«Жекешелендіру салдары – жұмыссыздық
Жалпы, қазір Қазақстанда 6 322 ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл ретте урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі төмендеп кеткен. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға қарай ел халқының жалпы саны 20 миллионға жетеді деп болжап отыр. Бірақ ауыл халқының саны іс жүзінде қазіргі 41 пайыздан 38 пайызға дейін құлдырайтын көрінеді. «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 8 және 11-бабының 3-тармағына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елді мекендерді «болашағы жоқ» деп танып, шетінен тарату жұмысын жалғастыра түспек. Бұл – ұлан-байтақ жеріміздің көп бөлігі тусыраған қу мекенге айналады деген сөз. Айта кетсек, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Соған орай Үкімет «еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» деген желеумен экономикалық даму әлеуеті төмен ауыл тұрғындарын облыстық, аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіруді көздеп отыр. Себебі кезінде дүркіреп тұрған шалғайдағы ауылдарда қазір тіршілік нышаны байқалмайды. Көбінде клуб, балабақша, дүкен, медициналық пункттің қаңыраған қабырғалары мен төбешік орны ғана қалған. Ал тұрғындарға керегі жол мен жұмыс десек, ауылды ұстап тұрған жалғыз мектептен басқа екі қолға бір күрек болар басқа нысан да жоқ. Онсыз да қазір «болашағы жоқ» деп танылған елді мекендерде оқушыдан мұғалім көп. Сондай-ақ Кеңес Үкіметі кезінде өрісінде мыңғырған төрт түлігі өрген өңірлерде «тышқақ лақ» бағатын жастардың қалмағаны әмбеге аян. Мысалы, бүгінде еліміздегі аграрлық салаға 2 500 маман жетіспейді екен. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған 5 мың жастың дені шалғайдағы инфрақұрылымы жоқ ауылда жұмыс істеуге құмбыл емес. Одан гөрі қала, аудан орталықтарының интернетін игеріп, малдың жайылымын үйде дронмен қадағалап отырғанды құп көреді. Ұлттық экономика министрлігі болса, ең алдымен ауылдың жұмыс орны емес, демографиялық жағдайы есепке алынатынын алға тартты. «Бұған дейін тұрғындардың бонитет балы да жоғары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары да бар ауылды тастап көшкен талай мысалы болды. Ондай ауылдарға көп қаржы жұмсаудың қажеті қанша? Сондықтан ең басты көрсеткіш – демография!» деген болатын экс-министр Руслан Дәленов былтырғы Үкімет отырысында. Ал журналист, блогер Өркен Кенжебектің айтуынша, қазақтың арман қуып қалаға ауысуы тек қана мүмкіндік емес, қатер. «Әлеуметтік және саяси қауіп-қатер. Себебі қалаға келген қазақтың әлеуметтік мүмкіндіктері шектеулі. Көбін күтіп тұрған жұмыс жоқ, қара жұмысқа салынады. Ал оның ақысы аз, пәтер жалдауға жетпейді. Осындай күйбең. Перспектива көрмеген соң ашынады. Сондықтан мұны түбіне түсіп, зерделеу керек», – дейді ол. Демек, ауыл жерлері бұлай жыл сайын бос қала берсе, қалалардың мәселесі де ушыға түсетіні сөзсіз. Өйткені ішкі нарықтың басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз етіп, экспортқа да елеулі үлес қосып отырған мекендердің бәрінің болашағы бар. Өрісі кең өңірлер картасына кейінгі 20 жылда «болашағы жоқ» деген қара таңба салып қоюдың өзі қисынсыз.Тағы талай мекенді құртпақпыз
Сонымен, «болашағы жоқ ауылдардың» басым көпшілігі Қызылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында болып тұр. 2012-2019 жылдар аралығында сондай 500-ге жуық ауыл жойылған. Ал қазір ауылдың 3 477-сі ғана «келешекте даму әлеуеті бар» деп танылса, қалған 2761-і 1 миллионға жуық тұрғындарының аузындағы тәтті естелік болып қала бермек. Дерекке сүйенсек, соңғы 5 жылда СҚО-да 635 ауылдың 38-і жойылды. Ал 2000 жылдан бері өңірде 118 ауыл иесіз қалған. Биыл тағы 112-сі есептен шығарылу алдында тұр. Тіпті, жалғыз тұрғыны қалған 3 ауыл бар. [caption id="attachment_145237" align="alignnone" width="1193"]Мектеп құны – 1 теңге!
«Мектеп» демекші, соңғы 5 жылда Қазақстан ауылдарында 260-тан астам мектеп жабылған. Ол туралы «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов айтты. Ал соңғы 20 жылда жоғарыда аталған СҚО-да 302 мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар саны 8 мыңға азайған. Енді мектеп ғимараттары аукционға қойылып, 1 теңгеге сатылып жатыр. Иә, 1 теңгеге! Өйткені ол жерлерде оқитын ешкім жоқ. Жергілікті өзге ұлт өкілдері жаппай тарихи Отанына, қазақ жастары қалаға қоныс аударып, ауылда тек қарттар қалған. Сонымен, СҚО Жамбыл ауданына қарасты Үлгі ауылында қазір 18 адам ғана тұрады. Осыдан 10 жыл бұрын 235 тұрғыны болса, тұрмысы тәуір жылдары ондағы халық саны 400 адамнан асқан. Ауыл мектебін бағалаушылар ең қарапайым стандарттар бойынша есептегенде, кем дегенде 3,7 миллион теңге болады деп шешкен. Бірақ биліктің берекесіздігі салдарынан шошайып жалғыз қалған ғимаратты жұрт неғылсын?! Енді сарапшылар «аукцион шарты бойынша сауда-саттық тым төмендеген жағдайда мектепті 1 теңгеге сатып алуға болады» деген ұйғарымға келіп отыр. Соның өзінде 1 теңгесін қиятын ешкім табылмады. Сол ауданға қарасты 372 адамнан 13-і ғана қалған Рождественка ауылында да екі қабатты, ауданы 1 264 шаршы метр үлкен мектеп сатылымға шығарылды. Оның да сметалық құны 9,4 миллион теңге болғанмен, ең төмені 1 теңгеге бағаланды. Сонымен қатар 20 жыл бұрын 260 тұрғыны болып, 2018 жылы жойылған Ақбалық ауылындағы аумағы 562 шаршы метр мектептің бастапқы бағасы – 1,7 миллион теңге. Ал Есіл ауданының Новоузенка ауылында аумағы 3 327 шаршы метр болатын үш қабатты мектептің сметалық құны – 27,2 миллион теңге. Ол мектеп салынған 1983 жылы ауылда 950 адам болса, қазір 30 тұрғыны қалған. Қысқасы, бұл екі мектеп те 1 теңгеге өтпей жатыр. Облыс басшылығының мәліметінше, түрлі этнос өкілдері өңірден тарихи Отанына жылына 10-15 мың адамға дейін көшіп кеткен. «Мектептердің есігіне құлып салынды. Ауылдар да жабылып жатыр. Қазір облыста 300-ден астам болашағы бар ауыл қалған», – дейді СҚО әкімдігі.Еркеғали БЕЙСЕН