Еуро-2020 кімге бұйырады?
Еуро-2020 кімге бұйырады?
158
оқылды

Жұмадан сенбіге ауған түнде әлем жұртшылығы асы­ға күткен футболдан – Биылғы Еуропа біріншілігі бұрынғыларынан әлдеқайда өзгеше болғалы тұр. Өйткені бірнеше елде, бірнеше стадионда футбол матчтары өтеді. Әдеттегі үздік құрамалар жүлдені өзара бөлісуі тиіс. Өйткені қазір Фран­цияға, Германияға, Англияға, Италияға қарсылас болатын командалар аз. Мүмкін Нидер­ланд пен Бельгия қарсыласып бағатын шығар. Байырғы жүйрік­терден қазіргі Испанияның ойын өрнегі көп күмән туғызады. Бірақ олар да қажет кезде жинала ала­тын ұжым. Ал енді орта топтан бас­қа құрама­лардың бәсекелес болатынына өз басым аса қатты сеніңкіремеймін. Солтүстік Ма­ке­донияның ойынында бір сер­піліс бар секілді көрінді. Бұл құрама Еуропа чемпионатына сақадай-сай десе де болады. Әри­не, көптеген құрама командалар өз алаңында ойнайды. Ол да әсер етуі мүмкін. Мысал үшін Ресей Петерборда Бельгияны қабыл­дайды. Бірақ өз басым, бұл тур­нирді футболға керемет жаңалық әкелетін чемпионат болады деп ойламаймын. Өйткені қазір көп бапкер қорғанысқа аса қатты көңіл бөледі. Қарымта шабуылды басты құралы етіп алған. Көбінесе қорғаушыларға күш түседі. Солар­дың ойын өрнегі біраз шаруаны шешеді. Біздің бала күнімізде, жас кезімізде футбол­дағы шешуші рөлді шабуылшылар атқаратын. Жартылай қорғау­шылар ойынды қолға алатын. Ал қазір кез келген футбол матчын көрсеңіз доп үнемі қорғаушыларда болады. Мұндай футболда кез келген команда ұпай алып кетуі мүмкін. Өйткені қорғаныс бәрін шешеді. Доп көбіне сол қорғаушы­ларда болады. Сондықтан бұл чем­пионатта таңдай қағарлық жар­қын ойындарды көре алмай­тын шығармыз.   Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист: – Еуропа чемпионатының басты фавориттері деп құрама­ларды үш топқа бөлдім. Біріншісі, қазіргі Әлем чемпионы Франция. Олар тек чемпион болғанынан ғана емес, құрамы жағынан да, күші жағынан да күшейе түспесе еш осал бола қойған жоқ. Сол кездегі құрамадағы жас ойыншы­лар одан бетер ширады, шеберлігі шыңдалды. Қазір олар сол 2018 жылдағы деңгейінен күшті бол­маса, кем емес. Алтын медальға таласта Франция сөзсіз алдыңғы сапта тұрады. Одан кейін тағы үш құраманы ерекше атап өткім келеді. Бельгия, Англия және Пор­тугалия. Бұл үш құрама да кейінгі жылдардағы турнирлерде жүлделі орындардан көрініп жүрді. Португалия бес жыл бұрын Еуропаның чемпионы болды. Бельгия мен Англия Әлем чем­пионатының жартылай финалына дейін барды. Бұлардың да құрама аса қатты өзгере қойған жоқ. Сапқа аздаған жаңа ойыншалар қо­сылды. Сондықтан аталған құрамалардың деңгейі өткен жыл­дармен салыстырғанда көп төмендей қойған жоқ. Одан кейін чемпион болудан дәмесі бар Германия, Хорватия және Италия құрамаларын атап өтуге болады. Бұл үштік те осал емес. Құрама­лардың құрамы да біраз өзгерді. Италия 2018 жылғы Әлем чем­пионатына бара алған жоқ. Одан кейін бапкер де ауысты. Ойын­шыларының да көбі өз­геріске ұшырады. Ал Германия 2018 жылы өте сәтсіз өнер көрсетті. Бапкер де, команданың құрамы да көп өзгермеді. Неміс­тердің топтан шығып, ширек фи­налға барғанымен ары қарай өтуі жеребеге байланысты. Хор­ватияны қосқан себебім құрама біраз өзгерді. Ардагер ойыншы­лардың көпшілігі құрамамен қош айтысты. Қатарға қосылған жас­тар­дың бәрі бірдей сол бұрынғы мықтылардың деңгейіне көтеріле алған жоқ. Бірақ жас футбол­шы­лардың мінез көрсететін, шебер­лігін танытатын мүмкіндіктері бар. Ал сенсация жасауы мүмкін ұжымдардың бірі деп Данияны ерекше атар едім.