Базардағы Бағаны ұстап тұрудың амалы қандай?
Базардағы саудагерлер мұндай бағаны бұрын-соңды көрмегенін айтады. Мәселен, бір жылдың ішінде өсімдік майының бағасы 2 мың теңгеге қымбаттаған. Яғни, сауда орындарында 5 литр өсімдік майының құны – 4 200 теңге. Осылайша, елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 6,3 пайызға қымбаттаған. Мысалы, картоп 138%-ға, сәбіз 145%-ға, өсімдік майы 116%-ға, пияз 110%-ға, қант 109%-ға, қарақұмық бағасы 107%-ға көтерілген. 10 маусым күні өткен Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өсімнің себебін тәптіштеп түсіндірді. Ол мұның себебін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқару органдары жыл сайын қайталанатын құбылыспен тиісінше күреспегенінен іздейді. Мәселен, елімізде қазір тапшы картоптың 19 пайызы экспортталады. Өндіріс болса 1,9 млн тоннаны құрайды. Министрдің айтуынша, өткен жылы 360 мың тонна картоп экспортқа шығарылған. Одан бөлек, маусымаралық кезеңде картопты импорттау да мәселе тудырып отыр. Осы тұста былтыр баға неге мұнша қымбаттамағаны жайында сұрақ тұрар. Жауабы біреу – былтыр картоп экспортына тыйым салғаннан баға тұрақтанған. Ал биыл картопты төмен бағамен экспортқа шығарғаннан өнім қоры азайған. Олқылықтың орнын толтыру үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна картоп импортталған. Байқап қарасақ, импортталған тауар бағасы отандық өнімнен үш есе қымбат. «Жергілікті әкімдіктер ішкі нарықтағы картоп сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр. Тұрақтандыру қорлары да өнімнің жеткілікті қорын сатып алмаған. Сәбіз бойынша жағдай одан да күрделі. Өткен жылмен салыстырғанда өнім қоры 5,3 пайызға азайған», – дейді министр.Сонда бағаны тұрақтандыру қоры «жемқор» ма?
Шенеуніктер бұл жолы да өндіріс көлемін ұлғайтуға қарағанда қазына ақшасын жұмсауды таңдады. Айталық, бұған дейін күнделікті тұтынатын өнім бағасын тұрақтандыруға 32 млрд теңге бөлінген. Үкімет биыл да бағаны тұрақтандыру үшін арнайы қорларды толықтыруға субсидия көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бағаны тұрақтандыру 50 млрд теңгеге көтерілетінін, монополиямен күрес жұмысының жүріп жатқанын мәлімдеді. Шекті баға енгізу мен меморандумдар жасалып жатқанын хабарлады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін арнайы 24 көтерме тарату орталығын салу жоспарда бар екен. Ал экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, себепті елімізде өнімді қайта өңдейтін зауыттардың азынан іздеудің қажеті жоқ. Бұған себеп болатын жағдай жетерлік. Мысалы, азық-түлік бағасы қымбаттауының объективті және субъективті себебі бар. Негізгісі, өндіріп жатқан өнімнің, азық-түліктің өзіндік құнының көбеюі. Мәселен, нан не сүт өндірсек те, соған кететін материалдар, еңбекақы, коммуналды төлемдер бағасының өсуі себеп. Яғни, елімізде жыл сайын 6-7 пайыздық инфляция бар. Сол үшін азық-түлік бағасының 6-7 пайызға өсуі қалыпты жағдай. Екіншіден, кейде бағаның өзгеруіне маусымдық жағдай әсер етеді. «Әрбір облыстық әкімдіктерде осындай маусымаралық бағаның көтерілуіне жол бермеу үшін алдын алу қорлары бар. Яғни, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қорын жинауға бюджеттен ақша бөлінген. Бірақ біздегі қордың жұмысына көп жерде көңіл толмайды. Ашық айтар болсақ, жемқорлық, бас пайдасын халықтың мүддесінен жоғары қою бар. Сонымен қатар шетелде бағаның өсуі әсер етеді. Мәселен, бұған бензин, транспорт бағасы әсер етеді. Мысалы, өсімдік майы. Өнімді бізде де өндіреді, шетелден де алады. Ал өсімдік майының әлемдік бағасының өзі 40-50 пайызға өсіп кетті. Нәтижесінде, бізде де өсімдік майының бағасы өсті. Сондықтан мәселенің бәрі өнімді қайта өңдеу зауыттардың аздығында емес», – дейді экономист.Өсім жыл соңына дейін жалғаса ма?
Мәліметтерге сүйенсек, қымбаттаған тағамдардың қатарында көкөніс, ұн, сиыр еті, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы бар. Мамырда баға айтарлықтай өскен. Жалпы алғанда, тамақ өнімдері бір жылда 10 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, жыл соңына дейін картоп, сәбіз және басқа көкөніс пен жеміс бағасының өсімі өнім өндіру көлеміне байланысты. Бірақ сәбіз, картоп бағасы біраз төмендеп, тұрақтанады. Екіншіден, ет, сүт, жұмыртқа бағасы инфляция деңгейінде өседі. Ал өсімдік майы бағасы осы қалыпта тұрады.Егер бензин бағасын 5-9 % өссе, басқа бағалар да өседі. Айлық және зейнетақы қоры қаржысын қолдану өскен сайын барлық баға өседі. Тұрғын үй бағасымен қоса басқа бағалар өседі. Жоғарыда айтқанымыздай, Сауда және интеграция министрлігі азық-түліктің қымбаттауын қоймадағы қордың таусылуымен түсіндіреді. Олардың сөзінше, жақында оңтүстікте өскен өнімдер нарыққа шығып, баға барынша тұрақталады. Ал бұған көптің сенгісі жоқ. Өйткені жұрт инфляция көлемі артып, жағдай қиындай берсе, нан сатып ала алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Байқасаңыз, өткен жылы 80-90 теңгеге сатылған нан биыл 120 теңгеге бір-ақ көтерілді. Дүкен сөресіндегі батон нанның бағасы 200 теңге. Шынында да, баға, қайда барасың?Айзат АЙДАРҚЫЗЫ