Теміржолымызда ескі-құсқы вагондар салдырлауда
Теміржолымызда ескі-құсқы вагондар салдырлауда
229
оқылды

Біздің пойыздарды әлі күнге жайлы деу қиын. Көбінің сапасы сыртынан-ақ көрініп тұрған көне вагонына кірсең, ішкі жағ­дайы да Кеңес Одағын ес­ке түсіреді. Себебі қазақ­стан­дық зауыт­тардың ескі ва­гондарды жөндейтін қауқары шамалы. Қажетті құрал-саймандары жеткіліксіз көрі­неді. Сондықтан қазір шетелдерге теміржолмен қа­ты­найтын жолаушы­лардың саны азайған. Мұндайда тон­наларды тасымалдайтын жүк вагон­дарының сиқына саусақ шошайтпаса да болады.

Деңгей доңғалақ жөндеуге ғана жете ме?

1991 жылы бір­тұтас вагон шаруашылығы ыды­рап, бұрынғы одақтас респуб­ли­калардың ау­мағындағы темір­жол­дар жаңа тәуелсіз мемлекеттердің меншігіне берілген еді. Ал 1993 жылы барлық жүк вагондары ТМД елдерінің арасында бөліске түсті. Сол сәтте Қазақстан вагондарының ин­вентарлық паркі 105 мыңға жеткен-ді. Қазір тәуелсіз еліміздің дербес паркінде 34 мың жүк вагоны бар. Мысалы, Қазақстанның көпсалалы ірі холдингі «Қамқор Менедж­ментке» қарасты «Қамқор Вагон» ЖШС жыл сайын 15 мың­нан астам жүк вагоны мен 25 мың доңғалақты жөндейді екен. Кәсіп­орын филиалы – «Павлодар вагон жөн­деу депосы» базасында ұйым­дастырылған Қазақстанның сол­түстік-шығыс аймағында алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы ашылған болатын. Оны іске асы­руға 170 миллион теңге инвестиция салынған. «Қамқор Вагон» ЖШС-нің бірінші басшысы Сәкен Төлебаев ол қаржыға Павлодар вагон-доңғалақ шеберханалары доңғалақтардың жөндеу көлемін жылына 3 мың данаға дейін қам­та­масыз ететінін алға тартты. «Қам­қор Вагон» компаниясы 2021 жылы Қарағандыдағы вагон жөндеу де­посында вагон-доңғалақ шеберха­на­ларын ұйымдастыруды жоспар­лап отыр. Оған салынатын инвес­тиция көлемі – 200 миллион теңге. Сондықтан доңғалақтарды жөндеу көлемі жылына 5 мың данаға дейін ұлғайтылмақ. Жалпы, «Қамқор Вагон» компаниясы бүкіл Қа­зақстан бойынша вагон-доңғалақ шеберханаларын ашуға шамамен миллиард теңге бағыттайды», – дейді ол. Сондай-ақ вагон жөндеу де­поларын дамытуға жыл сайын 500 миллион теңге инвестиция са­лынады екен. Ал еңбекті қорғау және қауіпсіздік шараларына шамамен 200 миллион аударылып тұрады. Бірақ әлгі доңғалақтары болмаса, оның үстіндегі вагон­дардың осынша бюджет қаржысын ақтап отырғанына сену қиын. Өйткені бізге жолаушыларды да, жүкті де тасымалдайтын «темір жәшіктерді» негізінен шетелдік мамандар жасап береді. Атап айт­қанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері Беларусь елінің Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен жолаушылар вагондарын көр­сетті. Жөндеу барысында вагон­ның тұтас металл шанақ пен арба рамасы ғана қалып, басқа бөлшектері түгел жаңартылады. Ішіне бейнебақылау камерасы, кондиционер жүйесі, әрбір жо­лаушының отыратын орнында 220 Вт розетка, жолсерікті шақы­руға арналған сигналдық түймешік, таза су құтылары, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш орнатылған. Қысқасы, жылжымалы жатақхана деуге болады. Осылайша, кезең-кезеңімен жылына 100 вагонға дейін жаңартылмақ. Қазір ұлттық тасымалдаушы паркінде 2 200-ден астам вагон бар десек, оның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының саны – 670. Ал оның біреуін күрделі жөндеуден өткізу – 148 миллион, жаңасының құны – 400 миллион теңге. Былтыр жаңғыртудан өтуі тиіс 85 вагонды отандық зауыт емес, өзге 3 елдің компаниялары өзара бөлісіп алып­ты. Оның себебін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Асылхан Қалдыкөзов жөндеу сапасына талаптың кү­шейгенімен түсіндірді. «Қазақстан­да вагон жөндейтін 3 компания бар. Оның ең ірісі – Алматы вагон жөндеу зауыты. Бірақ біздің зауыт­тардың шамасы сонша көлемді игеруге жетпей жатыр», – дейді ол. Сондықтан вагондарымыздың бір бөлігін Беларусь, екінші бөлігін Украина және үшінші бөлігін Ресей жаңғыртып беріп жатыр. «Бізде жыл сайын 100-ден ас­там вагон істен шығады. Олардың орнын толтыру үшін не жаңадан сатып алу керек, не ескілерін жаң­ғырту қажет. Сатып алайық десек, қаржылық мүмкіндігіміз шектеулі. Бір сәтте жүздеген вагонды сатып алу мүмкін емес. Сондықтан қо­сымша жаңғырту тәжірибесін қолданып келеміз», – дейді Асылхан Қалдыкөзов.

