген екен. Содан кейін барып қана оның нәти­жесіне көз жеткен соң 1840 жылдары бұқаралық сипат ала бастаған. Осылай­ша, діни қасаңдықты ғылыми жасам­паздық жеңіп шықты. Бір қызығы, мұндай күмән мен қарсылық бүгінде қайта­ланып отыр.

Министрге қойылған сауал

Таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдын­дағы дәстүрлі кездесуін өткізіп, ми­­нистрліктің атқарылған жұмыс­тарына кезекті рет есеп берген болатын. Жиында қойылған көп сұрақтың бірі діни сенімдегі адамдардың вакцина­лауға қарсылығы туралы болды. Өз кезегінде министр денсаулық мәселе­сіне жауапкершілікпен қарауға ша­қырды. «Вакциналау мәселесін діни аспек­тіде қарауға болмайды деп ойлаймын. Ең бастысы, вакцина –  қазіргі жағдай­дан шығуға мүмкіндік беретін жалғыз жол екенін түсінуіміз керек. Әрине, бұл жерде ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды. Бұл тұрғыда Қазақ­стан Мұ­сылмандарының діни басқар­масы жақсы көмектесіп отыр. Тікелей эфирге шығып, жеке үлгілері арқылы вакцина­лаудың артықшылықтарын насихаттап жүр. Сондықтан бөлінуге болмайды. Вирусты жеңу үшін екпе алғанымыз маңызды. Әр азамат өз денсаулығына, жанындағы жақын­дарының, қоғамның амандығына жауапты екенін сезінгені маңызды. Тек осылай ғана бұл вирусты жеңіп, қа­лыпты өмірге орала аламыз», – деді Аида Балаева. Бұған дейін министр бұқаралық ақ­парат құралдарының пандемия тақы­рыбын жария етудегі жұмысына жоғары баға берген болатын. Оның айтуынша, 2020 жылы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуге 88 БАҚ атсалысқан. «Олардың күш салуымен COVID-2019-дың таралуына қарсы тұру бойын­ша шараларды жария етуде ауқымды жұмыс атқарылды. 250-ден астам видео­ролик шығарылды. «Ел арна» және «Балапан» телеарналарының эфирінде онлайн сабақтар трансляция­сы қам­тамасыз етіліп, бұл біздің оқу­шыларымыздың оқу процесін үзбеуге, сонымен қатар вирус жұқтыру қаупінен алыс болуға мүмкіндік берді», – деді министр.

Пәтуаның пәрмені қандай?

Министрге қойылған сұрақта мән бар. Өйткені  дінді қатты ұстанатын отан­дастарымыздың дені пандемияға дейін де бұрынғы кәдуілгі екпелерді салуға қарсы болып жүрген болатын. Жас нәрестелер манту алуы тиіс болса, одан ересектеріне БЦЖ сынамалары қарастырылған еді. Соның бәрінен бас тартқан олар үшін осы тақырып сол кездің өзінде-ақ даулы болатын. Ал коронавирусқа қарсы екпе «діндар­лардың» бұл дауын одан сайын ушық­тырып жіберді. Былтыр 170 мың адам қол қойған петиция жария болғанда оны негізінен дінді ұстанатындар көбірек қолдағаны анықталды. Осыған байланысты Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасы (ҚМБД) жыл басында ақпан айының 23-25 аралығында Атырау қаласында өткен ғұламалар кеңесінің XXIX мәжілісінде корона­вирусқа қарсы вакциналау науқанына орай пәтуа шы­ғарған болатын. «Исламда адамның өмірі мен ден­сау­лығынан асқан жоғары құндылық жоқ. Сондықтан әр адам өз денсау­лығына ерекше назар аударуы керек. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарың­мен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ем­деліңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты» деген. Шариғат заңдары бойын­ша, егер харам болмаса вакциналауға рұқ­сат етіледі. Харам дегеніміз – шошқаның майы, қаны тағы да басқа бөлшектерінің араласпағаны. Ал шындығына келген­де, қазір әлем бойынша, соның ішінде көпте­ген ислам елдерінде вакциналау жүріп жатыр. Вакцина күрделі жағдайда жасалып жа­тыр, сол себепті оған сұра­ныс пен қа­жет­тілік те жоғары. Сон­дықтан да қазіргі уақытта вакцинаның халал, не халал емес­тігі қаралып жатқан жоқ. Алайда вакцина –  бұл әрбір азаматтың жеке таңдауы», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы шариғат және пәтуа бөлімі мең­герушісінің орынбасары Хасан Аман­құлов. Вакцинаның иммунитетті дайын­дау принципі туралы Мұхаммед пай­ғамбар заманында да көптеген мысал  айтыла­ды. Соның бірінде ересектер құрманы шайнап, сілекейімен шылап, жас баланың таң­дайына жағады екен. Бұл ондағы түрлі ви­рус­қа  жас организ­мде осы бастан қарсы иммунитет пайда бола берсін деген ниет. Кейін дами келе инфекцияның сарысуын ерітіндіге ара­ластырып, ине арқылы тіке­лей денеге дарыту тәсілі ойлап табылды. Кейін дами келе вакцинаның түрлі тәсілі пай­да болды. Сонда да болса, ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп жат­қан­дарына қарамастан, кейбір заман­дас­тарымыздың вакци­наға қарсы шығуы немқұрайдылық па, әлде надандық па, түсініксіз.

Нұрлан ҚОСАЙ