Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда қоғамның өзге салаларымен қатар мәдениет пен әдебиет, руханият бағытында да түбегейлі бетбұрыстар жасалған-ды. Азаттық алғаннан кейін арыстардың мерейтойын, ұлтты біріктіретін құрылтайларды ешкімге жалтақтамай, өзіміз ұйымдастыратын болдық. Сонау 1992 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен-ді. Сол кезде аталған шараның ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан жазушы Әлібек Асқармен сұхбаттасып, осы жылдар ішінде рухани салада қандай өзгерістер болғанын сұрадық.
– Әлібек Асылбайұлы, биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. 30 жылда жеткен жетістігіміздің бірі Абай, Жамбыл мерейтойларының ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі емес пе? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» деген еді. Қазақстанның алғашқы онжылдығын қалыптасу кезеңі деп айтуға толық негіз бар. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, ұлттық валютамыз қабылданып, Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Тәуелсіздігіміздің арқасында барымызды түгендеп, жоғалтқанымызды табуға көмектескен «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» дегенді тегін айтқан жоқ. Ел Тәуелсіздігінің тұңғыш тойы ретінде мен 1992 жылдың қыркүйегінде Елбасының тікелей бастамасымен өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын атар едім. Ол құрылтай шын мәнінде ақ түйенің қарны жарылған нағыз аламан той болды. Дүниенің төрт қиырынан жиналған қазақтардың қолға тиген тәуелсіздіктерін тәу еткен, жүрек жарған қуаныштарының жарқын көрінісі болды. Содан кейінгі үлкен той, әрине Абайдың 150 жылдығы. Жалпы, бір ғана нөлі бар датаны ЮНЕСКО оған дейін атамапты. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар екі немесе одан да көп нөлмен бітетін даталарды ғана қабылдайды екен. Біздің елдің енді ғана тәуелсіз жеке мемлекет болып жатқаны ескеріліп, ең бастысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасында Абай тойы әлемдік тізімге ілініп кетті. Тіпті, осы құзырлы мекеменің бас директоры Федерико Майордың өзі қатысып, тойымызды көріп қайтты. Артынша осы ретпен Жамбылдың мерейтойы да ел ойлаған деңгейде, биік дәрежеде аталып өтті. Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан әлемге таныла бастады. Қазақстанды әлемге танытқан Елбасымыздың орасан еңбегі екенін әрдайым ұмытпаған жөн. Осы орайда бір естелік айтайыншы... Бұдан біршама жыл бұрын Оңтүстік Африкаға барып, Кейптаун қаласында әлем кітапханашыларының конференциясына қатысқаным бар. Сол жерде Намибиядан келген әріптестеріммен шүйіркелесіп, ағылшынша аудармашы арқылы біраз сұхбат құрған едім. Алғашқы таныстықта «мен Қазақстаннанмын» дегенімді олар түсінбей, естімегендерін айтып, бастарын шайқай берді. Қазақстанның қай жерде екенінен мүлдем бейхабар боп шықты. Әңгіме арасында Елбасының атын атап қалып едім, «а-а, Назарбайоф» деп набибиялықтар сонда ғана мені танығандай қуанысып қалды. Мінеки, мемлекетті танымаса да, оның лидерін танып жатыр. Бұл Елбасының аты ғана емес, беделінің де қаншалықты биік екенін айғақтайтын мысал деп білемін. – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы кеңестік цензураның қайшысына ілікті. Сол дәуірдің ықпалымен жазылды. Егер бұл роман тәуелсіздік жылдары дүниеге келсе, қалай жазылар еді? – Он сегізінші ғасырда француз әдебиеті өз дамуының шырқау шыңына шығып, талғамның талмау биігіне көтеріліп, әлемді