Бала құқығы неге бұзылады?
Бала құқығы неге бұзылады?
1,493
оқылды

Өткен жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде 454 мың баланың  құқықтық мәселесі қаралған. Ал Аружан Саинға Бала құқығын қорғау уәкілі болып тағайындалғаннан бастап 667 шағым түскен. Оның айтуынша, бұл – ресми жолданған шағымдардың саны. Әлеуметтік желіге келетін хат-хабар бұдан да көп екен. Расымен, елімізде бала құқығын қорғау қандай деңгейде? Білім беруден бастап қоғамдық ортада жүріп-тұруына дейін жағдай жасалған ба?

114 балалар үйі жабылды

Елімізде 6 млн 109 мың бала бар. Олардың әрқайсысы білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқылы. Әрбір бала ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Мектепте кінәлі болса да, оны ешкімнің ұрып жазалауына, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Мұның бәрі Бала құқықтары тура­­лы халықаралық конвенцияда жазылған. Еліміз бұл құжатқа қол қой­ғандықтан, аталған құқықтың қорғалуын қадағалауға міндетті. Әрине, кез келген бала ата-ананың ортасында өсуге құқылы. Бірақ бәрінің бірдей бұған мүмкіндігі жоқ. Мәселен, елімізде 7 мың отбасы мен 5 мыңнан астам жасөспірім полиция есебінде тұрады. ІІМ Әкімшілік полиция қыз­­­­метінің төрағасы Алексей Милюктің айтуынша, жыл басынан бері баласына тәлім-тәрбие беруден жалтарғаны үшін 2 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішін­де шамамен 300-і полицияның өтініш­­­хатымен ата-ана құқығынан айырылды. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­­­ның балалар үйіне баратыны не туысының тәрбиесінде қалатыны белгілі. Алайда Балалардың құқығын қорғау комитеті қамқорлықсыз қалатын бала­лардың саны азайғанын айтады. «Қазір елімізде 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оның тек 4 мыңы ғана балалар үйінде тұрады. Мұндай мекемелердің саны жылдан-жылға азайып келеді. Тек кейінгі 10 жылда же­тім балаларға арналған 114 ұйым қыс­қарды. Ал жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған 96 ұйым жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылда осы ұйым­дардың тәрбиеленушілерінің және жалпы жетім балалардың контингенті 10 мыңға қысқарды»,– дейді Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті төраға­сының орынбасары Юлия Овечкина.

Бала құқығы қалай бұзылады?

