Нұр-Сұлтан қаласының әкімі мектептердің офлайн-оқыту форматына қашан көшетінін айтты
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі мектептердің офлайн-оқыту форматына қашан көшетінін айтты
210
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қала мектептерінің офлайн форматқа қашан көшетінін мәлімдеді.
"Коронавируспен күресте алдыңғы шепте келе жатқан - мұғалімдер, медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, әлеуметтік қызметкерлер және т.б. бірінші кезекте вакцина алуы керек. Өйткені олар тек өздерін ғана емес, науқастарды, оқушыларды қауіпсіздендіреді. Осылайша аса қауіпті індеттен арылуға болады. Қазір жаз мезгілі, көптеген адамдар демалысқа шығатын кез. Ал 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Оқу форматы ұжымдық иммунитет пен педагогтардың екпе алу көрсеткішіне байланысты болады", – дейді Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, қазір мұғалімдердің екпе салу көрсеткіші 40%-дан асты. Бірақ бұл мектептерді офлайн форматта ашу үшін жеткіліксіз.
"Ұжымдық иммунитетке қол жеткізе отырып, қала бұрынғы қалыпты өмірге орала алады. Барлық қоғамдық орындар ашылып, қызметкерлер қашықтан жұмыс форматынан оралып, оқушылар офлайн форматта оқи бастайды, бизнес нысандары да бұрынғыдай жұмыс жасайды", – дейді елорда әкімі.
Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші компонентін елорданың 170 мыңға жуық тұрғыны алған.