Төлеби ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес-он минуттық операциямен алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Бірақ қарапайым отаны дәрігерлер тым күрделендіріп жіберген. Біреуі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде аппараттары өшіп қалып, 15 жастағы науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Енді миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыл халде жатыр.
Айдана Қалдықұлдың туыстары 10 күннен бері аурухананың табалдырығын тоздырып жүр. Айдана Қалдықұл тілінің астына шыққан етті алып тастау үшін портал арқылы 27 мамырда Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасына келген. Бірақ бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті жүрегі берер минутқа тоқтап қалған. Ота кезінде салғырттық танытқан дәрігерлер өз кінәларын мойындап, қыздың туыстарына айтқан.
Айдананың анасы Фарида Өтегенова: «Наркоз көп берген, салғырттығы, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Апараттары істен шыққан екен. Кейін өздері (бас анестезиолог Қанат Керімбекович – ред.) мойындап отыр. Қыздың организмі жас, өзі жеңу керек. Бізде қолдан келер шара жоқ», – деді.
Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айдана биыл 9-сыныпты бітірген.
Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жасар науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.
Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты. Бірақ телефонмен тілдескенде бар жауапкершілікті бір-біріне сілтеді. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай дейді.
Түркістан облыстық балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова: «Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз. Алматыдағы институтпен келісім болса, денсаулығын бақылаймыз. Қазір баланың жағдайы Алматыға тасымалдағанды көтере алмайды, жағдайы ауыр», – дейді.
Дәрігерлер Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жастағы өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді.
Қазір дәрігерлерге қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.