Бір жылға шегерілген Еуропа чемпионаты басталуға жақын
Бір жылға шегерілген Еуропа чемпионаты басталуға жақын
248
оқылды

Қытайда тараған коронавирустың сал­дарынан кейінге шегерілген екі ма­ңыз­ды жарыс бар болса, соның бірі – футболдан Еуро-2020 чемпионаты. Былтыр маусым айының 12-і мен шіл­денің 12-і аралығында өтуі тиіс болған дүбірлі доп додасы, өткен жылдың шіл­де айында жалауы желбірейді деген Токио Олимпиадасы да жақында басталады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жаз айы спорт жанкүйерлері үшін мерекеге толы болғалы тұр.

11 маусым мен 11 шілде аралығында өтетін Еуропа чемпионатына бір аптаға жуық уақыт қалды. Құрамалар турнирге тастүйін дайын. Чемпионатты өткізетін қалалар да футболмен ты­ныстап тұр. A тобындағы ойындар Рим және Баку қалаларында, B тобындағы ойындар Копенгаген мен Санкт-Петерборда, C тобын­дағы ойындар  Амстердам мен Бухарестте, D тобындағы ойындар Лондон мен Глазгода, E тобындағы ойындар Севилья мен Санкт-Петерборда, F тобындағы ойындар   Мюнхен мен Будапештте өтеді. Бұған дейін Еуропа чемпионатын Испания мен Германия құрамалары өзара 3 рет жеңіп алған. Ал кубоктың қазіргі иесі – Португалия құрамасы. Көптеген спорт сарапшыларының ойынша, көптен күткен Еуро-2020 додасын Англия, Франция не Бельгия құрамаларының бірі жеңуі мүмкін екен. Жасыратыны жоқ, бұл құрамалардың деңгейі өзгелерге қарағанда бір бас жоғары. Испания мен Германияның да, Нидерланд пен Италияның да турнирді жеңіп алуға мүмкіндіктері жоқ емес. Дегенмен бұл құрамалар сапында біраз өзгеріс бар. Буын алмасу процесі жүріп жатыр. Португалияның да құрамы мықты ойыншылармен жасақ­талған. Ресей мен Украина бұл турнирдің ор­таң­қол құрамалары санатында. Букмекерлік кеңселер Станислав Черчесов пен Андрей Шевченко баптайтын құраманың жеңісіне сенбейді. Оны Ресей мен Украинаның жеңімпаз болады дегеніне 67 коэффициент беріп тұрғанынан аңғаруға болады. Бәлкім, букмекерлік орталықтар Еуро-2016-да Ресей мен Украина өз топтарында соңғы орын алға­нын есепке алған шығар. Осындай елеусіз құ­рама­лардың әр чемпионат сайын бір жарқ ететінін де естен шығармаған абзал. Оған Еуро-2016-да Англияның 1/8 финалда Ислан­диядан өте алмағаны, Францияның финалда Португалиядан, Бельгияның ширек финалда Уэльстен жеңілгені анық дәлел. Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиев Еуро-2020 турнирін үш құраманың ұтуға мүмкіндігі жоғары деп санайды.

– Бұл жолы Еуропа чемпионатын Фран­ция, Германия, Англия құрамаларының бірі  жеңуі мүмкін. Бельгия да мықты. Бірақ олар бұл жолы алысқа бара алмайтын сияқты. Әлем чемпиондары Франция құрамасының әр футболшысы өзінше бір жұлдыз. Арасында жастар да көп. Испания сапында біраз өзгеріс бар. Нидерланд та тосынсый жасай алатын құрама. Италия да осал емес. Сондықтан бізді алда тартысты ойындар күтіп тұр. Футболда бәрі де болуы мүмкін. Доп дөңгелек. Қай құраманың жұлдызы жанатынын дөп басып айту қиын. Маған негізі неміс футболы ұнай­ды. Сондықтан Германияға жанкүйерлік таны­тамын, – дейді Юсуп Шадиев.

Тағы бір қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев: «Алдағы екі-үш турдан кейін құрамалардың деңгейі көріне бастайды, сол кезде нақ қай құрамының жеңіске жете­тінін шамалап айтуға болады. Дәл қазір еш­кімді бөліп жарғым келмейді. Өйткені пан­демиядан кейін құрамалардың қай деңгейде екенін анық аңғару қиын» деп алдын ала бол­жам жасағысы келмейтінін айтты.

Қалай дегенмен де барлық топтағы ойын­дар өзінше тартысты болары сөзсіз. Десе де, футбол сарапшылары мен жанкүйерлері соң­ғы F тобындағы ойындарды үлкен қызығу­шылықпен қарары анық. «Өлім тобында» әлем чемпионы – Франция, өткен Еуропа чем­­пионатының жеңімпазы – Португалия, барған додасынан жүлдесіз қайтпайтын – Германия секілді кіл мықтылар жиналған. Ал топ­тың аутсайдері – Венгрия. Оның өзі Еуропада ортаңқол ұжымдардың бірі сана­лады. Қос чемпион мен «Бундестим» арасын­дағы ұпай үшін талас талай жанкүйердің деле­бесін қоздырары анық. Оған қоса, сапын­да кіл «сен тұр, мен атайындар» жиналған құрамалардың «жан алысып, жан беріскен» ойындары Еуропа чемпионатының көркін қыздыра түсетініне ешкім күмән келтірмейді. Бізді D тобында да қызыққа толы ойындар күтіп тұр. Жүлде алудан үмітті Англия мен Әлем чемпионатының финалисі Хорватияға Еуропаның орта деңгейлі құрамалары – Шотландия мен Чехия қарсылық көрсетіп бағады. Қалған 4 топтағы жағдай біркелкі. Бір фаворит пен бір-бірімен шамалас құрамалар жиналған. Дегенмен бұл төрт жылда бір келетін, әрбір футболшының армандаған жа­рысы екенін естен шығармаған жөн. Мұндай дүбірлі додада кез келген ұжым үздік ойыны­мен көзге түсіп, ұпай алуды, жеңіске жетуді көздейді. Осы ретте айта кетейік, Франция құра­масына ұзақ үзілістен соң «Реал Мадрид» коман­дасының шабуылшысы Бензема қайта шақырту алды. Солтүстік Македония құра­масында ойнайтын ардагер футболшы Пандев үшін де бұл құрамадағы соңғы турнир десе де болады. Құрамасын Еуропа чемпионатына алып шығуға македониялық шабуылшының сіңірген еңбегі орасан зор. Златаны бар Швецияның да қауқары турнирдегі бірқатар құрамаларға жетеді. Өзге құрамаларда да ауыс-түйіс, өзгеріс көп. Сондықтан пандемиядан кейінгі Еуропа чемпионаты түрлі тосын­сыйларға толы болатынына сенеміз. Еске салайық, топтық кезеңде 1-2-орын алған 12 команда плей-офф кезеңіне өтеді. Екінші айналымға тағы 4 жолдама 3-орын алған командалар арасында ең жақсы көрсет­кішке ие 4 командаға беріледі.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