Әр үй үшін «айқас»
Әр үй үшін «айқас»
142
оқылды

Елде бұрынғы ПИК-тер (КСК) мен жаңа МИБ-тер (ОСИ) арасында арпалыс, бақталастық пен тура мағынасында төбелес жүруде. Бұл – жайдан-жай емес: заң бойынша пәтер иелері кооперативтерінің орнын басуға тиісті меншік иелері бірлестігіне тұрғын үйдің жертөлесін, коммерциялық алаң­дарын, тіпті төбесін әртүрлі ұйымдарға жалға беруге, заң­на­мамен тыйым салынбаған басқа да жолдармен табыс табуға рұқсат етілген.

Мысалы, МИБ-тер үй төбесін және қабырғаларын ұялы байланыс операторларына, жарнама агенттіктеріне және басқа да мақсаттарда жалға беріп, мол табыс таба алады. Бұл тұрғыдан алғанда, осы бірлестіктер әрбір көпқабатты үйді бизнес нысанына айналдыруына мүмкіндік мол.

«ПИК» «МИБ»-ті соққыға жыққан

Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа көшесінде орналасқан «Кенесары» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 2020 жылдың 29 маусымында бас біріктіріп, ортақ келісімге келіп, «Бірлік пен Бақыт» атты меншік иелері бірлес­тігін құрады. Заң бойынша осыдан кейін пәтер иелері кооперативі өз бетінше жойылуы тиіс болатын. «Тұрғындар шешімінен кейін «Кенесары 2019» ПИК төрағасы Б. бүкіл мүлікті тапсыру-қабылдап алу актісіне қол қойып, тұрғын үйді жаңа «қожайынға» табыстауы керек еді. Алайда белгіленген мер­зімде, яғни, былтырғы 20 шілдеге дейін ол мүлікті тапсырған жоқ. Онымен қоймай, 21 шілдеде төбелес жасап, маған және МИБ бас­қармасының мүшесі Хабдуллиннің денесіне жеңіл зақым келтірді. Бұл дерек бойынша Сарыарқа ау­данының полиция бөліміне шағым түсірілді», – дейді «Бірлік пен Бақыт» МИБ төрағасы Арман Жандосов.  2007-2013 жылдар аралығында са­лынып, іске қосылған «Кене­сары» ТК ескі нысан болмағаны­мен, ондағы 5 жылу торабының техникалық жай-күйі нашар жағдайға жеткені анықталады. Оны жертөлеге түскен тұрғын­дардың бірі видеоға түсіріп алады. Ал ПИК оны жөндеуге және ішін­ара алмастыруға деп әр баспанадан орташа есеппен 40 мың теңгеден нысаналы төлем жинаған. Бұл тұрғын үй кешенінде 480 пәтер бар. Ендеше, ол миллиондардың қайда кеткені беймәлім. Тұрғын­дардың айтуынша, жөндеу жүр­гізілмеген. «Жалпы, бұл қаражаттың ізім-ғайым жоғалуының жалғыз оқи­ғасы емес. Мысалы, 2020 жылғы қаңтарда «Кенесары» тұрғын үйінің ревизиялық комиссиясы 2019 жылғы сәуір мен қыркүйек ара­лығындағы ПИК қызметін зер­делей келе 3,5 миллион тең­генің жетіспейтінін әшкерелеген. 16 қаңтардағы жалпы жиынға Б. мас болып келіп, қатысушы 80 адамды боқтап, шетінен сыбайды. Келесі күні ыстық су беретін 2 сорғыны сөндіріп тастайды. Сал­дарынан бірден 4 подъез ыстық сусыз қалған. Тек тұрғындар «Сары­арқа» әкімдігіне шулап барған соң ғана су қайта берілді. Бұл жағдайды учаскелік инспектор Бейсенов төсіндегі бейне­тіркеуішке түсірді», – дейді МИБ төрағасы. Пәтер иелері «ПИК қаржысын ұрлады және бас пайдасына жұмсады» деп айыптап, Б.-ның үсті­нен қылмыстық іс қозғау ту­ралы полицияға өтінішпен жүгінеді. Неге екені белгісіз, полиция тиісті тексеру жүргізбей-ақ, өтінішті қараусыз қалдырыпты. Тәртіп сақшылары әрекетсіз қалған соң Б. жауапқа тартыл­майтынын сезініп, бассыз істерін жалғастырады. Содан МИБ басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевқа шағымданады. Осы түрткі болса керек, «Сарыарқа» Полиция басқармасы Жандосов пен Хаб­дул­линнің «денсаулығына қаса­қана жеңіл зиян келтіру» оқиғасы бойынша Б.-ның үстінен әкім­шілік іс қозғады. Әкімшілік ко­декстің осы 73-1-бабы 15 АЕК айып­­пұл салуды не 15 күнге қа­мау­­ды қарастырады. Жиналған материалдар Нұр-Сұлтан маман­дан­дырылған ауданаралық әкім­шілік сотына жіберілді.

Бір қазанда – қос қошқардың басы

Бұл салада басқа да қызық-шыжықтар болуда. Мысалы, елордадағы ең қымбат тұрғын үйдің бірі «Пирамидаға» іргелес бой көтерген «Хайвил» тұрғын үй кешенінде бір емес, екі МИБ құрылып отыр. Екеуін де құзырлы орган тіркепті. Енді тараптар бір-бірін күндеп, салтанатты тұрғын үйге сыймай, оны басыбайлы иемденуге ұмтылып жатыр. үй High Vill Astana МИБ төрағасы Балқия Бисенғалиева «әділдік» іздеп, Әділет министрі Марат Бекетаевқа шағыммен жүгінді. Бұл бірлестік 2020 жылғы 22 жел­тоқ­санда заңды тұлға ретінде мем­лекеттік тіркеуден өткен-тін. Ол қалыптасқан жағдайды «қайшы­лық» деп бағалап, министрден оны шешуді сұрайды. «Бұл қайшылық-казусты Нұр-Сұлтан Әділет департаментіндегі тіркеушілер жібергенге ұқсайды. Бәлкім, олар қасақана жасамаған, істі бүлдіруді ойламаған шығар. Адами фактор деген бар ғой. Қалай болғанда, өте үлкен қате­лік­ке жол беріп отыр! Соның кесі­рінен «Хайвил Астана» көпфунк­ционалды тұрғын үй кешенінің D атаулы блогында тағы бір МИБ-ті тіркеп қойыпты. Министр мыр­за, мен шұғыл түрде қызметтік тер­геу жүргізуіңізді талап етемін! Жіберілген қатені түзетуді талап етемін. Өйткені бұл қателік біздің үйге қызмет көрсетуге, шаруа­шылық қызметіне өте жаман әсер етуде», – дейді Б.Бисенғалиева. Бұл жерде қос МИБ «Хайвил Астананың» D-1, D-2,D-3,D-4, D-5, D-6, D-7 блоктары үшін тартысуда. Бұдан тұрғындар зар­дап шегеді. Бір тұрғын үй кешеніне екі МИБ-тің құрылуы елордадағы жылу мен жарықтан басқа барлық коммуналдық қыз­мет үшін төлем жинайтын «Ас­тана-ЕРЦ» ЖШС-мен арадағы келісім күшінің тоқтатылуына әкеліп соққан. Сондай-ақ, бұрынғы басқару­шы ұйымның есепшоттары мен мөрлері жарамсыз болып қалған. Пәтер иелері, қаптаған мейрам­хана, бутик, сауда орындары түрін­дегі коммерциялық мүлік және автотұрақ қожайындары да қаржыны нақты кімге төлейтінін білмей дағдарған. Егер бұл дағ­да­рыс жалғаса берсе, Нұр-Сұлтан­дағы «қала ішіндегі қала» атанған көрнекті әрі заңғар кешеннің бірі көркемдігін жоғалтып, апатты жағдайға дейін жетуі ғажап емес.

Тұрғындар нені білуі керек?

Өз кезегінде билік Мемлекет бас­шы­сының 2020 жылғы Жол­дауындағы тапсырмасы орын­дал­ғанын қуана жариялады: елімізде 1 735 тұрғын үй кешенінде жаңа басқару нысаны құрылыпты. – Мемлекет басшысының Жол­­­дауы аясында Үкіметке және әкім­дерге меншік иелері бірлес­тік­тері институтын енгізу жөнін­дегі реформаны іске асыру тап­сырылды. Бұл реформа «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» прин­ципі бойынша МИБ коммер­циялық емес ұйымының жаңа нысанын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеуге бағытталған. Реформаны жүйелі түрде іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарда әр көп­пәтер­лі тұрғын үйді басқарудың жаңа нысандарына өтуі бойынша Жол карталар әзірленді. Ол біздің министрліктің тұрақты бақы­лауында тұр, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Е.Дауылбаев. Заң бойынша ПИК-тер не МИБ-ке, не жай серіктестікке (ЖС) айналуы керек. Нәти­же­сінде, әділет органдарында тір­келген 1 735 жаңа басқару ны­санының ішінде әзірге тек 695-і – МИБ, қалған 1 040-ы – ЖС. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларында. Бірақ сарапшылар басқарудың жаңа нысандарын құру бәрібір шабан жүріп жатқанын сынайды: бүкіл елге 2 мың деген тым аз. Үкімет мүшелерінің ақталуынша, бұған пандемия мен карантин кінә­лі: жиналыстар өткізуге шек­теу бар. Атап өтер жайт, келесі жылы ПИК-тер дәуірі түпкілікті аяқ­талады. Еркебұлан Дауылбаевтың мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап басқармалардың бұрынғы нысандары жойылады. МИБ-тің артықшылықтары бар: ол тек тұрғын үй тұрғындары­нан тұрады, бейтаныс адамдар жоқ. ПИК-терді сырттан келген адамдар басқара беретін. Ал МИБ төрағасы пәтерлер не жылжы­май­тын мүлік иелері қатарынан сай­ланады. Кемшілігі де жетіп- арты­ла­ды. Еркебұлан Дауылбаев көп­қабатты үйлердің тұнып тұрған бизнес екеніне келісті. «Мысалы, үйдің қасбеті мен лифтілеріндегі жарнамадан, ин­тер­нет-провайдерлердің, бай­ланыс операторларының жабдығы үшін шатыр учаскелерін немесе техникалық үй-жайларды жалға беруден, шаштараз, сауда дүкен­дері және басқалары орналасқан жертөлелерді жалға беруден және басқасынан мол кіріс табады. Тұрғындар ол туралы біле бер­мей­ді. Қосымша кірістер кондо­миниум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға ба­ғытталуы, сондай-ақ, әрбір тұр­ғынға берілетін ай сайынғы есепте көрсетілуі тиіс. Басқарудың жаңа нысандарын енгізу әрбір көп­пәтерлі тұрғын үйдегі пәтер ие­лерінің, тұрғын емес үй-жай­лардың мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл жалпы тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етеді», – деді министрлік басшы­лығының өкілі Е.Дауылбаев. Бұл саладағы айқастар алда қыза түсетінге ұқсайды.

Елдос СЕНБАЙ