Жарты ғасыр жөндеу көрмеген алаңдар
Жарты ғасыр жөндеу көрмеген алаңдар
230
оқылды

Көкшетауда көптеген ойын алаңы кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген. Темірлері қисайып, сырғанақтары сықырлап, қисайып кеткен. Ал бағандары мен ескі бетон қабыр­ғаларынан арматуралары шығып кеткен. «Басқа ойнайтын жері қалмаған балақайлар үстіне шығып, киімдерін жыртып, құлап үсті-басын жарақаттайды», – дейді Көкшетау қаласының тұрғындары. Талай мәрте жергілікті атқарушы билік өкілдеріне ащы зарын айтқанымен, жанайқайларын естір құлақ таппай зар илеген тұрғындар мәселелерін әлеуметтік желілерге де жаза бастаған.

Кеңес заманынан бері алды кемінде 40-50 жылдан асып кеткен ойын алаңдарының жағдайы шынымен мәз емес. Әрі облыс орталығындағы ойын алаңдарының  жартысынан астамы осындай күйде. Балаларын ойнататын жер таппай зар илеген тұрғындар іштегі мұң-назын ақтарып, барлық мән-жайды жіпке тізді.

Қала әкімі тікелей бақылауына алса да, түк өзгермеген

«Біз қаланың шеткі жақ ауданы Элеватор ауданында тұрамыз. Біздің аулалардың жағдайына ешкімнің де басы ауырмайды. Бізге келіп көрсеңіздер, өзіміз аулалардағы ойын алаңының жайын түгел көрсетіп береміз. Сүлейменов көшесі 12В мекенжайындағы біздің аулада шағын футбол алаңы бар. Ортақ емес жалға алынған. Соған кешкісін футбол ойнауға келіп, көлігімізді қоятын орын таппаймыз. Мен дәл осы аулада тұрамын. Ал мұндағы балалар ойын алаңын біз «Жылауық қабырға» деп атаймыз. Өйткені оның жан-жағынан арматуралары шығып кеткен. Үстінде қағынып-ұшынып балалар ойнап жүреді. Секіріп түсемін деп киімдерін жыртады. Құлап, аяқ-қолын жарақаттаған кезі аз емес», – дейді Сүлейменов көше­сінің Камила есімді тұрғыны. Тұрғындар ойын алаңдарын жөндеуді қала әкімінің өз бақылауына алғаны туралы құжаттар мен газеттер қолында бар екенін де айтты.

Орнында тек «Жылауық қабырға» ғана қалды

«Менде қала әкімі 2019 жылы бұл аулалардың жөнделетінін айтып, тікелей өзінің бақылауына алатыны жөнінде жазылған газеттер мен құжаттар бар. Бірақ үш жылдан бері әлі еш нәтиже жоқ. «Баяғы жартас – бір жартас» күйі әлі күнге сол қалпы келеді. Қала әкімінің есіне осы жайды тағы бір мәрте салғымыз келеді. Бәлкім, есіне түскен соң қимылдап, кеңес заманынан бергі жөндеу көрмеген ойын алаңдарымыз жөнделіп қалатын шығар. Айтылып отырған алаңда біздің де балалық шағымыз өткен. Бұл қабырғаны біз кезінде «қамал» деп атайтынбыз. Ал сол «қамалымыздың» қазір талқаны шық­қан. Істік темір арматураларына бала­ларымыз үйден шыққан сайын киімдерін, үсті-басын жыртып келеді. Ол кездері ауламызда құм салынған құмсалғыштар, тіпті карусельге дейін болған. Қазір олардың бірі де жоқ. Орнында тек «Жы­лауық қабырға» ғана қалды», –  дейді Ай­гүл Әбдірәшитова есімді Сүлейменов көшесі 12Б үйдің тұрғыны. жөндеу Зерттеу барысында жөндеу көрмей жағдайы адам шошырлық күйге түскен балалар ойын алаңының талайын көрдік. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Пушкин көшесі 25, Калинин көшесі 5, Алтынсарин көшесі 41 және 39 мекенжайларындағы ойын алаңдары 50 жылдан бері бір де бір мәрте жөндеу көрмепті. Дәнекерленген темірлері мен қадалары босап, баскетбол дөңгелектері түсіп қалған. Сырғанақтар­дың қаңылтыры майысып, әткеншек­терінің темірлері үзіліп түскен. Орындық­тардың тақтайлары ұшып, сырлан­бағанына талайдың жүзі болған. «Иә, бұл мәселе аса өзекті. Тұрғын үй­лер­дің алдында жөндеуді қажет ететін және жөнделетін балалар ойын алаңының тізімі қашан шығатынын ешкім білмейді. Қалалық мәслихатта олар қашан анық­талмақ? Неге елу жылдан бері еш жөндеу көрмеген балалар ойын алаңдарына жөндеу жүргізбейді? Бұл сұрақтарды қала әкімінің есептік кездесулерінде жыл сайын қоямыз. Бірақ құрғақ уәдеден басқа ешнәрсе көре алмай келеміз», – дейді Әсем Қапарова.

Биыл тек төрт ойын алаңы жөндеу көрмек...

Толғағы жетіп, халықтың әбден ашуына тиген жағдайды жергілікті атқарушы билік органы Көкшетау қаласы әкімдігіне жеткіздік. Бірақ жөнделмеген он­да­ған ауланың әлі де болса талай жыл­дар бойы сол қалпы тұратынын берген жауап­тан анық аңдағандай болдық. Әкімдіктің берген жауабы төмендегідей болды. «Биыл Көкшетау қаласындағы 4 ойын алаңына сметалық құжаттар жасал­ды. Олар­дың мекенжайлары қала­лық мәсли­хатпен келісілгеннен кейін анық­талатын болады», – дейді Көкшетау қалалық әкім­дігінің ресми жауабында.

P.S.

Сонымен, жарты ғасырға жуық уақыт­тан бері жөндеу түгілі сырланбаған аулалардың қашан жөнделетіні белгісіз. Ал ондай аулалар Көкшетауда ондап, тіпті жүздеп саналады. Ал тұрғындар мұндай аулалардың іс жүзінде саны 70-80 пайызға дейін жетіп жығылатынын айтады... Аула­лардың қашан қалпына келіп, балалардың қашан бақытты күйде өз аулаларында асыр салатынын айту қиын.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы