Тура бір жылдан соң, 2022 жылғы 1 шілдеде көз үйреншікті болған ПИК-тер тарихқа жол тартады. Олардың орнын «меншік иелері бірлестіктері» (Көрегендік болмаса, кері кетушілік жайлайды
Шенеуніктер әлдебір жаңашылдықты жаппай енгізгенде, келешек көкжиегінен әрі үңіліп, оның халыққа зиян-залалын жан-жақты сараптай, болжай бермейді. Әрине, бұл үшін көріпкел болудың қажеті жоқ, тек жаңа бастаманың ықтимал әлеуметтік-экономикалық зардабын әр қырынан бағамдаған жөн. Олай болмаған соң онсыз да күйзелістен қажыған халыққа ауыртпалық түседі, әлеуметтік кернеуді күшейтеді. Заңға сәйкес, бұқара арасында «КСК» аббревиатурасымен белгілі пәтер иелері кооперативтері 20 жылдың ішінде көп олқылығымен көзге түсті. Моноқалалар мен шағын шаһарлар түгіл, елорданың өзінде көппәтерлі кейбір үйде ПИК сол бойы құрылмады. Қалалардағы тұрғын үй қоры жарамсыз, апаттық жағдайға жетті. Дегенмен ол жүйенің жақсы жақтары да болды: тұрғындары ұйымшыл, бірауызды үйлерде ПИК-тер жақсы жұмыс істеді, қатаң бақылауда болды. Пәтер және коммерциялық мүлік қожайындары бас біріктіріп, ПИК төрағасына сырттан білікті басқарушыларды шақырды. Жаңа заң осы саланы үй тұрғындары қатарына дейін тарылтып тастады: МИБ төрағасы сол тұрғын үйде тұруы шарт. Осы талап кесірінен, кейбір тұрғын үй кешені мықты менеджерінен айырылды. Енді МИБ құру ісі көршілер арасына сыналуда: тұрғындардан түсетін миллиондаған теңге қаражаттың айналымын бақылауға алуға әркім-ақ ынтық. «Мүлдем ойластырылмаған, шикі бастама. Негізі, көпқабатты тұрғын үйлерді тегіс кәсіби басқарушы компанияларға тапсыру керек еді. Саланы дилетанттар құртты емес пе?! Сарапшылардың бұл пікіріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құлақ аспады. Оның орнына тұрғын үй кешендерін басқаруды тұрғындардың өзіне бере салды. Билік осы арқылы үйлердің ахуалы үшін жауапкершілікті халықтың өзіне ысырды. Ал әр үйдегі қарапайым тұрғындардың ішінен бұл істің қыр-сырын меңгерген маман табыла бермейді. Кәсіби маман болмағанымен, миллиондарды қалтасына басуға құнығатыны жетерлік. Кейбір жерде жаңа МИБ басшылары тұрғындардан әртүрлі сылтаумен алым, «откат» жинай бастады» деп алаңдайды жылжымайтын мүлікті басқару саласының маманы Әсет Жанжүменов. Оның мәліметінше, МИБ-терге қатысты соттасып жатқан тұрғындар жетерлік. «ПИК кетіп, МИБ құрылса, тұрғындардың ақшасы талан-тараж етілмейді деген бос сөз. Ешқандай кепілдік жоқ, жоғары жауапкершілік заңда қарастырылмаған», – деді сарапшы. Тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанын енгізуге жәрдемдесіп жүрген «Қоғамдық қорғаушы» бірлестігі филиалының төрағасы Талғат Мұхамедғалиев МИБ құру үшін соттасуға тура келетінін растады. «Біз 200-дей жиынға қатыстық, 2 мыңнан аса адамға кеңес бердік. Қазір негізінен соттағы қызметпен айналысып жатырмыз. Ескі басқару органдары кеткісі келмейді, үйді тапсырудан бас тартады. Біздің заңгерлеріміз шамамен 20 істі жүргізуде. Заң бойынша үйді табыстауға ПИК басшысын мәжбүрлеуге болады» деген ол реформа мерзімінен кешігіп қалғанын, бұған пандемияның ықпал еткенін жеткізді.Жұрттың көңілі неге жабырқады?