таңғалдырғаны белгілі. Сол француз әдебиетінің ықпалымен он тоғызыншы ғасырда ойламаған жерден мешеу қалды дейтін орыстың мұжықтық әдебиеті бұрқ етіп әлемдік аренаға шыға келді. Толстой, Достоевский, Чеховтар Еуропа ғана емес, жалпы дүниежүзі көркемсөзінің биік планкасына, эталонына айналып кетті. Біздің әдебиет тарихын тереңнен зерттеп жүрген сыншылар айтады. Егер кеңестік қатал цензура, өз халқын қойдай қырған тоталитарлық жүйе болмағанда Мұхтар Әуезовте Толстойдың әлеуеті, Бейімбет Майлинде Чеховтің шеберлігі, Жүсіпбек Аймауытовта Достоевскийдің иірімдері бар еді, амал қанша, оларды сол биікке жеткізбеді, аяқ-қолдарын шырмап, тілдерін байлады деседі. Осы тұжырымда зор шындық барын бәріміз сеземіз. Байқайсыздар ма, «Абай жолының» қат-қабат пластары, тұңғиық терең иірімдері Еуропаның мақтаулы қайсыбір романына бергісіз емес пе?! Сөйте тұра, Мұқаң идеологияның тар шеңберінен шыға алмады, иығынан масылдай басып цензура төніп тұрды. Амалсыз кедей-кепшіктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жаңа кейіпкерлер ойлап табуға мәжбүр болды. Тіпті, өмір бойы Абайдың қасында жүрген Шәкәрімді автор романында өз атымен атай алмады, ұлы ақынның ең талантты шәкіртінің образын өз деңгейінде аша алмай кетті. – Қазақ әдебиетін екіге бөліп қарауға болады: кеңестік және тәуелсіз. Кеңестік әдебиеттегі социализм идеясын, Ленин тақырыбын қозғаған шығармаларды алып тастау қажет деген пікірлер де айтылып қалады. Бұған қалай қарайсыз? – Әредік баспасөз беттерінде кеңестік дәуірдегі әдебиетке іріктеу мен сұрыптау жұмыстары керек деген пікірді естіп жүрміз. Өз басым осы пікірді екі қолымды көтеріп қолдаймын. Социализм идеясының ықпалымен жазылған шығармаларды тықпалап, жаңа ұрпақтың басын ауыртып қажеті жоқ деп білемін. Өз Туымыз, өз Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар біз қазір басқа мемлекетпіз, Лениннің ескерткіштерін де, өзге де социализм нышандарын санадан сылып тастадық, ендеше сол заманның идеологиясын дәріптеген әдебиет неге қалуға тиіс? Ондай әдебиет тек әдебиет зерттеуші мамандар үшін ғана мұрағаттарда тұра берсін. Ал озық үлгілерді кейінгі ұрпақ біз айтпасақ та өздерінің рухани қазынасына қоса береді. – Қазақ әдебиеті туралы әңгіме қозғағанда, өткен ғасырдың 60-70-жылдары жиі айтылады. Бүгінгі тәуелсіз әдебиеттің бағыт-бағдары қандай? – Алпысыншы жылдардың басындағы «жылымықтан» кейін бүкіл Кеңес адамдарының тынысы ашылып, өздерін еркін сезіне бастағаны тарихтан мәлім. Осы «жылымық» жалпы Кеңес әдебиетінің дамуына, соның ішінде қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор серпіліс бергенін білеміз. Оның үстіне, сол жылдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталып, олардың шығармалары қаламгер қауымын дүр сілкіндірді. Шыңғыс Айтматовтың алғашқы «Жәмилә» повесінің қазақ тілінде «Лениншіл жаста» бірнеше нөмірде жарық көруі сол заманның жас жазушылары үшін бомбаның жарылысындай әсер етті... Майданда қан кешіп, соғыста жүрген солдат күйеуін тастап, Жәмилә келіншектің басқа біреумен қашып кетуін жазу дегенің өңің түгіл түсіңе кірмейтін сюжет, ол заманның ешбір идеологиясына сыймайтын оқыс жағдай еді. Повесті оқыған замандастары шындықты осылай да ашып жазуға болады екен-ау, махаббатты осылай да мөлдіретуге болады екен-ау деп қайран қалысты. Соның әсерінен біздің қазақ әдебиетінде де небір көңіл тербеген тамаша повестер өмірге келді. Сол жақсы туындылардың біразы Шықаңның әсері екенін