Жақында Мал азығы – маңызды мәселе
Биыл Маңғыстауда қуаңшылық болуына байланысты мал азығы маңызды мәселе болып тұр. Осыған байланысты мал басын сақтап қалу мақсатында облыста бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. «Биыл қыста қардың, көктемде жауын-шашынның болмауы шаруаларға қиынға соғып отыр. Осыған орай өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды. Жеке шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жақын орналасқан Ақтөбе облысымен келіссөздер жүргізілді. Оның ішінде мал азығын қажетті мөлшерде жеткізуге және облыс шаруашылықтарына жайылымдыққа, шабындыққа жер учаскелерін беру келісілді. Қазір бұл жұмыстарды бастап кеттік. Жергілікті бюджеттен мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Көрші облыстардан тиелген жем-шөп өңірдегі шаруаларға жеткізіліп жатыр», – деді С.Трұмов. Арнайы құрылған жұмыс тобы облыстың қазіргі жағдайымен танысып, жергілікті халықпен кездесті. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізу, Үкімет тарапынан қолдау көрсету қажеттігі бойынша ұсыныстар беріліп, жұмыстар жалғасуда. Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы 1700 тонна арзан бағада арпа алдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Маңғыстауда агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға басымдық беріліп келеді. Биыл ауыл шаруашылығында 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім үш пайыз болған. Осы жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы 8 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланды. Жақында облыста ірі құс фабрикасы жұмысын бастады. Бұл жоба жылына бес мың тонна құс етін өндіру арқылы өңірдің құс етіне деген қажеттілігін жартылай өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру мақсатында Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс тек құс фермасына қажетті жем шығарып қана қоймай, жергілікті мал шаруашылығы үшін де жем-шөп өндіреді деп жоспарланған.Жол сапасы мен тұрғын үй – басты назарда
Жол қатынасы – экономиканың басты өзегі. Облыста жол құрылысы назардан тыс қалған емес. 2021 жылы Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде тозығы жеткен «Құрық – Жетібай» автожолы күрделі жөндеуден өтіп, 69 шақырымы талапқа сай етіп қайта салынады. «Маңғыстау облысының туристік кластерін дамыту мақсатында Ақтау әуежайынан жылы жағажайға дейінгі 30 шақырымды қамтитын автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, биыл ауыл ішіндегі жолдарды жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы 3,1 млрд теңгеге 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы, бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінді», – деді С.Трұмов. Биыл облыста Үкіметтің қолдауымен төрт халықаралық әуе рейсі ашылды. Рейс «Ақтау – Үргеніш», «Ақтау – Горган», «Ақтау – Рас Эль Хайм» (БАӘ) және «Ақтау – Нүкіс» бағыттарында қатынайды. Ал тұрғын үй құрылысы бойынша Маңғыстау өңірі соңғы үш жылда республикада үздік үштік қатарында. Бес айдағы нәтиже бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 9,1%-ға өсіп, 55,5 млрд теңге болған. Жыл басынан бері 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 962 отбасы баспаналы болды. «Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 200 отбасыға тұрғын үй сертификаты беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 587 пәтер, оның ішінде 181-і көпбалалы отбасыларға табысталмақ. Ал Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында тұрғындарға Ақтаудан 100-ге жуық пәтер беріледі», – деді С.Трұмов.Туристер саны артып келеді
Маңғыстау еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың қатарына кіреді. Ақтауда жағажай туризмі, аудандарда эко-этнотуризм дамып келеді. «Былтыр өңірге 160 мыңнан астам турист келген. Былтыр теңіз жағалауында Rixos Water World Aktau туристік кешені іске қосылды. Бүгінге дейін бұл қонақ үйге 124 мыңнан астам адам демалуға келген», – деді облыс әкімі. Қонақ үйдің ашылуы өңірдің алты жүзден астам тұрғынына жұмыс ұсынды. Бірнеше жергілікті тауар өндірушілер және қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасалды. Бұл келісім облыстағы шағын және орта кәсіп иелерінің жұмысының жандануына септігін тигізіп отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда. Курорттық аймақты дамытудың екінші кезеңінде бірқатар ірі компаниялар жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық саябағының құрылысын жүргізіп жатыр. «Биыл туристер санын 200 мыңға жеткізіп, 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобаларға 180 млрд теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 1 600-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын бастады. Мұның барлығы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келеді», – деді С.Трұмов.Ауызсу мәселесі қалай шешіледі?
Маңғыстау облысының әкімі өңірде ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Облыс басшысының айтуынша, аймақ үшін өте маңызды мәселе – ауызсумен қамту. Маңғыстау облысы «Қиғаш-Маңғыстау» су құбыры және теңіз суын тұщыту арқылы ғана сумен қамтамасыз етіледі. Себебі табиғи жерасты су көздері аз. Өңірде су тапшылығы негізінен жаз айларында болады. Қазір Ақтау қаласындағы ауызсуға байланысты мәселе «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның уақытша жөндеу жұмыстарына жабылуы салдарынан туындады. Жөндеу жұмыстары алдағы күндері аяқталады. «Өңірдегі ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Зауыт қуаттылығын арттыру жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар», – деді С.Трұмов. Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қаласын сумен қамту үшін су өндіретін қондырғы салу көзделіп отыр. «Ал елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтуды биыл 96,2 пайызға жеткіземіз. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылып, Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбырлары тартылады», – деді Серікбай Трұмов. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Маңғыстау облысында ауқымды істер атқарылып жатыр. Айтулы мерекеге орай Маңғыстауда «Ел игілігі үшін!» жобасы бастау алды. «Еліміздің қастерлі мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспарына маңызды 153 тармақ енгізілді. Мерейтойлық жыл аясында 27 өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысанды халық игілігіне тапсыру, түрлі форматтағы 126 іс-шараны өткізу жоспарланып отыр», – деді ол. Жыл басынан бері облыс тұрғындары үшін ауылдарда спорт кешендері, саябақтар ашылып, субұрқақтар іске қосылды. Ақтауда Тұңғыш Президент саябағының құрылысы басталды. Сонымен қатар Ақтауда көпқабатты үйлердің сыртына елге еңбегі сіңген қайраткерлерді ұлықтап, жастарға үлгі ету мақсатында муралдар салынып жатыр. Бүгінде Әбіш Кекілбайұлы, Хиуаз Доспанова, Есенғали Раушанов, Мәншүк Мәметова муралдары көптің көзайымына айналып үлгерді.Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы