Былтыр пандемияның салдарынан еліміздегі жазғы лагерлер жұмыс істемей, балалар үйде отыруға мәжбүр болды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жазғы лагерлер кейбір облыстарда ғана іске қосылды. Онда да ПТР тесттің болуы міндеттелген еді. Ал биылғы жағдай қалай болмақ? Жазғы лагерьлер іске қосыла ма? Оған кімдер бара алады? Ақысы қанша? Қандай да бір жеңілдіктер жасала ма? Осы сұрақтарға Білім және ғылым министрлігі балалар құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Гүлнаш Қошқарова жауап берді. Оның сөзінше, Қазақстанда мектеп жасында 1-10 сынып аралығында 3 миллион 400 мыңнан астам бала бар. Биыл сол балалардың 76 пайызы жазғы лагерьлерге барып, демалады деп күтілуде. «Былтыр көп лагерь жұмыс істемеді. Осы жолы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балалардың өмірі мен денсаулығы ең басты алғы шарттар. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты лагерлер ашу туралы шешімді өңірлердегі санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Қала сыртындағы балалар лагерлері мен базаларына қабылдаудың негізгі шарты - балалар мен қызметкерлер үшін ПТР тестілеу нәтижесі. Лагерлердің толымдылығы өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайымен айқындалады – «қызыл аймақта» жобалық қуаттың 30% - ы, «сары аймақта» 50% - ы» деді Басқарма басшысы.
– Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы секілді "қызыл" аймаққа кірген бірнеше өңірге лагерьлердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бірі жұмысын маусымның 7-8 күндері бастаса, енді бірі маусымның 15-16-ы іске қосылмақ. Оның үстіне, пандемияға байланысты жазғы лагерьлерге кіру үшін ПТР тест тапсыру міндеттеліп жатыр. Қала сыртындағы лагерьлерге сондай талап қойылған, – дейді ол.Гүлнаш Қошқарованың айтуынша, ПТР тесттің ақысын баланың ата-анасы төлейді. Баланы ата-анасы жіберіп отырған соң, ақысын солар төлейді. Ал Білім заңында бекітілген тоғыз санатқа кіретін балаларға жергілікті атқарушы органдар төлеуін қарастырады.
– Бұл санатқа аз қамтылған отбасының балалары, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, экологиялық ахуалы ауыр жерлердегі балалар кіреді. Олар тіпті жазғы лагерьлерде тегін демала алады. Жалпы, Қазақстан бойынша 500 мыңға жуық бала тегін демалады деп жоспарлап отырмыз, – деді ол.Биылғы 9 маусымдағы жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша қала сыртындағы 19 лагерь жұмыс істейді (Атырау облысында – 3, Ақтөбе облысында – 7, Жамбыл облысында – 4, Қостанай облысында – 1, Шымкент қаласында -4). Дегенмен әлі де лагерьлердің ашылуы жалғасуда, жазғы маусымның соңына дейін қала сыртындағы 235 лагерь (143 – мемлекеттік, 92 жекеменшік) жұмысы жоспарлануда. Неғұрлым белсенді балалар үшін әр өңірде балалардың шатырлы және киіз үй лагерлерінің жұмысы ұйымдастырылды. Табиғат аясында орналасқан лагерлер балаларға туған өлкесінің әсемдігімен танысуға, оның тарихын білуге көмектеседі. 1 маусымынан бастап білім ұйымдарында Жазғы мектептер өз жұмысын бастап кетті. «Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде қашықтық форматта жазғы бейіндік алаңдар ұйымдастырылған. Жазғы мектептер балаларға мектеп материалын меңгерудегі жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Негізгі баға әр өңірге байланысты есептеледі. Жалпы, әр лагерьдің бағасы жағдайына байланысты қойылады. Орташа баға 10 күнге 30 мыңнан 100 мыңға дейін барады. Ал тегін жазғы лагерьге бару үшін egov арқылы өтінім беруі керек.