Технология тұрмақ, техниканың тілін таппаппыз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдар­ламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек. Бұл – стра­тегиялық жоба. Соның ар­қасында бүкіл көлік инфрақұры­лымы жаңғыртылады. Осы мақ­сатқа орай мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады» деген болатын. Алайда қазір елдегі зауыттардың ескі вагондарды өз күшімен жөндей алмайтынын сала мамандары рас­тап отыр. Ол үшін вагон жөндеу ісінде слесарь, токарь, электрогаз­бен дәнекерлеуші, фрезеровші, бұрғылаушы сынды мамандарсыз іс бітпейтінін ескеру керек. Ал біздің вагондарды жөндеп беріп жатқан 3 елде алдымен шойын жолда шыңдалған сол мамандарды оқыту-тоқыту жағы жақсы жолға қойылған. Осылайша, білікті кадрлардың орны олқы соғып тұрғандықтан, 2019 жылы Екібастұздағы «Қа­зақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатты. Өндірістік қуаты жылына 2 мың ашық және 500 жабық жүк ва­гондарын шығаруға жетеді делінген оның өндірісі ресейлік бәсекелес­теріне төтеп бере алмай қалған. Тапсырыстың азаюы салдарынан жұмысшылары жалақыдан қағыл­ды. Зауыт директорының міндетін атқарушы Берікбай Әміржановтың айтуынша, жергілікті «Богатырь Транс» ЖШС жүк вагондарын Екібастұздан емес, Ресейден сатып алуға көшкен. Кәсіпорынның жан­дануына жалғыз маман тапшы­лығы емес, вагон құрастыратын аса қажет құрал-жабдықтардың, шойын құймалардың жоқтығы да қолбайлау болыпты. Бір қызығы, зауыт бұған дейін 2 жыл тоқтап қалып, 2016 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 18 миллиард теңге лизингтің арқасында қайта еңсе көтерген. Енді, міне араға 3 жыл салып, қайтадан «таз қалпына» түсіп отыр. Демек, анау миллиард­тар ақталмаған. Одан бөлек, дәл сол жылы Ин­дустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі Қазақстанда жүк вагондарын шығару да тоқтатыл­ғанын мәлімдеді. «Бұл секторда жүк вагондары өндірісінің құл­дырауы байқалады. Төмендеу «ЗИКСТО» АҚ мен «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-не Ресейден үрмелі арқалықтың жеткізілмеуіне байланысты болып отыр. Біздің кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындарымыздың басқа елдерден жеткізушілерге тәуелділігі осы кәсіпорындардың тұрақты жұмысына кері әсер етеді» делінген министрлік хабарламасында. Мұндайда вагонды сырттан сатып алуға тура келеді. Ескі пойыз паркін жаңарту өзекті мәселе екенін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Питер Штрум да растап отыр. Бір сұхбатында ол ресейлік «Трансмашхолдингпен» арадағы келісімшарт негізінде су жаңа 146 вагон сатып алғанын айтқан. Сондай-ақ «Тұлпар» сол «Трансмашхолдинг» АҚ құрамына кіретін Тверь вагон жасау зауы­тынан 100 вагон жиынтығын алыпты. Айта кетсек, Тверь вагон жасау зауыты – Ресей мен ТМД елдері бойынша локомотив тарт­қышы бар жолаушылар пойызда­рын жасап шығаруға мамандан­дырылған жалғыз кәсіпорын. Оның вагондары Ресей, Қазақстан, Беларусь, Латвия, Литва, Моң­ғолия, Мысыр теміржолдарында пайдаланылып жүр. Тіпті, тверьлік вагондардан тұратын пойыздар Хельсинки, Ницца, София, Белград, Варшава және Еуропаның басқа да қалалары арқылы өтетін халықаралық бағыттарға қатынай­ды екен. Демек, ондай заманауи жабдықталған толыққанды вагон­дар шетелдерге теміржолмен қатынайтын жолаушылардың саны күрт кеміген Қазақстан үшін әбден керек-ақ. Сол үшін біз Тверь зауытының вагон жиынтықтарын «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 2020-2029 жылдарға арналған жыл­жымалы құрамды жаңарту стра­тегиясы аясында сатып алып отыр­мыз. Осы уақытта жалпы 469 жаңа жолаушы вагоны және 26 электрс­танса-вагонын алу жос­парланған. Енді еліміздегі вагон жасау зауыттарын «аты бар да заты жоқ» етпей, инвестицияны нақты игере алатын шамасына сай құйып, өндіріс өрісін кеңірек насихаттай білуіміз керек-ау...

Еркеғали БЕЙСЕН