Жоғарыда балалардың неге құқылы екенін жаздық. Ал олардың құқығы бұзылғанда құзырлы органдарға хабар­­ласу міндет. Мәселен, 2020 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкіл атына 403 өтініш келіп түскен. Оларды қыл­­­мыстық іс жүргізу, алимент, білім, қор­ғаншылық және қамқоршылық, сексуалды зорлық және тағы басқа мәселелер алаңдатқан. Мысалы, аталған уәкілдікке Орал қаласының тұрғыны мектеп әкімші­лігінің оқушылар арасындағы жанжалды шешуге әрекетсіздік танытып отырғаны туралы шағым түскен. Нәтижесінде, оның немересі буллингтен (әлеуметтік желілердегі қудалау) зардап шеккен. Уәкілдің заңгерлері дереу қалалық білім бөліміне сауал жолдаған. Нәтижесінде, Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағына сәйкес орта мектеп директорының мін­детін атқарушыға ескерту түрінде тәртіп­тік жаза қолда­­нылған. Ата-ана­­лармен кәмелетке толмағандар арасында жан­­жалды жағдайлардың және құқық­­бұзу­­­шылықтың алдын алу мақсатында әлеу­меттік желілерді үнемі бақылау қа­­жеті жайлы түсіндірме жұмыстары жүрген. балалар құқығы Осыған ұқсас оқиға Шымкент қа­ласында болған. Сыныптастарының қудалауы мен жоғары сынып оқушы­ларының ақша бопсалауы салдарынан гимназия оқушысы өз-өзіне қол жұм­самақ болған. Бұл жағдай бойынша Шымкент қаласының Білім беру сапа­сын қамтамасыз ету департаменті тек­серу жүргізіп, оның барысында барлық факті расталды. Сонымен қатар мектеп мұғалімінің сабақ кезінде оқушыларды үнемі кемсітетіні, баға­ларды төмен­дететіні, құжаттардың есебін жүргізу және есеп беру тәртібін бұзғаны анық­талды. Нәтижесінде, гим­назия дирек­торы «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы» кодекстің 409-ба­бының 3-бө­лігіне сәйкес әкім­шілік жауап­кер­шілікке тартылып, анықталған бұзу­шылықтарды міндетті түрде жою туралы бұйрық шығарылды. Одан бөлек Түркістан облысында бауыр трансплантациясы жасалған бала жергілікті емханада валганцикловир препаратының болмауына байланысты өте ауыр жағдайға тап болған. Бұл пре­­паратты бала күнделікті қабылдауы қа­жет еді. Тығырықтан шығатын жол іздеген ана балалар омбудсменіне жү­гінген. Сөйтіп, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына өтініш жасап, ба­лаға қажетті дәрі үш күн ішінде жеткізілді. Осындай мысалдарға қарап-ақ Ару­жан Саин өңір-өңірдегі жағдаймен жақын танысқан. Уәкілдік ұсынған мәлі­метте мемлекет кепілдендірілген әлеу­меттік көмекті уақытында ала алмай өтініш жазған ата-аналардың аз ғана бөлігі көрсетілген. Әсіресе, төтенше жағ­дай кезінде мұндай отбасыларды қада­ғаламау Әлеуметтік қызметтер мен Ден­саулық сақтау басқармаларының нем­құрайдылығы мен біліктілігінің төмен екенін көрсеткен. Осылайша, олар өті­ніштерді толық қарап, елдегі бала құ­қығын бағамдаған. «Биыл 113 өтініш түсті. Клас­си­фи­кацияға бөлсек, қылмыстық іс жүр­гізу, білім, сот ісі, қорғаншылық және қам­қоршылық, тұрғын үйге қатысты сұ­рақтар, дәрі-дәрмекпен қамту, алимент сияқты мәселелер бар. Мемлекет пен денсаулық сақтау саласы балаларға туыла салысымен көңіл бөлуі керек. Скри­нингтен өткізу арқылы аурудың алдын алуға болатыны баршаға мәлім. Елімізде ДЦП, көз ауруы сияқты диазнозы бар балалар жеткілікті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігін шектемеу үшін жүйелі жұмыс істеу керек. Олардың сапа­лы, талапқа сай білім алуы маңызды. Мәселен, өңірлерде үйірме жоқ. Бала­ларды қорғау күнін бір ғана концерттік бағдарламамен атап өтудің қажеті жоқ. Төлеген салықтың әрбір тиыны жетер жері­не жетіп, тиімді пайдаланғанын қалаймын. Билік жүйелі жұмыс істеуі керек. Балаларға бақытты балалық пен бола­­шақ сыйлау – ата-ана мен мем­лекеттің міндеті», – деді Аружан Саин брифингте. Қазір балалар мен жасөсіпірімдердің жол-көлік апаты жиі тіркеледі. Мысалы, кейінгі 4 айдың ішінде 18 жасқа дейінгі 400-ден астам бала көз жұмған. Көбіне өңірлерде жаяу жүргіншілер жолағы, бағдаршам жайы мәселе болып отыр. Той тойлауға ақша бөлетін әкімдіктер бағдаршам орнатуға келгенде қаржы таба алмай дал. Осы сұрақты қалай ше­шу керегін Балалар құқықтарын қорғау комитетіне қойғанда «халық­аралық тәжірибеде қолы бос ата-аналар бала­сының жүріс-тұрысын өзі қада­ғалайды. Жолдан өту кезінде ата-аналар қауым­дастығы көмектеседі» деген са­рында жауап бергені бар. Байқаға­­ны­мыз, сауал­­ға жауапты орган өкілдері де нақты жауап бере алмай отыр. Әрине, олар ұсы­нысын депутаттар арқылы би­лікке жеткізуге тырысатыны хақ. Бірақ ақша бөлу мәсе­лесіне келгенде сиыр­­­­құйым­шақтанып кететіні рас. Баланың басты құқығы қауіп-қатерсіз өмір сүру емес пе? Ал осы үшін барлық өңірде жағ­дай жасалған ба?  

Айбике ЖАНАСЫЛ