Қарағанды тұрғыны Елена Боронина жаңа заңды қолдап қана қоймай, МИБ құруға алғашқы болып кіріскендердің бірі. Енді көңілі қалып отыр. «Бұл – күрделі мәселе. Тетіктері кемеліне келтіріліп, жетілдірілмеді. Алғашқы дайындық шаралары жүргізілмеді. Реформа «Е-шаңырақ» электронды платформасы арқылы оңай жүргізіледі деп мәлімделген. Шынында олай болмады. Қаншама сергелдеңге түстік. Басы артық сауалнамалары, толтырылуы тиіс құжаттары көп. Оның бәріне пәтер иелерінің қолын жинау керек. Коронавирус шектеуі кезінде оны іске асыру оңай емес. Әрбір шешімге жиын өткізу қажет екен. МИБ тіркеуге жеткенше қаншама уақытыңды жоғалтасың, еш құлық қалмайды. Сөйтіп, зорығып жүргенде әлдебір белсенділер үйімізде МИБ тіркете қойыпты. Бізге білдірмей, барлық рәсімді тез арада қалай өткізгені беймәлім. Қолдарды, құжаттарды қолдан жасауы мүмкін. Оның байыбына барып, түйткілін тарқатып жатуға шама жоқ» деп күрсінеді ол. Елорда тұрғыны Бауыржан И. жұмыс істеп тұрған ПИК-терге қызметін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік беру керек еді деген пікірде. «Көп жағдайда МИБ бастамашылары бас пайдасын басты орынға қояды. Біздің ПИК басшысы тиімділігімен, қаржыға құнттылығымен тұрғындардың қолдауына ие болған. Қазір оған әлдебіреулер «шабуыл» жасап, қысым көрсетіп, жылдамдатып кетіруге тырысуда. Өйткені ол біздің үйдің тұрғыны емес. Жақында біреу есікті қағып тұр. Бейтаныс біреу. «Кімсің?» десем, бастамашыл топтың жетекшісі екен. Тұрғын үй кешенімізден таяуда пәтер сатып алыпты. Енді ПИК орынтағын тартып алмақ ниетте. Өздері біздің үй үшін жақсы ештеңе істеген жоқ. Бірақ тілі тәтті, талай жағымды уәде беріп тастады, жұрт сөзіне еріп, келісіп қоя ма, қайтеді?», – дейді тұрғын. Айбар Серік МИБ дауы басталғалы, тұрғындардың ортақ WhatsApp чатынан шығуға тура келгенін айтады: «Тұрғын үй қатынасы саласындағы бұл реформаның оңды тұсын байқамадым. Жақында ПИК басшысын қуып тастауға қол жеткіздік, тұрғындар қаржысын сегіз жыл бойы тонады. Алайда оны кетіруге бұрыннан күш салып келгенбіз. Бүгінде көршілер арасында билік үшін айқас жүруде. Үйдің жалпы чатынан шығуға тура келді: жік-жікке бөлініп, күн-түн демей, бір-бірін қаралайды. Моральдық, психологиялық кері әсер етеді», – дейді. Кейбір ТК-ларда жаңа МИБ басшысы үй кеңесіндегі «қанаттастарының» қолдауымен өзіне жоғары жалақы бекітіп алған. «МИБ құрыла сала, алым жинауға кірісті. Алдымен әр пәтерден 24 мың, содан кейін 40 мың теңгеден жинады. Себебін сұрасақ, бар кінәні бұрынғы ПИК-ке жабады, соның кесірінен туындаған кем-кетікті түзетеміз дейді. Алда тұрғын үйдің жөндеу қорына жеке жинамақ. Ай сайынғы төлемді де әр шаршы метр үшін 122 теңгеден 180 теңгеге көтерді. Мұның сыртында жинақтаушы жарналарға қол салмақ: содан ақша шешіп алуға қол жинап жүр. Тұрғындар қол қоймауға қорқады. МИБ басшысы: «кез келген пәтер иесін сотқа беруге құзырым бар» деп айтты. Заңда шынымен солай көрінеді»,– деді Нұр-Сұлтан тұрғыны Роза Ш.Асықпай, ақылмен жол тапса...
Елордадағы Қ.Мұхамедханов көшесіндегі «Манхэттен» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын да осы мәселе мазалайды. «Үйіміздің қолданысқа берілгеніне көп бола қойған жоқ, пәтер иелерінің көбі баспаналарына кіріп үлгірмеген. ТК-да жалпы саны 654 пәтер бар. МИБ құру үшін 3 рет жиын өткізді. Үшіншісіне 30 шақты адам ғана қатыстық. Жиында МИБ төрағасы, үй кеңесі сайланғаны, ревизиялық комиссия құрылғаны туралы хаттама назарымызға ұсынылды. Әр шаршы метрден жиналатын жаңа төлем және шығыстар сметасы таратылды. Біз хаттамаға өз түзетумізді енгізуге талаптандық. Әйтсе де, сауалнамада «иә, жоқ, қалыс қалды» деген жауап бар болып шықты. Біздің МИБ төрағасы қаладағы басқа 3 тұрғын үй кешенінде де сондай лауазымды атқаратын болып шықты. «Келісіңіздер, ол кісі МИБ жұмысын бәрімізден артық біледі!» деп үгіттеді бастамашыл топтағылар», – дейді Раушан Ермекқызы. Әртүрлі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған азаматтар әр өңірде аз емес. Бұл ретте ондай адамдардың әртүрлі ТК-да, тіпті «әр басқа қалада МИБ тізгінін өз қолына алуы қаншалықты заңды?» деген сауал туады. Осы бастаманы ілгерілетуге жауапты құрылым – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ (ТКШ Қазорталығы) дерегінше, бүгінде елімізде жалпы саны 1 205 МИБ құрылды. Жай серіктестіктер саны – 2 744. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Көшті Алматы қаласы бастап тұр: ірі мегаполисімізде тұрғын үйді басқарудың 809 жаңа нысаны тіркелді. Одан кейін Алматы облысы (722) келеді. Үштікті Түркістан облысы (455) тұйықтайды. Нұр-Сұлтанда – 289. ТКШ Қазорталығының басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков мәселе барын жасырмады. Проблеманы шешу үшін Еуразия ұлттық университетімен, өзге оқу орталықтарымен меморандум бекітіп, сала үшін кадрлар даярлауға кірісіпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен «Біліктілікті көтеру курсы бағдарламасы» аясында МИБ және ЖС басшылары 55 сағаттық курстан өтеді. Әзірше 394 тыңдаушы оқытылған. Көппәтерлі үйдің 178 басқарушысы Сертификаттау орталығында біліктілігін растаған. Қалай болғанда, жоспар-кестеден онсыз да кешіккен екен, ендеше асығып, аптығуды қойып, реформаны ілгерілетудің жаңа мерзімін белгілеп, туындаған түйткілді тарқату жолын іздеген маңызды.Айхан ШӘРІП