Польша да мықты құрама. Левандовский сияқты сұрмерген шабуылшысы бар команда кез келген құрамаға қиындық туғыза алады. Осы топқа Украинаны да қоса кеткен жөн. Олар іріктеу ойындарын жақсы өткізді. Бұл командада шешуші сәтте  жұмыла кететін ұйымшылдық, табандылық, жігер бар секілді көрінеді маған. Егер плей-офф сатысында фаворит­тердің біріне тап келіп қалмаса, бұл құрама да ширек финалға дейін баруы мүмкін.   Ермұхамед МCУЛЕН, спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:  – Менің ойымша, бұл Еуропа чемпионатының басты фавориті Бельгия құрамасы. Өйткені құрама сапында Лукаку, Бентеке, Батшуайи, Мертенс бастаған мықты ойыншылар бар. Қорға­нысы да мықты. Қақпадағы Тибо Куртуаның өзі бір төбе. Аталған турнирді «қызыл сойқандардың» жеңетін кезі келді. Бүгінде бұл құраманың алтын дәуірі өтіп жатыр десек те болады. Бір топ талантты футболшылар шоғыр­ланған үздік құрама. Өз басым Бельгияның чемпион болатынына сенемін. Турнирдің үздік сұрмер­гені болуға Лукаку да таласады деп ойлаймын. Биыл «Интер» сапын­да керемет өнер көрсетті. Маңыз­ды голдарды соқты. Ал Еуропа чем­пионатында тосынсый жасай­тын құрамалар туралы айтар бол­сам, олардың қатарында Солтүс­тік Маке­дония құрамасы мен Вен­грия ұжымы болуы әбден мүм­кін. Екі құраманың ойыны да, ойыншылары да бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Сонымен қатар Гарет Бейл бастаған Уэльс құрамасы да талайдың таңдайын қақтыра алатын құрамалардың қатарынан.   Мейрамбек ҒИМРАНОВ, футбол жанкүйері: – Бұл пікіріммен көпшілігі келіспеуі мүмкін. Бірақ өзімше болжам жасап көрейін. Турнирдің басты фавориттерінің бірі Ан­глия­ның құрамы мықты болғаны­мен ойыншылары арасында қатты байланыс жоқ. Бұл –командалық ойындағы ең бірінші ескерілетін жайт. Сондықтан олар әдеттегідей сол ширек финалдан қайтатын шығар. Басты  фово­риттерді көрсете кетейін. Олар Франция, Португалия, Бельгия, Нидерланд. Бұл қатарға Түркияны қосқым келеді. Нидерланд ван Дейксіз қор­ғаныста жақсы  ойнап үйренсе, Вейналдум мен Депайдың жұбы кез келген азулы қарсыласқа төтеп бере алады. Сенсацияны түрік бауырларымыздан күтемін. Бурак Йылмаз үздік сұрмер­гендердің қатарынан көрінсе таңғалмаймын. Ал турнирдегі ең мықты құрама – Португалия. Ондағы жігіттер еуропаның азулы клубтарында ойнайды және тәжірибелері баршылық. Ылғи сен тұр, мен атайындар жиналған. Бельгия  құрамасы өз-өздеріне проблема жасамаса, оларды да финалдан көріп қалуымыз әбден мүмкін.   Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, саясаттанушы, футбол жанкүйері: – Португалияның чемпион­дық атағын қорғауға төрт құбы­ласы тең деп ойлап отырмын. Құрамы мықты. Бапкері де бұрынғы дейді. Оған Роналдудың соңғы біріншілігі дегенді қосамыз ғой баяғы. Кеше ғана әлем чемпионы болған Францияның чемпион атану мүмкіндігін жоғары бағалап отырғандар көп. 1998 жылғы әлем кубогынан кейін өткен Еуропаның 2000 жылғы басты жүлдесін оңай алған олар. Сол сериялы чемпиондықтың белортасында бүгінгі бапкер Дешам жүрді. Өзім 21 жыл жақтасып келе жатқан Англия да үнемі фавориттер қатарында жүреді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді.  Спорт мамандары мен сарап­шыларының пікірі осындай. Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