Бұғытыда тау-кен байыту фабрикасы салынады
Бұғытыда тау-кен байыту фабрикасы салынады
427
оқылды

Еңбекшіқазақ ауданының Сөгеті ауылдық округіне қарасты аумақтағы Бұғыты тауларында вольфрам кенін байыту және қайта өңдеу бойынша аса ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Қазір мұнда «Жетісу Вольфрам» ЖШС тапсырысымен тау-кен байыту фабрикасының құрылысы басталды. Жобаны шетелдік инвестордың қатысуымен орындау жос­парланған.

Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2021-2023 жыл. Жалпы сомасы – 945 млн 500 мың теңге. Қайта өңдеуді қоса алғандағы қуаттылығы – жылы­на 3 млн 300 мың тонна кен. Жобаның негізгі мақсаты – өн­дірілген кеннен металл бұ­йым­дарын дайындау кезінде оның сапасын арттыратын кон­центрат әзірлеп, оны одан ары ішкі және сыртқы нарыққа са­туға шығару. «Жетісу Вольфрам» ЖШС халықты жұмыспен қамтуға және қазынаны толықтыруға оң әсер етуге тиісті маңызды жо­баны  құрылтайшы Jiaxin International Resources Investment Limited (ҚХР)  компаниясымен бірлесе жүзеге асырады. Бүгінде  жобаның І кезеңі орындалуда. Дайындық жұмыс­тарына жергілікті тұрғындар қатарынан 30 адам және көрші елден шақырылған 2 маман тар­тылған. Жұмысшылардың ай­лық жалақысы – 250 мың теңге.    Басты жұмыстар басталған кезде ауданның 175 тұрғыны жұмысқа орналасып, 50 адам фабрикаға қажетті мамандық бойынша оқытылады.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы