Депутаттар қызметінің рейтингісі жасалады
Депутаттар қызметінің рейтингісі жасалады
255
оқылды

«– Елбасы, партия Лидері Н.Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» депутаттары жауапкер­шілік, жұдырықтай жұмылу және ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әрбір өңірде, қала мен ауданда сайлауалды міндетте­мелердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жұ­мысқа «Nur Otan»-ның әртүрлі деңгейдегі 2,7 мыңнан астам де­путаты жеке жауап береді. Еске сала кетейін, Елбасы бастама­шылық еткен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам!» атты партиялық «қайта жандандыру» бағдарламасына сәйкес депутат­тық корпус 65%-ға жаңартылды, әйелдер мен жастардың үлес саны барлық өңірде тиісінше 30% және 20%-ға жетті. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына сәйкес партия жанынан депутаттардың, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, белгілі қоғам қайраткерлерінің, сарапшылар мен журналистердің қатысуымен 1,7 мың салалық қоғамдық кеңес құрылды. Бұл билік пен азаматтық қоғам ара­сындағы жан-жақты диалогты қамтамасыз етуге жол ашады, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Сондай-ақ оның айтуынша, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру және халықпен «кері байланысты» күшейту үшін бүкіл ел көлемінде партияның 234 қо­ғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі жүйелі түрде жанданды­рылған. Жыл басынан бері «Nur Otan»-ға 74,1 мың өтініш келіп түсті, оның 43%-ы оң шешімін тапты, 53%-ы бойынша мәселені заң аясында шешуге қатысты кәсіби кеңес берілді. Осы орайда, Бауыржан Байбек бүгінде халық қалаулы­ла­рына қоғам тарапынан қойы­лып отырған талап-тілекке ерек­ше тоқталды. – Елбасы атап өткендей, бү­гінде қоғам, әсіресе жергілікті жер­лерде депутаттардың ашық­тық, тиімділік және жауапкер­шілік деңгейіне ерекше талаптар қойып отыр. Осыны ескере оты­рып, «Nur Otan» алғаш рет ел көлемінде депутаттық корпусты кешенді бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізіп отыр. Партияның Саяси кеңесі бюросының биыл­ғы 2 маусымдағы қаулысымен Депутаттар қызметінің рейтин­гін қалыптастыру ережесі бе­кітілді, – деді ол. Оның айтуынша, аталған ережені әзірлеу аясында халық­аралық тәжірибе мен депутат­тарды бағалаудың қолданыстағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Сарапшылар мен өңірлердегі пар­тиялықтардың пікірлері, сон­дай-ақ республикалық пар­тияішілік іріктеу – прайме­риздің табысты тәжірибелері ескерілді. Ереже үш блокқа біріктірілген 15 критерийді қамтиды: қоғам­дық-саяси қызмет, медиа бел­сенділік, сондай-ақ партиялық жауапкершілік. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары заманауи рейтингтік технологияларды енгізу депутат­тардың жол карталарын іске асыруға жеке жауапкершілігін арт­тырып, нұротандықтарды ха­лық­пен жүйелі және нәтижелі жұмыс істеуге бағыттайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін жергілікті жерлердегі депу­таттардың қызметі, бастамалары мен сауалдары туралы ақпаратқа ашық қолжетімді, сондай-ақ «Nur Otan»-нан сайланған халық қалаулыларына өзекті мәселелер бойынша тікелей жүгіну мүмкін­дігі қамтылған арнайы интернет-платформа іске қосылады. – Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту және әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу жағ­дайында қабылданып жатқан шаралар Елбасының 5 институ­ционалдық реформасы шеңбе­рінде ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бо­йын­ша тағы бір жүйелі қадам болады деп есептейміз, – деді Бауыржан Байбек.

Әбілмансұр ЖАСАН