мойындау керек. Поэзияға бармай-ақ қояйын, біздің оқып-байқап жүретініміз проза ғой. Содан түйгенім – жастар прозасы көркемдік тұрғыда жүдеңкіреп, жұтаңданып бара жатқан сияқты. Сөзім дәйекті болуы үшін бір мысал айтайын... Өзінің өтініші бойынша бір інішектің повесін арқан созғандай қинала оқып, ақыры ренішімді жасыра алмай оған «сен неге КазТАГ-тің тілімен жазасың?» деп төтесінен сұрақ қойғаным бар. Сонда ол «қазақ тілінің бар байлығын пайдаланып, әдемілеп, әсемдеп жазудың бүгінгі заманда еш қажеті жоқ. Ертең бұл шығармамды ағылшын немесе француз тіліне аудартсам, жайнап шыға келеді. Мен үшін «главный критерий» авторлық айтар ой, тартымды оқиға» дегендей мағынада маңғаздана жауап берді. Содан ұққаным, ол інім қазақ үшін жазбайды екен, қазақ оқырманын менсінбейтінін байқадым. Өзі болса әлі құлағы естімеген алысты аңсап, көзі көрмеген қиырды қиялдап тұр. Шығармаларының көркемдік жағына көңіл бөлмейтін осы сияқты жас әріптестеріме айтарым: сахнаға шыққан әртістер, әнші-бишілер боянып, жасанып, таранып шықпай, күнделікті асүйде жүрген киімдерімен шықса қалай қабылдар едік? Әрине, жүрек қылын тербеген тамаша ән салып тұрса да көңілде бір кірбіңнің қалары сөзсіз. Сол секілді көркем әдебиет те, «көркем» деген тіркесіне лайық болуы керек, күнделікті күйтің өмірден сәл болса да жоғары тұруы міндет. Қазіргі жас қаламгерлерге жол ашық. Біздің жас кезіміздегідей таң қараңғысынан кезекке тұрып, макулатура тапсырып, «дефицит» кітаптарға зәрулік жоқ. Сондай бір кезекте тұрғанда Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргаритасы» үшін екі адамның қырғын төбелес жасағанын да көргенбіз. Қазір кітап үшін төбелес жоқ шығар? Біздің заманда қонаққа барған үйден кітап ұрлау дегенің кейбір қаламгердің «кәсібі» болатын. Оған ешкім ренжімейтін. Әлемдік әдебиетті игеру жағынан жастар бізге қарағанда көш ілгері, әлемдік әдебиеттің бағыт-бағдары, даму үрдісінен көбісі хабардар. Оларға анау деп ақыл қосу қазір бос әуре. Тек тағы да айтар ақ тілегіміз, көркем сөзді газет сөзімен шатастырмай, ана тіліміздің мол мүмкіндігін барынша пайдаланыңыздар. Ана тіліміздің байлығы көркем әдебиетпен ғана кемелденетінін естен шығармау керек. – Қазақ кітап индустриясының тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы не айтар едіңіз? –1992 жылы тамыз айында шыққан Президент Жарлығының арқасында Қазақстанда кітап шығару ісі аман-есен сақталып қалды. Сол жарғының алғашқы жобасында біз «қалай болар екен, орысша кітаптар Мәскеуде де шығып жатыр ғой» деген оймен жасқаныңқырап, тек қазақ тілінде шығарылатын көркем әдебиетке қаражат бөлуді ұсынғанбыз. Елбасы ол жобаны қайтарып жіберіпті: қазақ тілінде ғана емес, басқа тілдерді де қосыңдар, көркем әдебиет қана емес, танымдық, қоғамдық-саяси, энциклопедиялық кітаптарды да, қысқасы «әлеуметтік маңызы бар әдебиеттің бәрін тіркеңдер» деп ескерту жасапты. Елбасының қолдауының арқасында, сол жылдардан бері, мінеки жиырма тоғыз жыл болды, «әлеуметтік маңызды әдебиеттерді» шығарып, тарату үшін жылма-жыл Үкімет тарапынан қомақты қаражат бөлініп келеді. Мемлекеттік тұрғыда кітап шығару ісіне мұндай қолдау ТМД елдерінде ол жылдары болған емес. Қазір шүкір дейміз, кітап шығару мәдениеті біршама дамыды. Қазір Қазақстанда шыққан кітаптар Еуропаның кітап жәрмеңкелеріне қатысып, лайықты бағасын алып жүр. Бүгінгі біздің кітаптардың сыртқы безендірілуі әлемдік стандарттарға сай, қарасаң көз тояды.Әңгімелескен Айым БЕКТҰР